15.01.2021, 10:00
Оқылды: 226

Мүмкіндіктен неге айырды?

«Бала кезден мүгедек санатындағы ұлым «енді пәтер алады» деп қуанып отырғанда, оны баспана кезегінен шығарып тастады. Он бес жыл бойы үкілеп келген үмітімізге жергілікті билік не себепті селкеу түсірді? Бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады. Ендігі үміт тек өздеріңде», - дейді редакциямыздан көмек сұрай келген Орал қаласының тұрғыны Дана Нағымова.

 Мүмкіндіктен неге айырды

Бауыр еті баласының тілеуін тілеген ана байғұстың осы кезге дейін көрген азабы да аз емес. Тұңғыш ұлынан кейін екінші ер баланың дүниеге келгеніне ата-анасы қатты қуанған екен. Казталов ауданында шаңырақ көтерген Мерғалиевтер отбасы 1985 жылы қалаға қоныс аударған. Көп ұзамай 1986 жылдың 18 мамырында дүниеге келген сәбидің есімін Жасұлан қойыпты. Дүние есігін ашқанда, денсаулығында еш кінәрат жоқ бүлдіршін 1 жастан асқанда менингит ауруына шалдыққан. Сәбиінің болашағына алаңдаған ата-анасы шырылдап жүріп, емдеу орындарын шарлап, бөбектерін емдетуге тырысады. Бүлдіршін көп ұзамай бұл дерттен сауыққанмен, алған ем-дом мен ауыр дәрілер оның денсаулығына өз ізін қалдырған. Баласының айналасындағы дыбыстар мен адамның сөйлеген сөзіне еш мән бермейтінін, өздігінен еш дауыс шығармайтындығын байқаған анасы жан ұшырып, ауруханалар мен емханаларды қайта жағалай бастайды. «Бәлки, бір көмегі тиер» деген үмітпен Жасұланды сақау-мылқау бүлшіндерге арналған арнайы балабақшаға да береді.

– Баламыздың денсаулығына алаңдап, Алматы қаласындағы жақсы деген емдеу орындарына, білікті дәрігерге де апардық. Ол жердегі дәрігерлер менингит ауруының салдарынан баланың миындағы қантамырлардың біріне қан немесе дәрі ұйып, қатып қалғандығын жеткізді. Мұның еш емі жоқтығын, бара-бара өздігінен кетуі мүмкін екендігін айтты. Сондай-ақ мұның туа біткен дерт емес екендігін айтып, күн ұзағына құлағына есту аппаратын кигізетін арнайы балабақшаға апарудың да қажет еместігін ескертті. Бала ұйқысы қанғанша демалып, таза ауада шаршағанша ойнаса, дертінен құлан таза айығуы әбден мүмкін екендігін айтып, кеудемізге үміт ұялатты, - дейді Дана апай.

Алматыдан келген соң баласының денсаулығына алаңдаған ата-ана Орал қаласындағы үйін сатып, қайта ауылға көшіп барады. Бұл жердегі мақсаттары – таза ауа, табиғи таза өнім бүлдіршіннің дертіне шипа болар деген үміт еді. Казталов ауданының Қошанкөл ауылына қоныс аударған жанұяның отағасы ауылдық электр желісі мекемесіне, ал Дана апай асханаға аспазшы болып, жұмысқа орналасқан. Арада 3-4 жыл уақыт өтсе де, балаларының денсаулығында оң өзгеріс байқалмады. Уақыт өте алдарынан тағы бір түйткіл шықты. Ол тілі шықпаған, құлағы естімейтін Жасұланды мектепке беру болатын.

Сөйтіп, қатарынан кем қалған сәбиіне ең болмаса дұрыс білім беруді көздеген олар Орал қаласына қайта көшіп келеді. Басыбайлы баспанасын сатып жіберуіне байланысты енді пәтер жалдап тұрып, Жасұланды өзі секілді ерекше балаларға білім беретін арнайы мектепке орналастырады.

– Жасұланның өз атасы Қошанкөл еліне сыйлы, Ұлы Отан соғысына қатысқан адам болатын. Нағашы атасы Нығмет Нағымов та өнерлі адам еді. Көпшілікке танымал Қатимолла Бердіғалиев ағамыз «Мені өнерге баулыған Нықаң» деп жиі айтады. Менің әкем Нығмет сол кісінің ұстазы болған. Осындай адамдардың ұрпағын абайсызда ауыртып алғанымды ойласам, жанымды қоярға жер таппаймын. Ұлым мектепті жақсы бітіріп, өте еңбекқор болып ержетті. Бүгінде достарымен бірге тұрғын үйлерді жөндеумен айналысады. Көлігіне құрал-жабдықтарын тиеп алып, шабады да жүреді. Орыс тілде сөйлеген адамдардың сөзін ернінен ұғады. Құлағындағы аппараттың да көмегі жоқ емес. Өзіне ыңғайлы болғасын достарымен пәтер жалдап тұрады. Сөз байласып жүрген қалыңдығы да бар. Келініміз Орынбор облысынан, ұлты татар болғанымен, қазақша жақсы түсінеді. Ол да Жасұлан секілді құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Кейде балам: «Мама, пәтер алысымен, үйленгім келеді», - деп маған мұңын шағады. Көзімнің тірісінде осы баламды үйлендіріп, немерелерімді өсіріп берсем деп армандаймын. Екеуі бас қосып, жанұя болғанның өзінде болашақ сәбилерінің жылаған үнін де ести алмайды ғой. Соны ойласам, жүрегім қарс айырылады, - дейді Дана Нағымова.

Редакцияға үміт артып келген Дана апамыздың қолында бір құшақ құжаттар жүр. Оның ішінде Жасұланның мүгедектігін айқындайтын анықтамасы, 2005 жылы тұрғын үйге кезекке қойылғандығын және 2020 жылдың қазан айында кезектен шығарғандығын растайтын құжаттар бар.

Айта кетейік, 2002 жылы бе-рілген медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының куәландыру актісінде мүгедектік тобы деген жерге «үшінші», мүгедектік себебі деген жазудың тұсына «бала жасынан», мүгедектік мерзіміне «мерзімсіз» деп жазылған.

– 2005 жылы баламның құжаттарын жинап, қалалық әкімдікке барып, тұрғын үй кезегіне 631-ші болып тіркелдік. Ол кезде балам 16 жаста болса, қазір 34 жастан асты. Өткен жылы әкімдікке жолыққанда, тұрғын үй кезегінде 57-ші болып тұрдық. Кезегіміздің жақындап қалғанына қатты қуандық. Ал былтыр қазан айында Орал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жіберген хабарламада кезектен шығарылғандығы жазылған. Сонда 15 жыл бойы текке үміттенгеніміз  бе? - дейді шарасыз ана.

Жоғарыда аталған мекеме ұсынған бір парақ хабарламада мүмкіндігі шектеулі жанның кезектен шығарылғандығы айдан анық жазылған. 2020 жылдың  30 қазанында жолдаған №5-3/6531 шығыс хатында «Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, мүгедектік туралы анықтамасына сәйкес, Сіздің 3 (үш) топ мүгедегі екендігіңіз анықталды. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес егер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы құрылым жалдаған тұрғын үй берілу үшін негіздер жойылған. Жоғарыда көрсетілген заңға сәйкес және қала әкімдігінің 2020 жылғы 23 қазандағы №1973 қаулысы бойынша сіз тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылардың» санаты бойынша есептен шығарылғандығыңызды назарыңызға саламыз», - делінген.

– Бұл мекеменің де заңға сүйеніп, шешім қабылдап отырғандығын түсінемін. Бірақ осы жағдайды ертерек ескертуге болмайтын ба еді? Біз баспанаға қол жеткіземіз деп, бақандай 15 жылымызды жоғалттық. Осыншама жыл күтіп, баспанаға қол жеткізе алмайтынымызды білгенде, басқа әрекет жасар едік қой. Бір өкініштісі, кезекке тұрған өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандар өткен күзде баспаналы болды. Сонда әділдік қайда? Осы сауалдың жауабын іздеп, облыс әкімі мен қала әкімінің қабылдауына баруға қанша талпынғаныммен, еш нәтиже шықпады. «Кезек көп, тіркеуге алындыңыз, хабарын күтіңіз» деген құр уәдемен шығарып салды. «Nur Otan» партиясы БҚО филиалындағы қабылдауға да бардым. Ол жерде «карантинге байланысты қабылдау жүргізілмейді» деп тіпті ғимаратқа да кіргізбеді. Кейін «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне жолықтым. Аталған кеңсе басшысы Әлия Сәлиевадан көп қолдау көрдім. Сол кісінің бағыттауымен заңгерге жолығып, кеңес алдым. Содан №2 қалалық сотқа шағымдандым. Желтоқсанның 23-і күні онлайн түрде өткен соттың шешімі шықты. Ол шешімде менің арызымның қанағаттандырылмайтындығы, тұрғын үй кезегінен шығарудың заңды екендігі жазылған. Осыншама жыл үміттеніп, ақыр соңында мынадай жағдайға тап болу ұлыма да, маған да оңай тиіп тұрған жоқ. Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Дәл осындай қаншама жан кезектен шығып қалып жатыр? Осы жағдайды бір ретке салатын уақыт жеткен сияқты  ғой, - дейді шабыстан шаршаған ана.

Біз Дана апамыздың редакциямызға жазған арызын негізге алып, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаментіне хабарластық.

– Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу тәртібі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекiтілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Есту функциясының болмауымен (ІІІ (56-70 дБ) – ІV (71- 90 дБ) дәрежедегі екі жақты құлақ мүкістігі) он алты жасқа дейінгі балаға мүгедектігі  5 жылға тағайындалады. Есту протезін қою мүмкін болмағанда ІV (71-90 дБ) дәрежедегі екі құлақтың кереңдігімен, керең-мылқаулығымен жасы он сегізден асқан адамдарға анатомиялық кемістіктер ретінде үшінші топ мүгедектігі мерзімсіз белгіленеді, - деді аталған департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама жөніндегі орынбасары Ардақ Мұқанова.

Маманның берген жауабын арызданушы Дана апайға да жеткіздік.

– Мен баламды тұрғын үй кезегіне 2005 жылы қойдым. Ол кезде балам 18 жастан асқан еді.

Егер баспана алатын жастан асса, неге кезекке қояды? Өткен жылы «Бақытты отбасы» деген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатырғандығын естіп, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне бардым. Онымен баламның жасы ол бағдарламаға ілікпейтінін айтты мамандар. Дәлізде жылап отырған мені сол тұрғын үй кезегімен айналысатын (атыжөні есімде жоқ, фамилиясы Шайхиев сияқты) маманға кіргізді. Ол адам тізімді қарап шығып, «Апа, кезегіңіз келіп тұр. Биылдан қалмай балаңызға баспана беріледі» деді. Егер нақты мәлімет болмаса, алдаудың не қажеттігі бар еді? Жасы отыздан асқан ұлым енді ешқандай бағдарламаға ілікпейтінін де түсініп тұрмын. Ақша жинап, үй алуға да еш үміт жоқ. Сол себепті облыстың, қаланың атқа мінер азаматтары менің жағдайымды ескеріп, баламның баспаналы болуына жәрдемдессе екен деген өтінішімді айтқым келеді. Бір Құдайдан жатсам-тұрсам соны тілеудемін, - дейді Дана апамыз.

Сонымен қолымыздағы мәліметтер мен жинақталған құжаттардан ұққанымыз, екі құлақтың кереңдігімен, керең-мылқаулығымен  бала жасынан мүгедек болып тіркелген адам тек 18 жасқа толғанға дейін  баспана алып үлгере алады.

Ал 18 жасқа толған соң оларға жалпы ІІІ топ мүгедектігі тағайындалып, тұрғын үй кезегінен аутоматты түрде шығарылады екен.

Бұл жағдай маманның берген мәліметінен соң айқындала келгендей. Енді бізге түсініксіз тұсы, жастайынан баспана кезегінде тұрған қамкөңіл жандар кезегі жақындағанда неге сан соғып қалуы керек? Неге мұндай жағдайға тап болғандарға алдын ала түсінік беріп немесе тұрғын үй алудың басқаша механизмі қарастырылмайды екен? Сұрақ көп. Әзірге жауабы табылмай тұр. Бұл мәселеге құзырлы құрылымдар не дер екен? Әліптің  артын  бағайық...

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале