8.12.2016, 17:15
Оқылды: 41

«Мемлекеттік тілдің қоғамды топтастырушы рөлін нығайта түсуіміз керек»

Мемлекеттік тілге азаматтық қоғам тарапынан қандай қолдау көрсетілуде? Азаматтық қоғамның тіл саясатын жүргізудегі белсенділігі қандай? Осы сауалдарды талқылау және тіл саясатын жүргізудегі қалыптасқан жағдайды сараптау, бұл саладағы   өзекті мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық ұсыныс-пікірлерді ортаға салу және келешекке нақты жұмыс жоспарын құру мақсатында Орал қалалық әкімдігі мен облыстық және қалалық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және азаматтық қоғам» атты дөңгелек үстел өтті.

«Тіл саясатын жүргізуде қоғамның белсенді қолдауынсыз оң нәтижелерге жетудің мүмкін еместігін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да қоғамға ой салып, бұл бағытта тың бастамалар мен қозғалысты дамыту – біздің жұмысымыздағы  басты міндетіміз», - деді баяндамасында облыстық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты А.Абдулманов. Ол сонымен қатар тіл саясатын жүргізуде шеберлік пен сақтықтың қажет екендігін, ойланбай жүргізген жұмыстың адамдардың ұлттық намысын жаралауға әкеліп соғатынын, ал бұның өзі әлеуметтік наразылық тудыратынын атап өтті. – «Ең бастысы, мемлекеттік тілдің қоғамды топтастырушылық рөлін нығайта түсуіміз керек», - деді ол.

Дөңгелек үстелде сөйлеген Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Сабыр қоғамдағы тіл мәдениеті және оны қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, мемлекеттік тілдің БАҚ-тардағы қолданылуы төңірегінде ой өрбітті. Әсіресе, ол мыңдаған көрермендері бар теледидардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы және  тіл тазалығын сақтаудағы роліне баса тоқталды. Баяндамашы соңғы кездері етек алған ток-шоу бағдарламаларын тіл шеберлігі төмен, журналист емес мамандардың жүргізуі жиілеп бара жатқанына қынжылыс білдірді.

Дөңгелек үстел айналасындағы отырыста бірқатар салмақты ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның ішінде ең өзектілеріне тоқталсақ, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен азаматтардың тіл саясатына қатысты ұсыныс-тілектерін қабылдайтын орталық құру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру мақсатында белгілі тұлғаларды тарту, сондай-ақ тұрғындар арасында  жиі сауалнама жүргізіп отыру және оның нәтижелерін жұмыс барысында пайдалану, мемлекеттік органдар мен БАҚ-тар арасында әріптестік байланысты нығайту, сол арқылы қоғамдағы сұранысты бағамдау, қала көшелеріндегі жарнамалардың сауаттылығына қатаң көңіл бөлу, қала көшелеріне жаңадан есімдері берілген тұлғалар туралы ақпаратты кеңінен жария ету тәрізді мәселелер бойынша көпшіліктің пікірлері бір жерден шықты.

Г.К.Саркулова,

облыстық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале