5.04.2019, 21:24
Оқылды: 84

Мердігерлерге құрылыс сапасы қатаң тапсырылды

Бүгін облыс әкімідігінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен облыстық пен қала жолдары құрылысы мәселесі талқыланды. 

Premer-Ministr-v-ZKO-e1533134109538 

Жол жөндеуші мердігерлермен кездесу барысында алдымен биылға жоспарланған облыстық маңызы бар жолдардың құрылысы сөз болды. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаевтың баяндауынша, республикалық маңызы бар жолдардың құрылысына 7,6 млрд. теңге қарастырылған. Оған 157 шақырым жол жөнделеді. Құрылыс өткен жыл басталған «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – Ресей Федерациясы» бағытындағы автожолдың 7 шақырымына күрделі жөндеу жалғасады. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу пунктін жайландыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Самара – Шымкент» бағытындағы күре жолдың 137 шақырымын жөндеу жоспарланған.

Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, мемсараптамадан өткен. Енді жол салушы компанияны анықтайтын конкурстар өткізілуде.

«Мердігерлер мамыр айының аяғына дейін анықталып бітсе, жаз шығысымен жол салу басталады. Бұл - Елбасы тапсырмасы. Осы жолдардың құрылысын үш аудан халқы күтіп отыр. Жолдың бастапқы құрылысына 3 млрд. теңге бөлінген. Уақтылы бастау қажет», - деді облыс әкімі.

Биыл «Подстепный – Федоровка – РФ» бағытындағы автожолды (0-144 шақырым) қайта құру (реконструкция) жұмыстары басталады. Қазір жолдың жобалық құжаттамасы жасалуда. Сондай-ақ биыл жергілікті маңызы бар автожолдардың құрылысына 13,3 млрд. теңге қаралған. Биыл бұл қаржыға 150,4 шақырым жол жөнделеді. Ал өткен жылы 77 шақырым жол жөнделген. Сонымен биылғы жол құрылысы жұмыстарының нәтижесімен облыстық және аудандардағы автожолдардың 30 пайызының сапасын жақсартуға қол жеткізу жоспарланып отыр.

Жиын барысында облыс әкімі қаладағы мұнай базасы ауданындағы көпір құрылысы жұмысының барысы жөнінде сұрап білді. Мердігер «Қазстрой ЛТД» ЖШС-ның өкілі нысанда 20 техника, 70 шақты құрылысшы құрылыс жұмыстарына жұмылғанын айтты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 18 пайызға орындалған.

«Ең бастысы жұмысты белсенді жүргізу керек. Техника қауіпсіздігі, жұмысшылардың жалақысы уақытында беріліп, құрылыс жұмысы сапалы әрі уақтылы орыналуы тиіс», - деді Алтай Көлгінов.

Одан кейіін қала әкімі Мұрат Мұқаев қала көшелері жолдарын жөндеу жоспары жайында баяндады. Соңғы екі жылдың ішінде 117 көшенің 130 шақырым автожолы жөнделіп, 15,6 млрд. теңге игерілген. Биыл бюджетті бастапқы бекітумен 40 шақырымдық 31 көше жолы жөнделеді. Бұл мақсатқа 5,5 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде жөндеу жұмыстары «ҚПО. б.в.» компаниясы есебінен жүргізілетін үш көшеге, яғни Ә.Молдағұлова, Х.Есенжанов көшелері және қала шекарасынан Бәйтерек ауданындағы Белес ауылы бағытындағы жолдарға мердігер анықталуда.

-Жамбыл көшесі жолына орташа жөндеу (Айталиев көшесінен Ружейников көшесіне дейін, құны 470 млн теңге), Елизаров көшесі жолына (Нұрпейісов көшесінен Жайық көшесіне дейін, 119 млн. теңге), Аманжолов (Сарайшықтан Пугачев көшесіне дейін, құны 374 млн. теңге), Жүнісов (Т.Масиннен Пугачев көшесіне дейін, 285 млн. теңге) көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу көзделген. Ескі қала аумағындағы бұл көше жолдарын жөндеу Н.Назарбаев даңғылына түсетін жүктемені азайтып, келешекте жаяу жүргіншілер жолын кеңейтуге септігін тигізеді, - деді қала әкімі. Сондай-ақ биыл Желаев өндірістік аймағына кіре беріс жолды күрделі жөндеу, Деркөл кентіндегі ПДП-2 аумағындағы кварталішілік жолдар мен су өткізгіш арықтар құрылысы жоспарланған. ПДП-2 шағын ауданындағы 48 көшенің тек қоғамдық көліктер қатынайтын көше жолдарын салу көзделуде. Сондай-ақ Светлая көшесінің автожолын (Согласия көшесінен Алаш көшесіне дейін) реконструкциялау жұмыстары басталады. Бұл жол Теплый елді мекені жағынан Самара облысына шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылысы былтыр басталған көше жолдарының құрылысы биыл жалғасады. Оның ішінде Балауса шағын ауданындағы бес көше жолы бар.

-Алдағы аптадан бастап күн райы жақсы болады. Көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын бастау керек. Бұрын күннің суықтығын сылтау еткендер болды. Енді ешқандай сынық сылтау қабылданбайды, - деп ескерткен облыс әкімі мердігердің құрылыс жұмыстарын бастауға дайындығын пысықтап, әрқайсысын орнынан тұрғызды.

Жиын барысында мердігерлерге жұмыс сапасына басты мән-маңыз беру жағы қатты ескертілді. Облыс әкімі қаланың Еуразия көшесінен Айтиев көшесіне оң бұрылысындағы жол ақауын өз есебінен жөндеуді «Бірлік» компаниясынан талап етті. "Шолохов, Сырым Датов көше жолдарына көлік ағыны жүгі көп түседі. Осы көше жолдарын жөндегенде көлік ағылатын кезде емес, жұртқа қолайсыздық тудырмайтын уақытты таңдаңыздар", - деді А. Көлгінов.

-Мемлекет сіздерге жағдай жасап отыр. Ешқандай кедергі жоқ. Еңбек етіңіздер, табыс табыңыздар, бірақ жұмысты сапалы атқарыңыздар. Тегін жасамайсыздар ғой. Құрылыс жұмыстарына жеті жылға кепілдік беріледі. Бізде жақсы жұмыс істейтін де, жұмысына салғырт қарайтындар да бар. Түптің түбінде нарықта жақсы жұмыс істейтіндер қалады. Мемлекетпен ойнамаңыздар, - деп ескертті облыс әкімі.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале