13.07.2018, 17:27
Оқылды: 22

Мемтапсырыстың  ашықтығы  арта  түспек

Alia GalymovaҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова жұмыс сапарымен өңірімізде болды.


Облыс әкімдігінде комитет төрайымының қатысуымен өткен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері бас қосты.

Кездесуде сөз алған Әлия Қайратқызы мемлекетпен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарларын және осы саладағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы айтып өтті. Сондай-ақ комитет төрайымы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыру, оларды іске асыру бағытындағы атқарылар жұмыстарға, қайта құрылған министрліктің алға қойған міндеттері мен мақсаттарына тоқталды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 13 маусымында Мемлекет басшысы «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін және ашықтығын арттыруға бағытталған. Заңда мақсатты топтардың, ҮЕҰ ұсыныстары бойынша сұраныстарды зерттеу және талдау негізінде мемлекеттік сатып алуды қалыптастыру үдерісіне бірыңғай көзқарастар келтірілген. Сондай-ақ азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарға өздерінің ұсыныстарын тиісті мемлекеттік құрылымдарға ұсыну арқылы бұл процеске белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу стандарттары енгізілді, бұл жобаның әлеуметтік әсерін арттырады. Мемлекеттік сатып алулардың нәтижелерін бағалау жүргізілді, бұл жобаның тиімділігін және халықтың қызметтер сапасымен қанағаттану дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.

Жиында жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Айтылған түйткілдердің ішінде ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыру, қоғамдық кеңес құрамдарын қайта қарастыру, оның құрамындағы мемлекеттік құрылым өкілдерінің санын азайтып, азаматтық қоғам өкілдерінің үлесін көбейту туралы мәселелер бар.

Әлия Қайратқызы айтылған ұсыныстардың орынды екендігін, осы түйткілдерді шешу жолында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ комитет төрайымы өңірлік «Рухани жаңғыру» кеңсесінде болып, жұмыс барысымен танысты.

         zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале