17.09.2018, 11:48
Оқылды: 1432

Нарынның нағыз нар ұлы

 

 

Көрнекті ақын Ғайсағали Сейтақ  – 60 жаста

Ақын Ғайсағали Сейтақ туралы әңгіме қозғағанда, бірден тіл ұшына оның кіндік қаны тамып, туып-өскен жері – Батыс Қазақстандағы қазақ хандығының соңғы жұрнағы болған Хан Ордасы, батырлар жортып, ақындар жырға арқау еткен қасиетті құм Нарын оралады. Балалық шағы қызыл құмның ортасында, қарағайлары көкке шаншылған Орда орманының саясында, құмды ауылдың аясында өтті.

Шілдеде біздер туғанбыз,

Арғымақ арман қуғанбыз.

Жазира жаздың лебімен

Желбіреп тұрған тулармыз, – деп ақынның өзі жырлағанындай, 1958 жылы 1 шілдеде Орда ауылында дүние есігін ашқан Ғайсағали 1976 жылы тарихи Хан Ордасы ауылындағы орта мектепті бітіріп, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне түсті. Біздің жолымыз осы білім ордасында тоғысты. Онда біз екінші курсты бастап жатқанбыз. Биязы өңді, көп сөйлемейтін, сұңғақ бойлы, ұяң, оқудан басқа алаңы жоқ Ғайсағалимен таныса келе достасып кеттік. Ептеп өлең шығаратыны бар екен. Онысы арамызды тіпті жақындата түсті.

Филология факультетінің қазақ бөліміне ұлдар аз түседі. Әр курста бір-екі, одан асса әрі кеткенде төрт-бестен аса бермейді. Сондықтан төрт курстың балалары бір-бірімен ыңғайлас жүреді.

Студенттік құрылыс жасағында бірге болғаннан кейін бір-бірімізді әбден танып, достасып кеттік. Сол достық күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Еңбекқорлық, ізденімпаздық, шығармашылыққа құштарлық, оған қоса қыз мінезді қалпы, өзі тұйық болса да, Ғайсағалиды маңайына тартымды етіп, қадірін арттыра түседі. Институтың соңғы курсына қарай жазуы біршама төселіп, қаламгерлік кәсіпке бет бұрды. Алғашқы еңбек жолын да 1980 жылы мұғалімдіктен емес, Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілшіліктен бастады.

Ғайсағали қазақтың жыр әлеміне алғашқы жинағының аты айтып тұрғанындай, «Маңдайы» жарқырай келген ақын. 1990 жылы Алматының «Жалын» баспасынан жарық көрген алақандай ғана шағын жыр жинағына жас ақынның жүзден астам өлеңі енді. Ұйқастары шымыр, ойлары салмақты балауса жырлар оқырмандарын сыршылдығымен баурап,  жыр ағысына Ақ Жайықтан тағы бір жаңа екпінді арнаның қосылғанын паш еткендей.   Оның тырнақалды туындыларында шығармашылығын бастаған барлық жас ақындарға тән үрдіс – туған жер, атажұрт, ата-ана мен өскен орта, жастық, махаббат жырлары басым болып келеді. Жинаққа шәкірттік кезеңдерінде жазған кейбір өлеңдері де енді.

А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында оқыған кезінде жазған бір өлеңінде:

«Мен ұзаққа шабармын,

Қара да күт!

Жырдан басқа тілемен дара бақыт.

Көгершіндер ұшырам жүрегімнен,

Көкжиекке сіңіп бір бара жатып...»,  деп жыр өлкесіне шабыттана, шамырқана келген Ғайсағали сол ұстанымынан, өлеңге адалдығынан қыл елі айныған жоқ. Айтқандайын ұзаққа шапты. Ақ Жайықтың маңдайалды  ақынына айналды. Ақ сөйлеп, жүрегінен көгершін-жырлар қалықтатты. Өлең өлкесіне ден қойған алғашқы оншақты жыл бедерінде төрт бірдей жыр жинағын шығарды да, кейін шығармашылығының тұтастай кезеңін Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан «Тек пен тамыр» және «Сөздік – Словарь» баспасынан жарық көрген «Жақыным менің – жалпақ ел» таңдамалыларымен түйіндеді.

Ғайсағалидың әкесі Самиғолла Ұлы Отан соғысының қанды майданында өліп тірілген, «қара қағаздың» артынан тіріліп келген жанкешті сарбаз. Бейбіт күнде әсем табиғат пен жабайы аң-құсты қорыған орманшы еді. Оны Ғайсағали «Менің әкем» деген өлеңдер топтамасындағы «Оқ пен арман» деген өлеңінде:

Сенеді адам тұрған соң көзі көріп,

(Сол күндердің салмағын сезінелік).

Солдат сонда ауылды қуантыпты,

«Қара қағаз» соңынан өзі келіп, – деп толғайды.

Әке тұлғасы, ана келбеті ақын жүрегінің қылын шертіп, өмір бастауының, тірлік түйінінің мәнін асқақтата түседі. Ұлы Отан соғысының ардагері,  жауынгер-әке мен ұл-қыздарының амандығын аңсап, ұрпақ  қамын ойлаған ғазиз-анаға тағзым өзін де, өзгені де тебірентті. «Қайран шеше» өлеңінде:

...Болғанменен тұратын бұл жер алшақ,

Мен ауылға ораламын сені аңсап.

Бақыттымыз, ұрпақтарға ертең біз

Сенен алған ізгілікті бере алсақ».– дейді. («Маңдай», 32-бет)

Қыршын үзілген Ғарифолладай талантты, исі қазаққа танымал Ғайсағали, Айбатыр ақындарды тал бесігінде тербетіп, жүректеріне нұр мен жыр ұялатқан ана да тегін жан емес. Тіпті сонау бір жылдары жапан түздегі құмды ауылда аш қасқырмен жекпе-жекке түскен ана ерлігі – елге жыр мен жұмбақ. Қараша үйге тап болған адуын түз тағысы ошақ басында жүрген ақ жаулықтыдан айылын да жимастан тап берген. Қайсар ана қорғанып,  қасқырдың арланымен арпалыса кетеді. Күші басым жыртқыш алдындағы жанды екпіндей құлатып, кеудесіне шығып алып, ауызын айқара ашқанда қайсар да, қасиетті жанның айбатынан жағы қарысып, азуы қабыспай қалған да, астындағы адамның бетін тырнағымен осқылай берген. Елді елеңдеткен бұл оқиға ақын жанын да тілгілеп, жыр арқауына айналды.

Тілеумен жүрсең-дағы қызық алдан,

Тұңғышың тірлік тінін үзіп алған...

Бәрі де барғой сенің маңдайыңда

Қасқырдың тырнағының ізі қалған.

 

Мезгілсіз кейде шам да өшті іңірде,

Жоқ өзге сыйынатын ешкімім де,

Ғұмыр – жіп шұбатылған,

Уақыт – ұршық,

Иіріп отыра бер пеш түбінде, – дейді ақын «Анаға сыр» өлеңінде.

Жүрекке жылы тиіп, ойдан ойға жетелейтін шырайлы, шұрайлы шумақтар жиі таңдай қақтырады. Дүниені сұлулық деп ұққан ақын нұрлы өмірдің келбетіне тамсана қарап, басқаның да жүрегіне сәуле түсіреді. «Бір төңкерген қалқаның жанарындай, Ағып өтіп барады бұла дәурен»  (сонда. 40-бет.) « Көркем едің, әйтеуір көркем едің, Дауыл тұрып, кеудеме өрт енеді. ...Құдіретін ұғындым махаббаттың, Сенсіз маған ол бұрын ертегі еді...»  (сонда. 55-бет.), «Ғашық көзбен қарау керек өмірге, Сұлулықты қалу үшін құтқарып»  (сонда. 66-бет.), «Бауырым-ау, жетпейді бір ғұмыр да, Мықтылықты дәлелдеу үшін кейде». (сонда. 94- бет.)

Ғайсағали мінезі жібектей есілген періште, есіміне сай пайғамбар жан. Тіпті кейбір өлеңдерінде өзінің автопортретін өзі айшықтап кеткенін сезбей де қалатындай. «Менің патшам» деген өлеңінде жан-жары Тамарасын грузиннің «Қыз патша Тамарасына»  балай келіп:

«Сүйеймін таққа қонсаң,

Аттанам «майдандарға»,

Сен әділ Патша болсаң,

Кінә артпас Пайғамбар да!..»  дейді. Мұндағы Пайғамбар – «Патшайымына» ғашық ақынның өзі.

«Көңілім қуаныштан өсіп керім,

Думанға сендер барған кешікпедім...

Жігітпін қыз мінезді жүретұғын

Жанымнан жібек самал есіп менің», - дейді «Қыздарға наз» өлеңінде.

Ғайсағали жырға жүйрік болғанмен, қара сөзге марғаулау. Жасырақ кезінде аса бір шешенсімей, көп айтарын шама келсе бір шумақпен түйіндеуге бейім тұратын. Сондықтан «Тойда айтылмаған сөз» деген өлеңіндегі «Мен үндемеді деп өкпелемеңдер, адамдар, Жүрегім менің сөйлеп тұр!» (сонда. 106-бет.) дегені аз айтып, көп ұқтыратын ақыннның өмірлік кредосы!

Заманында Ақ Жайықтың бас ақыны Жанғали Нәбиуллиндей жыр жампозының батасын алған Ғайсағалидың өлеңдері ұйқас, жазылу шеберлігі жағынан жорғадай тайпалып, төрт тағанын тең басты.

«Аман бол, атамекенім» - Ғайсағалидың екінші жыр жинағы. 1996 жылы «Қазақгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясының қолдауымен Оралдағы «Дастан» баспа-полиграфиялық корпорациясының баспаханасынан басылып шықты. Батысқазақстандық белгілі қылқалам шебері Қуандық Мәдірдің арнайы салған суреттерімен безендіріліп, сапасын арттыра түскен кітаптың мазмұны да ерекше.

«Көктем мен күздің арасы», «Ақиқат арнасы», «Бабалар басқан белменен» аты үш бөлімге топтастырылған 159 беттік жыр жинағына ақынның 126 өлеңі мен Пушкин мен Махамбеттің Оралда кездескені туралы аңызды арқау еткен «Ұлы өзендер тағдыры» атты тарихи дастаны енді. Шеберлігі шыңдалып, қаламы төселе түскен ақынның азаматтық дауысы анық  сезіледі. Ақын бұл жинағын өмірден беймезгіл ерте озған ағасы Ғарифолла Жұмағұловтың рухына арнаған. Өндір таланттың тілсіз жау құрбанына айналғаны әркімнің де өзегін өртейді.

«Арманда өттің сүйгеніңді құша алмай,

Біреулерге ұмыт болдың түс аумай,

Қос қанатын сермей алмай,

Жыр құсы

Жүрегіңде қалды-ау мәңгі ұша алмай...» деп жеткізеді асыл ағасына сағынышын. Ғайсағалидың қыршын бауырына бірнеше өлең арнауы кездейсоқтық емес. Мезгілсіз өткен аяулы жанға, беймезгіл сөнген жыр жауһарына сағыныш еді ол.

Сонау өтпелі жылдарда жоғарғы оқу орынында оқып жүрген, көркіне ақылы  сай таныла бастаған талант - Алтынай есімді қызды белгісіз біреулер азаптап өлтіріп, Шағанға лақтырып кеткен. Артынша ақын қаламынан «Алтынай» атты көркемдігі көзге ұрып тұрған мұңды да шерлі баллада туды.

«...Сыңси шыққан үнге құлақ түріпті ел,

Тыңдайды енді болмас үшін бүліктер.

Әке болып, бала сүйе алмайды

Қыз сыйлауды білмесе егер жігіттер»

 

«...Ата-ананың арманы еді Алтынай

Шағаласыз Шаған жатыр шалқымай,

...Құрбыларым аман болғай дей ме, әлде

Бозторғайдай көкте тұрған қалқып Ай

Алтын – Ай...»  деген жыр жолдары – мезгілсіз солған қызғалдақ-ғұмырға арналған мәңгілік  жыр-мүсіннің әсем үзіктері.

Ақын өлеңдерінде әсем табиғат, жаратылыс көріністері әдеттегіше астарлы тілмен, әдемі жырмен кестеленеді. Көз алдыңа жарық дүниенің шынайы келбеті келеді.«...Кәрі ағаштың белінен сықыр кетпей, Қалтырайды жас терек күз өтінде», «...Жанардан жұлдыз ағар көп, Қиялға үнсіз берілдім: Пілтесін таңның жағар деп Ұшқыны кірпіктерімнің», « ...Қар жауған сәт – Жер мен көктің жамырап Қосылып бір қуанғаны секілді», «...Жер бетін нұрға бөлеп Наурыз келер Көктемнің құлағына сырға тағып!», «...Оянып, міне, келесің Өмір Сәбидің саусақтарында».

Ақынның өлеңдерінде философиялық тегеурінді түйіндер көп. Бір шаңырақ астында өскен ағайынды бес ұлдың бірлігі мен достығының, шырқының бұзылмауын «Бес саусақ сынды едік-ау» деген өлеңінде былай түйіндейді:

«Сан тарау өмір жолдары

Ортамыз кейде толмады...

...Алақан біреу екенін

Ұмытпай жүрсек болғаны».

 

Ал«Қоян-ғұмырда»

«Қанша жүйрік болса да табансызды

Құрығы ұзын қу ажал құтқармаған»  деп келтіреді.

«Тірілерге ой салып, кеттің бе әлде,

Жүрегіңмен соңғы рет дабыл қағып?!» деп («Суық түсі ажалдың»),

қимас жанның жүрек талмасынан үзіліп кеткен соңғы сәтіне өкінішін жеткізе отырып, басқаларға ой салады. Тірілерді қырағылыққа, денсаулықтарын күтуге шақырғандай.

 «...Қашанда озбыр заман

Өткір тілін

Тартпаған мықтылардың қақты басын» («Жұбан және Желтоқсан»)

1995 жылы қаңтарда жерлесіміз, ақын Қадыр Мырзалиев 60 жасқа толып, Батыс Қазақстан жұртшылығы жыр жампозының мерейтойын атап өтті. Осыған орай мерейтой иесінің төрағалық етуімен облыста жыр мүшайрасы өтіп, онда Ғайсағалидың Қадырға арнаған «Ана мен бала» өлеңі бас жүлдеге ие болды.

«Қаршығадай бойына Қадекеңнің

Ұлылығы қазақтың сыйып кеткен» деп шымыр түйінделетін осы және басқа да белгілі қоғам және өнер қайраткерлеріне арнау өлеңдер сапалық жағынан да шырқау биікке көтерілген. Аты мен мазмұны арнау болғанымен, үлкен шабыттан туып, әсем көркемдік шешімдерге ұласып отырады. Мәселен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арналған «Ғарышқа ұшты қазақ» деген өлеңінде ақын қазақ азаматының ғарышқа ұшқанына елмен бірге қуанып

«Тоқтардың ғарышқа тек ұшқаны емес,

Бақыттың көктен келіп түскені бұл!» деп масайрай, бөркін аспанға атты.

Ал Хамза Есенжановқа арнауында

«Қаламына сыйғызып Ақ Жайықты

Жүрегіне халқының құйды апарып» («Сарыөмірде мәңгілік бір ғұмыр бар») дегендей ғажап ойлар шиыршық атады.

Тоқсаныншы жылдар бедерінде Ғайсағалидың Үндістанға туристік сапарынан ғажап циклдар туды. Алыс  елге аттаныс елге, бақыттан балқып тұрған жас отауына, сүйген жарға сағынышын еселеп жіберді. Ерен шабыттан туған осы бір жыр жолдарын толқымай оқу мүмкін емес.

Мен аттанғам,

Тұрсам да кеткім келмей,

Келем ұшып өзіңді көп күн көрмей.

Жүрегімде бір жасын жарқыл қағып,

Көңілімнің лайнері көк тілгендей.

 

Кейде босқа жүрдім бе өкпелетіп,

Аңсаттырған шығармын көпке кетіп.

Жайық жақты бетке алып,

Мен келемін

Көкжиекті көгілдір көктеп өтіп.

 

Білем,

Жүрсің сағынып сен де мені,

Қарсы алдымнан жып-жылы жел келеді.

Сағыныштың лебі есіп қанатымнан,

Көкіректің желкені тербеледі.

 

Жанарымды келемін нұрға малып,

Бұлақтайын қалармын сырға қанып.

Сен де алдымнан шығарсың,

Жүрегіңмен

Қанатымның суылын тыңдап алып...

Міне, ғашық, міне, сағыныш! Сүйген жарға асыққан көңілдің лайнері көкті тіліп, көгілдір көкжиекті көктеп өтіп, елге елегізіп, ентелеп келеді. Сағыныш желінің  өзі алдан жып-жылы леп болып еседі. Көкіректе ақ желкен тербеледі. Жан-жарының жақындап келе жатқанын жүрегімен, көңіл түйсігімен тыңдап алған жан-жары сағыныштан көкті жарып, заулай ағып келе жатқан сыңарының «қанатының суылына» дейін естіп, алдынан шығып тұратыны кәміл! Өршіл өлең осыны ұқтырады.

Қазақтың соңғы хандығы туын тіккен Бөкей Ордасының, соның ішінде нағыз хан Ордасының түлегі Ғайсағали атажұрт шежіресін жырмен кестеледі. «Егер Бөкей көшпесе...», Қырымнан да кеткенбіз», «Махамбет пен Жәңгір хан немесе бас пен доп», «Салық пен тас құдай», «Қарамола», «Ұлы ірге», « Құм мен мұң», «Қап-қара бұлт қоршап тұр», «Тамшымын ғой мен де бір», «Нарыннан хат» және басқа өлеңдерінде қасиетті құм Нарын, соның ішінде тарихи Орда бейнесі, оның даңқты перзенттерінің келбеті анық айшықталады.

«Жер астында қалса-дағы,

Бөкей хан

Шекараны қорғап жатқан секілді...» («Бөкей ханның бейіті») деген жыр жолдарында қаншама астар жатыр десеңші?! Иә, құм астында жатқан зираттар мен құлпытастар – қазақ тарихының тілсіз куәгерлері.

Орда перзенті атажұрт тағдырына алаңдаулы. Оны шын шабыттан туған қуатты жыр жолдары айтып, бебеулейді: «Қарағайдың мұң қонып қабағына, Әжім бетін басыпты емендердің», «Жүрегімді тосамын жел өтіне, Тұрса-дағы көзіме тығылып құм!» («Құм мен мұң»), «...Киік түгіл, далада қалған сынды, Тұлпарлардың шашылып тұяқтары» («Жорықпенен қаншама күн өтпеді»), «Полигонға жер керек деп тұрғасын, Кеткен көшіп кіндікжұрттан аудан да» («Жетікүрең»).

Ата-баба аңсаған, аялаған жер жаннаты Орданың, құм ішіндегі құнардай жасанған жерұйық Орданың суы тартылып, біртіндеп шөлге, мұңға айналып бара жатқанына ақын көңілі алаң.

«Кім сенеді,

Құмға оранған бұл Орда

Қарағайлы қала болды дегенге?!»

 

«Кім сенеді

Мынау құмда көшпелі

Таспадайын тас жол болды дегенге?!»

 

«Кім сенеді,

Қырда мынау көсілген

Қаракөлдей көлдер болды дегенге?!» дей келіп,

 

«Не қасиет қалды екен деп елде бұл,

Шағатындай құрғап жатқан көл де мұң.

...Кәрі орданың тамырынан үзілген

Мөлдіреген тамшымын ғой мен де бір...» («Тамшымын ғой мен де бір») деп, түйіндейді. Иә, бүгінде әскери сынақ аймағының кесірінен, табиғатты аямай бүлдірген кеңестік әпербақан, әкімшіл-әміршіл қоғамның безбүйректігінен аздырылып, жер асты сулары тартылып, құм көшкен Орданың, кешегі көк желекті ортаның жұтаңсыған кейпі сол Ордада өскен перзент түгілі, ел тарихына жаны ашитын сырт көздің өзін жабырқатады. Қарағайлары аспанмен таласып тұрса да, белуарынан құмға батқан Орданы қайтадан аспан астындағы мұражай жасап, құм ішіндегі таспадай  қатқақ жолдың бір бөлігін болса да қалпына келтіруге, Хан ордасына апаратын теп-тегіс қатқыл жол төсеуге  егемен елдің күш-құдіреті жетпей ме деген ойлар әркімді де мазалайды.

«Нарынның нар ұлдары» атты жинағы 1998 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бұл – ақынның үшінші жыр жинағы. Жаңа кітап алғашқы екі жыр жинағынан іріктеліп алынған өлеңдерге қоса, жаңа өлеңдермен, «Тек» атты тарихи дастанмен және «Көркем» атты махаббат қиссасымен толықтырылған.

«Тек» тарихи дастаны - Ғайсағали шығармашылығының нұрлы белесі. Ақын сырлы шежірелер мен тарихи деректерді негізге ала отырып, замана толқынында бірде айырылып, бірде қосылған, түбінде бір халық болып тұтасқан ноғай-қазақ шежіресіндегі ноғай ұлысының түп-тамырына батыл және сенімді барлау жасаған. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жырмен жазылған ноғай-қазақ шежіресі.

Ғайсағалидың тегі – ноғай-қазақ. Өзінің осы шығармасы арқылы исі қазақ шежіресіне бейжай қарамайтын зиялы жұртты ұлт тарихының тылсым сырларына жетелей түседі. Тың ойлар мен парасатты пайымдарға жүгіндіреді.  «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезең өтіп, сонау бір Ноғайлы заманында қазақтың «Алтын ғасыры» дәуірлегенін жыр-қиссалар мен шежіре-аңыздар, кәрі тарихтың өзі де айтады. Дастанды оқи отырып,  заманында Қазанды алған Қара қыпшақ Қоблыландының қара орыннан айырылғаны, Мәскеуді өртеген Тоқтамыс ханның басының жұтылғаны, Орманбеттей биінің, Орақ пен Мамайдай арыстарының күйреп,  қан жұтқан қарға бойлы Қазтуған жыраудың Еділді тастап, елден ауғаны көз алдыңнан сағымдай жөңкіліп жатады. Содан Сақмарды сағалап, ұлтарақтай жер қалап алып, қазақты паналаған жиырма бес үй ноғайдың қазақпен қайта сіңісіп кеткенін жыр етеді.

Бесікті солай бірге тербескенде,

Кейбірі артық болды жерлестен де.

Түтіні ноғайдың да түзу еді,

Нарынға Бөкей бастап ел көшкенде» деп қалың тарихты Бөкей Ордасына әкеліп тірейді.

Өмірден беймезгіл озған жауқазын ақын - Ғарифолла Жұмағұловтың махаббат пен жырға шомылған қысқа тағдырының бір майда самал лебін желпіп, жақсы аға мен жайсаң інінің шығармашылығын  бір-біріне ұластырған «Көркем» хиссасы - шын мәніндегі маххабат ғазалы. Көркем – қыздың аты.

«Көрініп күндей көзіме,

Көңілім нұрға толатын.

Көрікті еді-ау өзі де,

Аты да Көркем болатын.

 

Өртенген бұла жанымды

Кетердей сезім дерті емдеп,

Берердей тауып бағымды,

Көктемді ұқтым Көркем деп», деген жыр жолдарын оқығанда, ғашықтық нұрына шомылғандай әсем әсерге бөленбеуің мүмкін емес.

Бір-біріне ынтызар қос ғашық еміренумен күн кешіп, іштегі сырларын ақ қағазға ақтарып жүргенде, қайран Көркем басқаның бағына байланады.

«...Быт-шыт боп  өмір кемесі,

Түк бермей мендей бағы азға,

Бозбала шақтың елесі

Сарғайып кетті қағазда.

Бұл – қапыда ғашығына жүректегі бір ауыз сөзін де айтып үлгере алмай аһ ұрып қалған бозбаланың іштегі дерті. Қапыда басқаның торына түскен  қыз да ең соңғы сәтте сүйген жігітіне тілдей хат тастап, тұрмысқа шығып кеткен.

Осыдан қайда оңғаным

Жылаумен таңды атырдым.

Кеш білдім жолы болғанын

Ақынның емес, батылдың, –дейді қыз хатында. Бұл – Көркемнің алғашқы және соңғы хаты. Одан кейінгінің қол жетпейтін бәрі арман. Бір сөзбен айтқанда, «Көркем»  – мөлдіреп тұрған көркем дастан. Тебіреніп оқып, махаббат бесігінде тербелгендей күй кешесің.

1987 жылы бір топ өлеңі республиканың жас ақындарының шығармашылығына арналған «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына енген Ғайсағали – бүгінде «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел» жыр жинақтарының авторы.

Алматының «Арыс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген таңдамалысы – «Тек пен тамыр» ақын шығармашылығының шыңы. Кітапқа ақынның ширек ғасыр бедерінде жазған таңдаулы шығармалары – өлеңдері, аудармалары мен дастардары енді. «Ел мен жер», «Көз бен сөз» деп аталатын екі бөлімнен тұратын 325 беттік көлемді жинақтың етек-жеңі жинақы, композициялық желісінің өзінде әсем жүйелілік бар. Елең еткізер айшықты жыр жолдары мен алтынның сынығындай алаулы ой орамдары, сырлы суреттерөлеңнен өлеңге жетелей түседі. «Балтыры ақ қайыңның жарқыл қағып, Көзінен кәрі еменнің шоқ ұшқандай» («Жыр бағы» - 51-бет ), «Көтеріп жылдар жүгін жатқан үнсіз, Секілді қызыл төбе түйе белі, Етегін қалың елдің құм жапқан ба, Керіліп келіншек төс қыр жатқанда, Қызылы жарқ-жұрқ етіп, сол қабақтан, Кетердей қызық көшіп күн батқанда» («Құм мен мұң» 62-63-беттер), «Жас теректің жанына аялдадым, Жапырақта тұрғандай жаз ілініп»  («Жазды таусып келемін» 104-бет), «Қанын да төккен, терін де, Жадында жорық жылдары. ...Батады туған елінде тірілей тұтқын болғаны» («Соғыс тұтқыны» 112-бет).

«Жақыным менің – жалпақ ел» – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат министрлігінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасымен 2007 жылы жарық көрген жыр жинағына ақынның ата жұрты – Нарын құмы мен Ақ Жайықтың сырға толы шежіресін арқау еткен өлеңдері, маххабат, жастық шақ жырлары топтастырылды. «Жүректегі жұлдыздар», «Көңілдегі көктемдер» деп аталатын екі бөлімнен тұратын 237 беттік кітапқа бұрын жазылған шығармаларына ақынның соңғы жылдары жазған жаңа туындылары да қосылды.

Кезінде республикалық «Жалын» журналының жыл қорытындысы бойынша беріп тұрған Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты, республикалық және облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы Ғайсағали Сейтақ бүгінде тегеурінді қаламгер ғана емес, өңірге танымал үлкен қайраткер де. Ғайсағалидың белсенді қоғамдық қызметі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті мен «Жайық  Пресс» медиа холдингіндегі басшылық қызметімен және «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіндегі тілшілігімен ұштасып келеді. Ақын-журналистің қаламынан өңірдің тыныс-тіршілігін арқау еткен іргелі мақалалары мен күнделікті жаңалықтар ақпарат кеңістігіне үзбей қанат қағады. Оның сан салалы қызметі облыстың қоғамдық өмірімен біте қайнасып жатыр. Ғайсағалидың өмірі мен шығармашылығы арнайы зерттеу мен ғылыми жобаларға арқау бола алады.

Сөзімізді Ғайсағалидың «Нарынның нар ұлдары» өлеңінен алған шумақтармен түйіндегіміз келеді.

...Нарын деп нан ұстаған

Көбейер намысты адам.

Нарлықтың туын бізге

Бабалар табыстаған.

 

...Ұрпақтың дарын бәрі,

Шырқалар жалынды әні.

Қашан да бар болады

Нарынның нар ұлдары.

Ғайсағали – құм Нарынның шын дарыны. Нарынның нағыз нар ұлы!

                                                      Аманкелді ШАХИН,

                             ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале