18.10.2018, 9:25
Оқылды: 24

Нұргүл Мауберлинова: "Мемқызметтердің 80 пайызы электронды нұсқада болуы керек"

Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды нұсқада болуы керек. Бұл туралы өңірдегі БАҚ өкілдерімен кездескен ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова мәлім етті.

Мемлекет басшысы жария еткен Жолдаудың басты бағыттарына тоқталған Нұргүл Өсербайқызы министрлік айналысатын бағыттардың бірі мемлекеттік қызмет саласы екендігін, қоғамның мемлекетке деген сенімі көп жағдайда осы қызметтің сапасына сәйкес айқындалатынын жеткізді.

Осы мақсатта Үкіметтің электронды порталы іске қосылды, тек өткен жылы 34 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Қазіргі кезде Елбасы Жолдауы мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында белгіленген тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындауға толық мүмкіндік бар», - деді вице-министр.

Нұргүл Мауберлинова өңірге сапары барысында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қолжетімді әкімдікте» болып, ондағы қызмет сапасын жоғары бағалады. Мемлекеттік қызметті автоматтандыру тұрғындар үшін аса тиімді болып отыр. Яғни электронды қолы болса, әркім өзінің үйінде отырып-ақ, ешқандай уақыт шығындамастан, кез келген мемқызмет түрін ала алады. Күні бүгін 452 қызмет түрі дәстүрлі және электронды нұсқада да қолжетімді.  Цифрлық технологиялар бұқаралық ақпарат құралдарын да айналып өтпейді.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, елімізде цифрлық эфирлік хабар тарату енгізілуде. Маңғыстау облысы 22 қазаннан бастап осы жүйеге көшпек. Батыс Қазақстан облысы мұндай цифрлық эфирлік хабар таратуға 2020 жылдан бастап көшеді деп көзделуде. Ол үшін алдағы жылы қажетті инфрақұрылым құрылысы басталады. Жаңа жүйе Орал қаласында 30-ға, аудандарда 15 телеарнаға дейін солардың көрсетілімдерін қамтамасыз ете алады. Министрлік сондай-ақ ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтумен де жұмыстана бермек. 2018-2021 жылдары мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы барлық ауыл интернетке қол жеткізбек. Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстанның өзінде 2021 жылға дейін 92 ауылға интернет қосылады.

Жиында «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ баға мәселесіне тоқталып, монополист мекемелердің өз қызметінің құнын көтеруді ойламай, ішкі резервтерін іске қосу жолдарын көбірек іздестірсе деген ұсынысын білдірді. Мысалы, «Қазпошта» АҚ-ның газет-журнал таратуда монополист мекеме екені белгілі. Олар қызмет бағасын көтерсе, бұған газет шығарумен айналысатын медиахолдингтер көндігуге мәжбүр болады. Сондай-ақ  Орал қалалық «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншәлиева, «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Клара Қамбетова және басқалар Жолдауға байланысты өз ой-толғамдарын білдірді.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазпоштаға» отандық БАҚ-тарды оқырмандарға жеткізу үшін субсидия төлеп келеді. Әзірге «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерімен айналысудамыз. Барлық өңірлерден қажетті ақпаратты жинастырайық, сосын жалпы қаржысы қанша болады, соны есептейік. Содан кейін бұл мәселені шешейік. Сол секілді халыққа қызмет көрсету орталықтарында газет сататын киоскілер ашуға болады. Әрине, медиахолдингтер газетті қағаз түрінде, сосын интернет көздері арқылы тарата алады. Бұл жерде соны қалай тиімді берудің жолдарын таба білу керек. Мысалы, ақпараттарды интернет көздері арқылы жарияласақ, газетке талдау, сараптама және шолу материалдары көбірек керек. Өңірлік БАҚ-тар үшін өткір мәселенің бірі болып отырған кадр даярлау мәселесі де министрлік назарында», - деді Нұргүл Өсербайқызы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале