8.05.2019, 16:41
Оқылды: 82

Музейде «Жауынгер хаттары» көрмесі ашылды

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының батыры Ерденбек Ниетқалиевтің 105 жыл толуына байланысты «Жауынгер хаттары» көрмесі ашылды. Көрмеге батырдың ата-анасына жолдаған 13 хаттың түпнұсқасы, фотосуреттері, майдан кезінде уақытша берілген жеке куәліктері және басқа да жауынгерлердің әскерде тұтынған заттары қойылған.

22

Ерденбек Ниетқалиев 1914 жылы Жәнібек ауданы Қамысты ауылында дүниеге келген. Отбасында әкесі Ниетқали мен анасы Жамал Ерденбек, Талғат, Оспанбек, Ануарбек есімді төрт ұл өсірді. 1930 жылдары Ниетқалиевтер отбасы Қызылорда облысына қоныс аударды. 1936 жылы Алматы зооветеринариялық институтын тәмамдап, ауылшаруашылық техникумда оқытушы, облыстық атқару комитетінде нұсқаушы қызметін атқарады. 1940 жылы кіші лейтенанттар курсын оқиды.

Кіші лейтенант Ерденбек Ниетқалиев 1941 жылдың қазан айынан бастап, Батыс майданда жаумен бетпе-бет кездеседі. Кейін Мәскеуді азат етуге қатысып, «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Балтық жағалауы пен Қара теңіз аралығындағы алапат ұрысты басынан кешірді. Атты әскер эскадронының командирі Белоруссия, Польшаның ормандарын кесіп өтіп, жаумен шайқастарда табандылық танытты. Көзі тірісінде Қызыл Ту (30.04.1943), «Қызыл Жұлдыз» (06.08.1944), Ленин (24.031945) ордендерімен марапатталды.

1944 жылдың 31 қаңтарында Қызыл тулы 12-гвардиялық атты әскер полкына қоршаудағы жауды ұстап тұруға тапсырма беріледі. Е.Ниетқалиев эскадроны Ратценбург тас жолының маңызды нүктесін қорғап, қайратын сарқа жұмсаған фашистермен екі тәулік бойы айқасады. Гвардияшылар 400-ден аса неміс сардары мен солдатының көзін жойды, 80 фашисті тұтқындады. Жау тарапынан жасалған екі жақты өткір шабуылда есіл ер екі мәрте ауыр мәрте жараланса да, пулеметтен оқ жаудырып, шегінбеуге бұйрық берді. Облыстық музей қорында Ерденбектің 1945 жылдың 2 ақпанында ерлікпен қаза тапқаны жөнінде хабарлама қағазы бар. 1945 жылдың 24 наурызында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ниетқалиевтер отбасындағы бес азамат қатарынан соғысқа аттанған. Әкесі жарақат алса, інісі Оспанбек майданнан оралмады. Әнуарбек пен Талғатбек 1946 жылы әскери міндетін аман-есен тәмамдады. Әке-шешесі мен ержүрек жігіттер бір-бірімен хат алмасып, хабар-ошар біліп отырған. Үш бұрыш хаттар цензура тексеруінен мұқият өтетін болғандықтан, ашық конверт күйінде келетін. Жанын шүберекке түйген жауынгерлердің ыстық демі, тұңғыш ұлдың бауырларының тағдырына алаңдауы, ата-анасының мөлтек сағынышы жөнінде сарғайған қағаздар толассыз сыр шертеді.

 «Төрт жыл көрмегендіктен, мен сендерді сағындым. Талғаттан хабар жоқ деп уайымдап жүр едім. Енді амандығын естіп қуанып отырмын. Ал Оспаннан еш хабар жоқ... Әскери бөлімге сұраныс жіберіңдер, олардан міндетті түрде жауап келеді. Шынымен де, Оспан біздің үміт, күдерімізді үзгені ме?..»,– дейді уайымын анық сездірген Ерденбек 1944 жылы 23 тамыз күні Польша жерінде жазған хатында.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

23 222 2222

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале