8.05.2020, 20:30
Оқылды: 79

«Мен білетін Зейноллалардың бәрі мықты»

e387652d-76a6-4d63-a756-651912876fdd

Қазақстандағы ең байырғы оқу орны – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті. Білімнің қара шаңырағында академик Қ.Жұмалиев негізін қалаған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бар. Бұл салада еңбек еткен қазақтың мықтыларының бәрін санамалап өту мүмкін емес. Соның ішінде кешегі өткен С.Ақмурзин, Ғ.Әбуханов, М.Тілеужанов, Қ.Мырзағалиев, С.Шарабасов, О.Бүркітов секілді нар тұлғалы ағалар жүрген даңғылмен жүріп, еңбекпен есейіп, ғылыммен көркейіп, өзіндік дара жолын қалыптастырған Зейнолла Мүтиев туралы айтпақпын. Профессор С.Шарабасов әңгіме арасында «Мен білетін Зейноллалардың бәрі мықты» деп қазақ руханиятындағы өзіндік орны бар жазушы, сыншы, ғалымдардың бәрін санамалап өтіп, мына біздің «Жезмұртта мықты» деп, осы Зекеңнің арқасынан қағатын. Зейнолла да аға үмітін ақтады деп ойлаймыз.

...2002 жылы белгілі ғалым, әдіскер маман, профессор Қ.Мырзағалиев ағамыз қайтыс болды. Оқу жылының ортасында арыстай ағамыздың орны ойсырап қалды, дәріс үзілді. Ұстаздың орнын басып, «Қазақ әдебиеті әдістемесі» пәнінен дәріс оқитын маман жоқ екен. Сол кезде факультет деканы С.Шарабасов кафедра мүшелерімен ақылдаса келіп, С.Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде қызмет жасап жүрген республикаға танымал мұғалім, ғылым кандидаты З.Мүтиевті университетке шақырды. Орта мектептің ыстық-суығына шыңдалып келген тәжірибелі мұғалім жоғары оқу орнын жатсынбастан, ұжымға тез сіңіп, ғалым, ұстаз ретінде өзін-өзі дәлелдеді. Жоғары оқу орны ұстазының жастарға берер білім мен тәрбиесінен басқа өзекті мәселесі – ғылыммен айналысу. Педагогтік жұмыспен ғылымды қатар алып жүру оңай шаруа емес. Бұл жолда талайлардың өкпесі өшіп, ғылыми мақалаға қаламы кібіртіктеп қалатыны бар.

Screenshot_2020-05-08-20-04-35-1

Зекеңнің дара жолы Батыс Алашорданың орталығы Жымпиты елімен тығыз байланысты. Жарық дүниеге көрінді, өсті, есейді осы киелі топырақта. Білім алып, институт бітіріп, еңбек жолын ауыл мұғалімі ретінде бастады. Зекеңнің өміріндегі елеулі кезең Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде он жылдай (1993-2003) мұғалім болып еңбек етуі. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген педагогикалық қағидаларды ұстанған біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы бір есею жылдары мұғалімдікпен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Ұлы Абай отыз сегізінші қара сөзінде «Адамның ғылымы, білімі, хақиқатқа, растыққа құмарлық болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады» дейді. Осы білмекке құмарлық Зекеңді үлкен ғылым жолына әкелді.

2000 жылы қазақтың аяулы азаматы, профессор Серік Мақпырұлының жетекшілігімен «Фариза Оңғарсынованың лирикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Академик Серік Қирабаев ресми оппонет болып, оң бағасын берді.

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Ф. Оңғарсынованың шығармашылығы – тұтас күрделі әлем. Қазақ өлеңі өрісін Фариза шығармашылығынсыз бағамдау мүмкін емес. Фариза лирикасының тек-тамырын зерттеу үшін ақынның лирикалық кейіпкерлерімен сырласу, олардың жанын түсіну, тақырып кеңістігін ашу, ақын лирикасының қайнар көзі әйелдер әлемін, әйел психологиясын зерделеу – қиын іс. Бұл салада Зекең өзіндік тұжырымдар ұсынды. Қазақ әдебиетінде «Фариза мінез» деген ұғым бар. Ақынның мінезі өлеңінде көрінеді. Ол – батыр, ол – батыл, ол – асқақ, асау, ол – қиып түсер алдаспан. Осындай жанның поэзиясын түсіну үшін өзіңде мінезді болу керексің. Бұл тығырықтан Зейнолла еңбек ерлігімен шыға білді. Фариза ақын кітабына «Зейнолла! Айнам, рахмет, ризамын!», – деп қолтаңба берді.

З.Мүтиевтің «Қазақ лирикасының даму сипаты мен зерттелу тарихы (ХХ ғ. және ХХІ ғ. басы)» атты монографиясы да іргелі еңбек. Қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған маңызды дүние.

Қазақ руханиятында «әкелер ісіне адалдық, ұрпақ сабақтастығы, ат тұяғын тай басар» деген ұлттың тарихын жадында сақталған ұғым бар. Ұстазы Қ.Мырзағалиевтың дәрісін жалғастырған Зекеңде бұл сертке адалдығын көрсете білді, оның ғылыми шығармашылығын саралап, бірнеше мақала жазды. Ғалым «Тәуелсіз еліміздің жаңарған оқулығын жазуда да Қалимолла Жұмағалиұлының қомақты үлесі бар... Ол қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты» деп баға берді. Өзі де аға ғалымның ісін жалғастырып, әдіскер ұстаз ретінде еңбек етуде. Бүгінде жоғары оқу орны студенттеріне арналған бірнеше оқу құралының авторы. Екі кітаптан тұратын «Қазақ лирикасын зерттеушілер» атты оқу-әдістемелік құралы (2011) әдебиеттанушы жастар үшін таптырмас құнды дүние. Мұнда қазақ лирикасының зерттелу тарихы, өткені мен бүгіні кеңінен сөз болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ қауымы көптен күтіп жүрген құнды мәселелер айтылды. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа сипатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу» деп атап көрсетті. Ұлттық код неге сүйенеді деген сұрақ туындайды. Сөз жоқ, ұлттық кодтың басты тірегі тіл, әдебиет, тарих, ұлттық мәдениет, ата-баба дәстүрі. Уықты басқұр сақтаса, ұлтты дәстүр сақтаған. Бұлар қазақ қауымын әлемдік басқа ұлттардан ажыратып, өзіндік бет-бейнесі бар ұлт екенімізді көрсетіп тұрған негізі атрибуттар. Осылар әлсіресе, бұзылса, сақталмаса, зерттелмесе ұлттық бейнеміз де бұлдырай бастайды. Дәстүр, тарих әдебиеттің қойнауында сақталады, өрбиді. Әдебиеттану, жас ұрпаққа әдебиетті таныту – рухани жаңғырудың өзегі. Бұл бағытта З.Мүтиев жоспарлы түрде біршама іс тындырды. Атап айтсақ, Р.Ашимовамен бірлесе жазған «Сатыбалды Даумовтың лирикасы» (2018), А.Рахметовамен бірге жазған «Айтқали Нәріковтің лирикасы» кітаптары салмақты дүниелер. Профессор С.Шарабасовтың әр жылдардағы ғылыми зерттеу еңбектерін жинап, шығарған «Көкжиек», «Ойтолғақ» кітаптары да аға ұрпақтың алдындағы парыз бен қарызды өтеудің көрсеткіші.

З.Мүтиевтің ғылыми педагогикалық еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше дүркін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР-ның ғылым дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. 2013 жылы Білім беру мен қазақ лингвистикасының дамуына қосқан үлгілі кәсіби қызметі үшін Еуропаның Ғылым- өндірістік палатасының «Алтын медалін» және дипломын иеленді (Мәскеу). Ғылыми-педагогикалық жұмысының нәтижесі бойынша ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2012) грантының иегері атанды. 2013 жылы (15 сәуір - 04 мамыр) Түркияның Ардахан университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, дәріс оқыды.

Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін З. Мүтиев 2018 жылы (қаңтар) ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды. Бүгінде «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы)» деп аталатын жоба бойынша жұмыстануда. 2018 жылы осы аттас монографиясы мен хрестоматиясы да жарық көрді. Әдеби өлкетануды меңгеру «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық құндылықтарды игеруге жол ашады. Әдеби-аймақтық зерттеулер – білім алушылардың санасын қалыптастыруда ең бай рухани мүмкіндіктерге ие. Бұл кітапта өлкемізден шыққан ақын-жазушылар шығармашылығы зерттеліп, құнды пікірлер берілген. Мәселен, «Ақын А.Бақтыгереева туындыларының тақырыптық-идеялық ауқымы қаншалықты ауыр салмақты көрінсе, құрылымдық-өрнектік тұрғыдан да бай, қуатты көрінеді» немесе «Қасиетті қаламның қуаты арқылы қара сөздің қайталанбас үлгісін танытқан, ұлттық характер, кесекті образ сомдау арқылы прозаға батыл үнмен өзіндік өрнегін салған М.Есламғалиев мұралары әдебиет әлемінен елеулі орын алады» деген сияқты тұжырымдары ғылыми дәйекті, терең зерттеудің нәтижесі.

«Бақшадай жігіт адам көркейеді, ғылыммен сөз сөйлесе бал секілді» деп дана жыраулар айтқандай, 60-тың асуына көтеріліп отырған Зекеңе ғылымың көбейсін, көркейе берсін демекпіз.

 

 

Мұрат Сабыр, 

филология ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале