26.12.2016, 11:52
Оқылды: 19

Мүлікті жариялау акциясы аяқталды

mylikti-jarialau-akciasi  Өткен жылдың бірінші қыркүйегінен бастап республика көлемінде мүлікті және ақшалай қаражатты заңдастыру акциясы жүргізіліп, аяқтала келді. Бұл науқан бойынша құжаттар қабылдау мерзімі мүліктер үшін биылғы жылдың 30 қарашасында, ал ақша қаражаттары бойынша биылғы жылдың 23  желтоқсанына  дейін  жүргізілді.


   Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) елімізде орналасқан мүлікті жариялау бойынша жауапты болып табылады. Бұл бағытта облыс бойынша бірқатар жұмыстар  атқарылды. Өңір халқын мүлікті жариялау науқанынан хабардар ету мақсатында 2014-2016 жылдарға медиа-жоспар бекітіліп, оған сәйкес тұрақты түрде мүлікті жариялау тәртібін тұрғындарға түсіндіру бойынша шаралар ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде мүлікті жариялауға қатысты басылым беттерінде 324 мақала жарияланып, телеарналарда 50 тақырыптық сюжеттер көрсетілді және 312 223 рет жүгіртпе жолдар берілді. Сонымен қатар интернет ресурстарда 268 мақала орналастырылып, радиоарналар арқылы 18 хабар ұйымдастырылды, 88 билборд орнатылды, қоғамдық көлікте 270 662 хабарландыру таратылды. Оның сыртында  369 мүлікті жариялау бойынша түрлі шаралар өткізілді, тұрғылықты халыққа 56 760 жадынама мен бүктеме таратылып, 1154 рет «Ашық есік» күндері өткізілді.

  Өткен жылдың ішінде облыс әкімінің мүлікті жариялауға жауапты орынбасарының, облыстық қаржы басқармасы, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің және «ҚР Ұлттық Банкі» Батыс Қазақстан филиалы өкілдерінің қатысуымен мүлікті және ақшаны жариялау тәртібін түсіндіру бойынша облыстың барлық аудандарына іссапар ұйымдастырылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Науқан басталғаннан бері оның өту барысы туралы жергілікті деңгейде аудан әкімдерінің мүлікті жариялауға жауапты орынбасарларының қатысуымен 6, министрлік деңгейінде 15 селекторлық режимде мәжілістер өткізілді. Аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер бойынша тұрғындардың жариялауға болатын мүліктері анықталып, әділет органдарымен салыстырмалы тексерулер жасалды. Соның нәтижесінде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қарашасына дейін облыс бойынша мүлікті жариялау комиссияларына барлығы жалпы көлемі 3 718,9 млн. теңгені құрайтын 655 өтінім (311 өтінім тұрғын жайлар, 345 өтінім тұрғын емес жайлар бойынша)  түсті. Олардың ішінен 1 026,0 млн. теңгені құрайтын 161 өтінім кері қайтарылып, жалпы құны 2 649 млн. теңге болатын 421 нысан (181 нысан тұрғын жайлар болса, 240 нысан тұрғын емес коммерциялық жайлар) жарияланды. Ал 73 өтінім биылғы  жылдың соңына дейін қарастырылып, мүлікті жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы тиісті шешім қабылданады. Жарияланған нысандардың орташа құны 6,3 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар науқан барысында комиссияларға мүлікті жариялау бойынша түсіндірме алуға 6 155 азамат жүгінді.

  Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 41-қадамында мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату, қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осыған орай  2016 жылы мүлік пен қаржыны заңдастыруды реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде облыс бойынша 2014-2015 жылдары ішінде барлық жарияланған мүліктер саны 248 болса, 2016 жылдың 9 желтоқсанында жарияланған мүліктер саны 173-ті  құрады. Өз кезегінде 73 өтінім  жоғарыда айтқандай, жыл соңына дейін қаралатындығын назарға алсақ, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін тұрғылықты халықтың мүлікті жариялауға деген белсенділігінің артқанын көреміз.

  Өз кезегінде осы науқанға тұрғылықты халықтың белсенді қатысуын жеткілікті деңгейде жақсы ұйымдастырған Бөрлі, Қазталов, Сырым аудандары мен Орал қаласының әкімдіктерін атап өтуге болады. Ал Жаңақала, Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандары бойынша жарияланған мүліктер бойынша ең төменгі көрсеткіштер тіркелді.

Жеңіс НЫҒМЕТУЛЛИН,

облыстық  қаржы басқармасының коммуналдық 

мүлікті басқару  бөлімінің  басшысы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале