21.10.2019, 12:15
Оқылды: 573

«National Geographic Qazaqstan» журналының фотографы Мақсат Шағырбаев: «Әсерімді жай сөзбен айтып жеткізу өте қиын»

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен өңірде «Арайлы Ақжайық» этноэкспедициясы өз жұмысын бастады.

Экспедиция құрамында ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының бөлім жетекшісі Әйгерім Мұсағажинова, «National Geographic Qazaqstan» журналының фотографы Мақсат Шағырбаев, облыстық тарих және археология орталығының тарихшы-ғалымдары мен журналистер бар. Апта басында Бөкей ордасы, Жәнібек, Теректі аудандарындағы тарихи-географиялық ескерткіштерді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген экспедиция мүшелері Орал қаласына келді.

«Музей шерулері» жалпы республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған «Киіз басу» шеберлік сағатына қатысып, жергілікті қолөнер шеберлерімен пікір алмасып, байланыс орнатқан экспедиция мүшелері Сырым, Қаратөбе аудандарына аттанып кетті.

2

-Батыс өңіріне келгендегі мақсатымыз-осы өлкенің тарихын біріншіден елге, сосын дүние жүзіне паш ету, өзгеше қырынан көрсету. Экспедиция Бөкей ордасы ауданындағы «Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығынан» басталды. Ол жерде алған әсерімді жай сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Ерекше таңқалдырғаны – Жәңгір ханның салдырған мешіті. Түсі жағынан да, сәулеті жағынан да ұмытылмас әсер қалдырды.

Жалпы бұл өңір – қазақ фотография өнерінің отаны. Фотография саласы бізге Батыс Қазақстан, Жәңгір хан, Шәңгерей Сейіткерейұлы арқылы келді. Келер жылы Қазақ фотография қоғамы Бөкей ордасына арнайы келіп, өзімізде бар құнды дүниелерімізді табыстап, қазақ фотографтарының атасы Шәңгерей Бөкеевтің музейін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол кісінің ұрпағы, кәсібін жалғастырушы ретінде басына ескерткіш қоймасақ та, музей ашуды – парызымыз деп санаймыз,-дейді «National Geographic Qazaqstan» журналының фотографы Мақсат Шағырбаев.

Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале