30.04.2017, 13:48
Оқылды: 76

Қалалық жүгіруге 800 тұрғын қатысты

Аким 011  1 мамыр - Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесіне орай Орал қаласының тұрғындары көпшілік жүгіруге қатысты. Шаған жағалауындағы батырлар ескерткіші қойылған алаңнан басталған қалалық марафон П. Атоян атындағы стадион алдында аяқталды.


  - Орал қаласында спортпен айналысатын тұрғындар көбеюде. Елбасы биылғы Жолдауында жəне "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында əр адам заман талабына сай өзгеріске бейімделіп, денсаулығын күту үшін шынықса, бірлігі бекем, бəсекеге қабілетті ұлт болатынымызды айтты. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Тəуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Елбасы тапсырмасына сəйкес облыс орталығында оқушылар жəне жастар сарайы салынды. Биыл Орал қаласындағы 15-тен астам көпқабатты үйдің ауласына спорт алаңын саламыз. Келесі жылы да бұл жұмыс жалғасады. Былтыр Рио олимпиадасында жерлестеріміз жүлде алды. Алдағы уақытта байрақты бəсекелерде ел намысын қорғайтын жеңімпаздар жастар арасынан көптеп шығатынына сенімдімін, - деді спорттық шараға қатысқан облыс əкімі Алтай Көлгінов.

  Кейін спорт ардагері София Шаймарданова Астана қаласында өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне батысқазақстандық жастардың көптеп жолдама алып жатқанына ризалығын білдірді. "Себебі біздің өңірде спортқа бейім, денсаулығы мықты, зерек буын қалыптасуда. Барлық үмітіміз - сіздерде. Шынығыңыздар, спортпен тұрақты айналысыңыздар. Спорт - əдемілік. Спорт - күш. Əлемдік жарыстарда көк Туымызды желбірететін сіздерсіздер", - деді София Шаймарданова.

123

  Салтанатты шарада қалалық жүгіруге қатысқандар арасында ұтыс ойнатылды. Бағы жанғандар шаһардағы спорт клубтары мен дене шынықтыру нысандарына тегін жолдама алды. Лотерея нөмірін таңдау құрметі облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Əсия Аманбаеваға, Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиевке, спорт ардагері София Шаймардановаға берілді. "Қалалық марафонға қатысқаныма қуаныштымын. 1085 - мен үшін сəтті нөмір болды. Облыстық теннис орталығына баруыма тегіне куəлік берілді. Негізінен, футболмен айналысқанды ұнатамын", - деді Орал қалалық 10-мектептің оқушысы Ернар Төлеуов. Атап өтейік, қалалық марафонға қатысқан 800-ге тарта тұрғын екі шақырым қашықтыққа жүгірді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале