24.02.2020, 14:33
Оқылды: 86

Миржан Тажекенов: «Президенттік жастар кадр резерві – жастарға ашылған жол»

WhatsApp Image 2020-02-24 at 13.57.45 

 Президенттік жастар кадр резервінде шетелдік компанияда аға инженер ретінде еңбек ететін Миржан Тажекенов мемлекеттік қызметке орналасуға дайын екенін айтты. Ол 2004 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға грант негізінде оқуға түсіп, қызыл дипломмен тәмамдап шығады. Студет болған кезінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы АҚШ-қа оқуға жолдама алған. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты шетелде оқудың сәті түспеді. Енді оны жаңа белес күтіп тұр. Президенттік жастар кадр резерві оған ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенеді.

– Университет тәмамдағалы мұнай-газ саласында қызмет етіп келемін. Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік қызметке ауысуыма мүмкіндік беріп отыр. Мұндай қадамға тың идея және жаңа жобаны ойластырып, тыңғылықты дайындықпен баруым қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездескенімізде, бізге «сендер үздіктер қатарынан іріктелген үш жүз мамансыңдар, мемлекетіміздің даму жолында өзгеріс алып келулерің керек» деді. Мен әртүрлі шетелдік компанияда еңбек еткеніме он жылдан астам уақыт өтті. Мұнай-газ саласындағы жобаларды басқару үшін бірнеше шетелдік әдіснама жүйесін меңгердім. Қазіргі уақытта «Теңізшевройл» кен орнындағы Worley компаниясына қарасты 3GI зауыты учаскесіндегі құрылыс бойынша инженерлік жұмыстың жүйелі атқарылуына жауаптымын. Құрылыс жобасына байланысты жаңа жабдықтар мен құрылғылар әкелінуде. Сондықтан зауыт учаскесіндегі әр жабдықтың құжаттарын реттеуге мұқият назар аударамыз. Қажет болса, сызбаларға өзгеріс енгіземіз. Тапсырыс берушінің инженерлік құрылыс тобына қолдау көрсетеміз. Техникалық мәселелерді де уақтылы шешуге тиіспіз, – деді Миржан Тажекенов.

Инженер арманына ұмтылған адам нақты мақсат қою керектігін айтты. Мемлекеттік қызметке келген жағдайда салалық министрлік қарауындағы жобалық кеңсені басқарғысы, өндірістік саладағы құрылыс жобаларына жетекшілік еткісі келеді. Президенттік кадр резервіне өтер кезде «Қазақстандағы кадрларды ұлттандыруды жақсарту» тақырыбы бойынша әлеуметтік жоба ұсынған. Әлеуметтік жоба ауқымында өзіндік идеяларын жүзеге асыруға әлеуеті жететініне сенімді. «Ақпарат көздерінде шетелден келген мамандардың орнына ұлттық кадрларды ауыстыру қажет екені айтылуда. Шетелдік компаниялардың мұндай өзгеріске қатысты өзіндік ұстанымы бар. Біздің мамандардың дайындығы қандай деңгейде? Өндіріс орнында техникалық қиындық туындағанда оның шешу жолын табу өте қиын. Жергілікті кадрлар өзінің біліктілігіне сын көзімен қарауы тиіс. Нақты іс-тәжірибе алаңында шынығып, тынымсыз ізденуі керек. Техникалық білім болғанымен, маманның көшбасшылық қасиеттерін ұштауына да назар аударылады. Эмоциялық тұрғыда мінез-құлқын игере білуі де – жұмыс барысында ескерілетін тамаша қасиеттің бірі. Кәсіп жолында әбден пісіп-жетілу үшін уақыт керек. Жұмыс тәжірибем болған соң, шетелдік компаниялардың маманға қоятын талаптары өзге екенін анық білемін», – деді ол.

Миржан Тажекенов бұған дейін ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындарға жұмысқа алынатын мамандарға арналған офис ашу идеясын ойластырғандарын да айтты. Ол үшін, алдымен, үш айлық немесе жартыжылдық курс жүргізіп, шет тілін үйрену қажет. Тұрмыстық бағытта тілдесуге баулу емес, салаға қатысты терминдер мәнін терең ұғындыру маңызды. Одан кейін жұмысшылардың мінез-құлық ерекшелігіне тоқталудың өзіндік себебі бар. Себебі шетелдік компаниялар мамандардың қарым-қатынас қабілетіне, алғырлығы мен біліктілігіне техникалық қауіпсіздік ережесіне жауапкершілікпен қарауына мұқият назар аударады. Білікті инженердің идеясы көп. Миржанның жасы – 33-те. Қазіргі уақытта екі бала тәрбиелеуде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында президенттік жастар кадр резевін қалыптастыруға мән берілетінін хабарлаған еді. Оған үміткерлердің жасы 35-тен аспаған, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес. Конкурсқа шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарының қатысуына мүмкіндік берілді. Президенттік жастар кадр резервіне алынғандардың бәріне жоғары лауазым ұсынылмайды. Лауазымға тағайындаған күннің өзінде арнайы бағдарлама бойынша оқуы тиіс. Және Президент тағайындаған саяси қызметшілердің қатысуына шектеу қойылды.

Іріктеудің соңғы кезеңінде Ұлттық комиссия Президенттік жастар кадр резервіне өткендердің көшбасшылық қасиетін, стратегиялық көзқарасын, жеке құндылықтарын сарапқа салды. Мемлекет басшысы тікелей қадағалап отырған бұл жоба жастар үшін тиімді «әлеуметтік лифт» құруға, мемлекеттік қызметке байланысты реформаларды жүзеге асыратын білікті мамандар даярлауға, төменгі лауазымнан еңбек жолын бастаған талантты жастардың жарқырай көрінуіне, тың идеяларын жүзеге асыруына серпін бермек.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале