15.05.2018, 19:19
Оқылды: 25

Н.Назарбаев: Жайық өңірі шаруашылыққа қолайлы мекен

FB_IMG_1526393770395Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласындағы жаңа алаңда облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

2016 жылы пайдалануға берілген аталмыш алаң құрылысының жобалық құны 1,4 млрд. тенгені құрайды. Қала тұрғындарының демалуына, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған алаңның жалпы ауданы 7,0222 га. Алаңның қыдыруға арналған аумағы мен отыратын орындары жалпы алғанда 8-10 мыңдай көрерменді сыйғыза алады.

Ел Президенті осы жерде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй тұрғызу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімдеме жасалды. Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы да баяндады.

Жаңа алаңдағы сәулетті құрылыстарға көңілі толатындығын жеткізген Елбасы көпшілік тарапынан қойылар сұрақ, көтерілер мәселелер болса, тыңдауға әзір екенін айтты.

- Аса қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Бізді әсіресе қуантатыны – наурыз айында Парламентте мәлімдеген бастамаларыңыз. Әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылып жатыр. Бұл әрине, үлкен әлеуметтік мәселе екені даусыз. Сіз жастардың болашағына көп мән бересіз. Оларға сапалы білім беру, қала берді өзінің кәсібін ашу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету секілді бастамаларыңыз да көкейге қуаныш ұялатады. Сондықтан да ақсақалдардың атынан сізге үлкен рахметімді айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Батысқазақстандықтар сіздің барлық игі бастамаларыңызды қолдайтынына сеніміміз кәміл, - деді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестік жетекшілері Елбасы саясатына қатысты ризашылықтарын білдірді.

- Ақ Жайық еліне әдейі ат басын бұрып келіп тұрмын. Еліміздің қиыр батысында жатқан ағайынсыздар. Сондықтан мен ылғи көңіл бөліп отырамын. Шекарада тұрған елдің жағдайы жақсы болуы керек. Қалаларымыз жылдан жылға дамып, еліміз өркендеп келеді. Өндіріс өсуде. Жаңа ғана шағын, орта деңгейдегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Қазіргі таңдағы керегі де осындай жұмыс орындары. Өйткені аса ірі кәсіпорындардың заманы өткен. Өңірлеріңізге «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жас әкімді тағайындағаныма да біраз уақыт өтті. Ағылшын тілін білу арқылы инвестиция тартып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Жаңа алаңның көрінісі тамаша. Бұл жерге сенбіліктерде молырақ тал егіп, әлі де көгалдандыруға мән берген жөн. Орал қаласы Қазақстан бойынша экологиялық жағынан ең таза қала. Ұзақ өмір сүру үшін қажетті негізгі ұстанымдардың бірі – қай жерде қолайлы болса, сол жерде өмір сүру. Экология таза, қалғаны өзімізге байланысты. Адам денсаулығы жақсы болуының 90 пайызы өзіне, ал қалған 10 пайызы дәрігерлерге байланысты. Мен көп жылдан бері ел басқарып келемін. Жайық өңірі шаруашылыққа қолайлы мекен. Батыс Қазақстан облысы әуелден іріқара етін өндіруші аймақ. Жаңа ғана ет өндіруші зауытта болдым. Онда малдың сүйегіне дейін пайдаға асырып жатыр. Менің бес әлеуметтік бастамамның бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту. Пәтері бар тұрғындар бұл бағдарламаға ілікпейді. Бұл бастама жұмыс жасайтын, алайда пәтерге қолы жетпей жүрген жанұяларды баспанамен қамтуға бағытталған, - деген Елбасы бес әлеуметтік бастаманың және еліміздегі жастарға, шағын кәсіпкерлікке туғызылып отырған жағдайдың қолайлы тұстары туралы кеңірек әңгімеледі.

- Ал Достық үйлерінің жұмысы – біздің саясатымыздың маңызды бағыты. Қазақстан – халқының татулығымен барлық елге үлгі. Бұл біздің ең ұлы жетістігіміз. Бақыт дегеніміз – ынтымағы жарасқан елде өмір сүру, балаларды соғысқа жібермеу. Біздің аталарымыз бірінші дүниежүзілік соғысты, төңкерісті, азамат соғысын бастан өткерді. Әкелеріміз болса екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Аштық пен саяси қуғындаудың да теперішін көрді. Ал біздің буын бақытты ұрпақ, 74 жылдан бері бейбіт өмір кешіп келе жатқанымыздың ұлы бақыт екенін ұмытпауымыз керек. Шекарадағы елдермен бейбіт қарым-қатынас ұстанып отырмыз. Сыртқы және ішкі тыныштық дамуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Елімізде мұнай мен газдың қоры болуына байланысты индустриалды саясатты да жүргізіп келеміз. Алайда бұлардың бағасының қалай өзгеретінін көріп отырғандықтан, өндірістің өзге түрін де дамытуымыз керек. Инфрақұрылымға келетін болсақ, Саратов бағытына жол салынуда. Бөкей ордаға қатынайтын ішкі жолдардың құрылысын жеделдету үшін Үкіметке тапсырма берілді, - деді мемлекет басшысы.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале