6.06.2017, 17:22
Оқылды: 49

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заң 1 шілдеден күшіне енеді

Бүгін ҚР Орталық коммуникациялар  қызметінің облыстық филиалы алаңында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидің қатысуымен міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін түсіндіруге арналған брифинг өтті.


Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылмақ. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Ал қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға аударылып отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сәйкес тұрғындарға медициналық көмектің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – республикалық бюджет қаржыландыратын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет.  Мұнда жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік-шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және жоғары технологиялық көмек кіреді.

- Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы бас­ты мәселе. Сондықтан медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтанған адам  мемлекеттік және жеке клиникаларда медициналық көмекті тегін ала алады. Сондай-ақ мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дәрілік заттарды еліміздің кез келген ауруханасынан ақысыз алуға мүмкіндігі болады. Өйткені медициналық  шығын түрлерін МӘМС жүйесінің қоры төлейді. Қор медициналық ұйымдарды іріктейді және қызмет сапасын қадағалайды. Сондықтан әр клиника білікті медициналық көмек көрсетуге тырысады.  Елімізде 1 шілдеден бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заң күшіне енеді. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале