27.07.2017, 17:33
Оқылды: 20

Министрге ұсыныстарын айтты

20427734_718382608359826_487369953_nСәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесті.


Нақтырақ айтсақ, бұл жиынға аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері және жаңа инвестициялық жобалардың басшылары қатысты. Кездесу барысында еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалып, жергілікті сала мамандары көтерген түйткілді мәселелер талқыланды.

20403534_718381658359921_466661985_n  Атап айтар болсақ, жергілікті сала мамандары тарапынан қазақтың ақ бас сиырының санын көбейту және малдың генетикалық сараптамасын (экпертизасын) аккредиттелген зертханаларда жасау керектігі жөнінде ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, «Белес-Агро» компаниялар тобының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев бір кездері түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатқан «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның жұмысын инвестиция салу арқылы жандандырғанын айтып, зауыт жұмысын одан әрі жетілдіруге қосымша қаражат табудың қиындап тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, «ҚазАгроқаржы» АҚ өкілдері  кепілзат құнының тек 30 пайызын ғана береді.  Ол, сондай-ақ, нақты мысалдар келтіру арқылы инвестсубсидия мен қайтарым мәселесін де (инвествозмещение) көтерді. Оның сөзін мақұлдаған «Ақас-Агрофирма» ЖШС жетекшісі Қатауолла Ашығалиев мал суарылымы жөніндегі түйткілді мәселелер жөнінде баяндаса, Валерий Голоухов ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін  жеткізу қызметін қалыптастыру жөніндегі пікірін жеткізді.

20427756_718381771693243_837421388_n   -Біз осы жолы сіздерге ауыл шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беру үшін келген жоқпыз. Өздеріңізбен бетпе бет кездесіп, мал шаруашылығын дамыту жұмысында туындап отырған мәселелерді бірге талқылап, мұның шешу жолдарын бірге қарастырайық деп келдік. Жаңа сіздер инвестсубсидия жөнінде дұрыс айттыңыздар. Бұл жөнінде басқа да өңірлердің сала мамандары осы тектес пікірлерін айтуда. Кез келген нәрседе қатып қалған ештеңе жоқ, таяуда болатын үлкен басқосуда осы көтеріп отырған мәселелеріңіз қайта қаралады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет жөнінде де жақсы айтылды. Кез келген сала секілді, ауыл шаруашылығы да замануи техникасыз дамымайды. Сондықтан, сіздердің сервистік қызмет жөніндегі пікірлеріңізді қолдап, бұл бағытта сервистік қызмет көрсету қызметін құруды сала мамандарына тапсырамын, - деді кәсіпкерлер ұсынысына нақты жауап берген Асқар Мырзахметов.

Осы жиында аграрлық қайта өңдеуді дамыту және ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі де көтеріліп, осы бағыттарда ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндалды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша слайд көрсеткіштерімен танысқан министр бұл бағыттағы жұмысты сынға алды. Слайд мәліметі бойынша біздің облыста барлығы 51 кооператив құрылғанымен, соның тек алтауында ғана қондырғы бар екен. Ал қалған 45-де қондырғы жоқ боп шықты. «Ақша бар, қондырғы бар, енді кооператив құруға не кедергі келтіріп отыр?» деген министр сұрағына облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Өтеғұлов объективті және субъективті жағдайларды түсіндіре отырып, байыппен жауап берді. Оның сөзінше, облыста жыл аяғына дейін 11 мал сою бекеті ашылады. Сүтті бағыттағы бекеттерді құру мәселесі алдағы аптада шешілмек. «Бұл бағытқа бөлінген қаржыны игеруге толық мүмкіндігіміз бар» деген Арман Кәрімұлы жеке адамдардың қолдарындағы мал басын басқа жаққа сатып жіберуіне байланысты кооперативтерге бұқашықтарды тартудың қиындап тұрғанын жеткізді.

- Бүгінгі кездесу облыс үшін, әсіресе шаруашылықтар үшін өте маңызды болды. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарламаны жүзеге асыру барысында министрлік тарапынан шешілетін көкейкесті мәселелерді өзіңізге тікелей қоюға мүмкіндік алдық, сол үшін сіздерге алғысымызды айтамыз, -деген Арман Кәрімұлы одан әрі өңіріміздің мал шаруашылығы бойынша дамуы жөніндегі мәліметті министр назарына ұсынды. Оның сөзінше, мал шаруашылығында мүйізді ірі қара 7,2 пайызға, қой мен ешкі 2,4 пайызға, жылқы 10,9 пайызға және құс саны 12,6 пайызға өскен. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша мал өнімдерінің өндірісі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда тірілей салмақта өндірілген ет көлемі 2,9 пайызға (39,1 мың тонна), сиыр сүті 0,5 пайызға (117,2 мың тонна), өндірілген жұмыртқа 5,5 пайызға (80,6 млн. дана)  артып отыр. Биыл өңірімізге ауылшаруашылығы саласын дамыту үшін 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.

Жиынды қорытындылаған Асқар Мырзахметов жиналғандарға ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін Үкіметтің барлық жағдайды жасап отырғанын айтып, шаруаларға осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керектігін айтты. Министр, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне елді мекендерге жиі шығып, кооперация құрудың тиімділігін түсіндіруді тапсырды.

Бұдан соң А.Мырзахметов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға және «ПОШ  РУНО» ЖШС тері өңдеу кәсіпорнында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын  жетекшісі  Роберт Ирменовтің айтуынша, жоба құны 2,2 млрд. теңге, жобалық қуаты жылына 182 мың ірі қара және 624 мың ұсақ мал терісін өңдеуге жетеді.

-Жаңа зауыт екі айдан кейін өз жұмысын бастайды. Толық қуатына көшкенде бұл кәсіпорын күніне 2500 қой терісін және 700 сиыр терісін өңдейтін болады. Мұнда 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Осы зауыттың жанынан аяқ киім фабрикасын ашуды да жоспарлап отырмыз. Табиғи теріден тігілген аяқ киімнің сапасы жаман болмайды деп ойлаймын, - деген кәсіпкер шикізатты ауылдардағы кооперативтерден келісімшарт бойынша алатынын айтты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында еңбектеніп жатқан кәсіпкерге министр ризашылығын білдіріп, жұмыстарына жеміс тіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz  

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале