2.11.2018, 11:47
Оқылды: 74

Нан бағасы өспейді

Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз өсіргендер жауапкершілікке тартылатын болады.

Taskala aleumettik nan

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың төрағалығымен, өңірдегі ірі нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Басқосуда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін сұрыпты нан бағасын бекіту турасында айтылды.

Аталған жиынға нан өнімдерін өндіруші «Антипов» ЖК, «Попков» ЖК, «Доценко» ЖК және «Желаев КХП» АҚ, «Белес Агро» ЖШС секілді ұн тарту мекемелері қатысты.

Өзекті мәселе талқыланған жиында ұн тарту кәсіпорындарында бірінші сұрыпты нан бағасын әр бөлкесінің құнын 70 теңге шамасында тұрақтандыру үшін ұн мөлшерінің жеткілікті екендігі айтылды. Бүгінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 95-96 теңге шамасында. Аталған сала кәсіпорындары басшылары нан бағасын қымбаттатпайтындықтарын айтты.

Сондай-ақ «№1 нан зауыты» атынан жарияланған «барлық нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындар нан бағасын өсіргелі жатыр» деген ақпаратты аталған кәсіпорын басшысы жоққа шығарды.

– Бірінші сұрыпты нан бағасы 70 теңге көлемінде сақталады. Басқа кәсіпорын басшылары атынан жалған ақпарат таратуға, өңір тұрғындарының тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін алыпсатарлыққа жол берілмейді. Өзара келісіп, бағаны негізсіз көтерген жайттар тіркелген жағдайда арнайы тексерістер жүргізіп, заң шеңберінде жауапкершілікке тартатын боламыз, – деді Игорь Стексов.

Айта кетейік, биылғы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6 пайызға арзандаған. Атап айтқанда, картоп – 24 пайызға (105 теңгеден 80 теңгеге), пияз – 10,5 пайызға (95 тен 85 теңгеге), жұмыртқа – 17 пайызға (231 теңгеден 190 ға), күнбағыс майы – 1,2 пайызға арзандаған.

Сонымен қатар халық күнделікті тұтынатын тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 156 рет жәрмеңке өткізіліп, 480,7 миллион теңгенің өнімі сатылған.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале