7.09.2019, 21:07
Оқылды: 490

«Намысыңыз қалғыған кезде осы жерге кеп сыйыныңыздар!»

Бүгін Орал қаласындағы Исатай мен Махамбет ескерткішінің ашылуында Жайықтың ақ шағаласы атанған қазақтың ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығы мен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Құрмет орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева осылай деді.

IMG-20190907-WA0113-800x533

-Ардақты Ақ Жайық жұрты! Қымбатты қонақтар! Халқымның ғасырлап өлмей келген екі қара баласының есімі Исатай мен Махамбет егемендік жылдарында да әр жүрекке жазылды. Еркіндікті аңсаған халық армандап балаларына Исатай, Махамбет деп ат қойып үміттенді. Ұлтының, ұрпағының, туған даласының тағдыры үшін, еркіндігі үшін бүгінгі болашақтың бақыты үшін біреуі жанын қиды, біреуі басын кезкізді. Туған елге, бабаларына қалай қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, халықтың да, ұлттың да ұмытуға хақы жоқ еді. Бүгін біз соған куәміз.

Дәл осы біздер тұрған жерде Махамбет ақынның аяғының ізі жатыр. Иә, "Еділ мен Жайық - екі өзен, ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім..." Сол аңсаған еркіндіктің ақордасы бар бүгін. Ендеше соларға лайық еңкеймей кіретін, намысты, рухты, әрбір ата-ана өз ұлын өсіруі керек. Бабалар алдындағы, рух алдындағы, аруақ алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, жоқ па деп ойлануы керек. Бұл әркімнің борышы. Жер бетіне адаммын деп келген әр жігіттің, әр әкенің, әр келін, әр әженің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Тек қасынан өту үшін емес.

Бұл тас мүсін емес, бұл - аруақ. Намыстарыңыз қалғыған кезде осы жерге кеп сыйыныңыздар! Қате жіберсеңіздер, кешірім сұраңыздар. Олар өлген жоқ! Олар - өлмейтін рух. Рухы жоқ ұлтты кім көрінген мазақ етеді. Міне, сол рухты көтеру үшін салынып отыр. Егемендіктің туын көтерген кезде соларға қосылып көтеретін қос есімге әрқашан сыйыныңыздар! Әрқайсыңызда тектілік бар. Осындай батыр туған ұлттың басқалардан кем болатын жөні жоқ. Әділдікті аңсасаңыздар, Махамбеттің өлеңін оқыңыз!

Шынымды айтсам, жүрегім жылап тұр. Бұл ескерткіш баяғы да қойылуы керек еді. Исатайдың моласы жоқ, әлі таппаймыз, Қараойда жатқан Махамбеттің моласында халқы үшін домаланған басы жоқ. Сол жерге барып тағзым етіңдер. Айналайындар, ақ жол! Батыры аз елдің батыр ұрпағы өмірге келгей. Осындай батырлар есіміне лайық өмір сүруге шын жүрегімнен тілектеспін. Бірлікте болайық. Исатай мен Махамбеттей ұл өсірейік!- деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Динара Насыр,

Суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

"Жайық Пресс" ақпарат агенттігі

IMG-20190907-WA0075-800x533 IMG-20190907-WA0076-800x533

IMG-20190907-WA0066-800x533 IMG-20190907-WA0073-800x533 IMG-20190907-WA0065-800x533 IMG-20190907-WA0078-800x533

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале