18.07.2017, 18:12
Оқылды: 38

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 3616,4 млн. теңге қаралды

 Natijeli jymispen kamtu  Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл Батыс Қазақстан облысына 3616,4 млн. теңге бөлінді.


   БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Анар Амантаеваның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанындай, еңбек нарығын жаңғырту үшінші кешенді міндет болып табылады. Осыған орай биылдан жүзеге асырыла бастаған аталмыш бағдарламаның басты мақсаты - халықты нәтижелі жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.

     Бағдарлама аясында биыл 4123 адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланса, бірінші жартыжылдықта 1815 адам қамтылды.

   Елбасы Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында адамдарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша оқыту міндеті қойылғаны мәлім. Бұл ретте бағдарламаның «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіби біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша 800 адамды оқыту жоспарлануда. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 183 мобильдік топ құрылып, оқуға жолданатын адамдардың тізімдері жасақталуда. Оқыту биылғы 1 қыркүйектен басталатын болады. Сонымен қатар жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 1077 адамды қысқа мерзімді курстарға жіберу көзделуде. Алты айда еңбек нарығындағы сұранысқа ие түрлі мамандықтар бойынша 811 адам қысқа мерзімді курстарға жолданды.

   Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты аясында несие беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Елбасы биылғы Жолдауында шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану, сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керектігін атап көрсеткен болатын. Сондықтан облыс көлемінде 374 адамға (соның 300-і ауылдық жерде, 74-і қалада) несие беру, 72 адамның несиесіне кепілдік беру ойластырылуда. Биылғы 1 шілдеге дейін 29 адамға несие берілді. Бұған қоса «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 937 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда оқыту кестесіне сәйкес бес ауданда (Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Теректі) пилоттық режимде оқытудың екінші кезеңі басталды. Бірінші жартыжылдықта 296 адам кәсіпкерлік негіздерін оқуға жолданды. Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты аясында жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қарастырылуда. Атап айтқанда, мақсатты топқа жататын адамдарды әлеуметтік жұмыс орындарына, ал жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді алғашқы тәжірибе жинақтау мақсатында жастар тәжірибесіне жолдау және жұмыссыздарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту жұмыстары атқарылуда. Мысалы, 420 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау жоспарланса, ол қазірдің өзінде 416 адам болып орындалды. Сол секілді көзделген 515 жас маманның 263-і жастар тәжірибесіне жолданды. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға 6073 адамды жіберу жоспарланса, алты айда 3871 адам тартылды. «Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында жыл соңына қарай жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайыз (2017 жылдың бірінші тоқсанында 5,0 пайыз), жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,0 пайыз (1 тоқсанда 4,1 пайыз), әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыз (1 тоқсанда 5,2 пайыз) болады деп жоспарлануда», деді Анар Амантайқызы.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале