2.08.2017, 18:37
Оқылды: 124

Нұрлыбай Жолдыбаев: «Ер жігіт 40 жасқа дейін халқы үшін бір іс қылуы керек»

Жұртшылық қазталовтық Нұрлыбай Жолдыбайұлын туған ауылына өз қаражаты есебінен медпункт салып берген азамат ретінде таниды. Өткен жылы ашылған медпункттің фельдшерлік және акушерлік кабинет, екпе бөлмесі жаңа аппараттармен де қамтамасыз еткен. Бүгінде ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ емдерін алуда. Жаны жомарт кәсіпкер бұнымен тоқтап қалмаймын дейді. Елжанды азаматпен әңгіме барысында оның кәсіпке қалай келгенін, мақсаты мен жоспарларын қағазға түртіп алдық...

«17 жасымда көшеде шемішке саттым»

Әке-шешем Жолдыбай-Ғазиза Тапауовтар - Жалпақтал ауылының азаматтары. 1976 жылы Сарықұдыққа қоныс аударған. Ауылдың жаңадан құрылып жатқан кезі екен. 1977 жылы мен дүниеге келдім. 1994 жылы орта мектепті бітіріп, қалаға келдім. «Еңбек және бизнес» саласын таңдағаныммен, оқуға түсе алмадым. Арманымнан бірден бас тартпай, ауылға барып, физика-математика пәндерінен 3 ай қосымша сабақ алдым. Ол кез қиын уақыт еді. Үйде 5-6 бас мал болды. Әкем малды сатып, ұн алатын. Үйде 7 баламыз. Айына екі қап ұн пайдаланатын едік. Жасыратыны жоқ, қиындық дендеп кетті. Сол жылы үйде жатқаным жарамас деп, қалаға келдім. Бар ойым - әке-шешеме көмектесіп, үйге екі қап ұн жіберіп тұру. Қалада нағашымның қасында жүрдім. Маған дайын тұрған жұмыс жоқ. Не іспен айналысамын? Үй ішіне қалай көмектесемін? Содан бір жұмадан кейін базарға барып шемішке сатып алдым. Ол кезде 17 жастамын. Сатайын десем, жұрттың бәрі маған қарап тұрған сияқты болады да тұрады. Қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ маңында «Көктем» деген дүкен болатын. Соның қасына қорқасоқтап барып, шағуымды саттым. Күндіз жақсы өтті. Пәтерде бізбен бірге университетте оқитын жігіттер тұрды. Олар да бұл ойымды қолпаштап, кешкі уақытта үшеулеп саттық. Оларға түскен табыстан 100-200 теңге беріп тұрдым. Қалғанын жинай бердім. Қалаға ет үйренгесін, пойызбен Ресейге бардым. Жолда өзбектерден алған шұлығымды Оралға әкеліп сатамын. Сол бойда өтіп кетеді. Жұмыс жақсы жүре бастады. Содан Ресейге күріш апардым. Ана жақтан бізде жоқ-ау дегенді алып келеміз. Сөйтіп жүргенде, әскерге шақырту алдым. Тұрмыстың ауырлығынан осы әскерге бармай, елде қаламын ба деген ой болды. Алайда әкем борышыңды өтеп кел деді. Сөйтіп 1996-1998 жылдары Алматы жақта әскерде болдым.

 Әскерден кейінгі өмір базар жағалаумен өтті

Ол кезде Оралда шымкенттік саудагерлер көп болды. Солардың бірі – Шәмші деген кісі. Оқушы балаларының сабағы аяқталғанда, еліне кететін. Бір жылы 21 жастағы маған 500 мыңның тауарын сеніп тапсырды. Ол жылдары бұндай ақшаға 5-6 үй алуға болады. Бережақ болып қаласың, жолама дегендер болды. Бірақ мен өз күшіме сендім. Саудаға мұқият едім. Түскен табысты пойызбен Шымкентке жіберемін. Содан Шәмші ағай күзде Оралға келді. Дүкеннің іші тап-таза, жинақы. Бар есепті дәптерге жазып жүрдім. Қатты риза болды. Сауда деген жақсы нәрсе екенін түсініп, Шәмші ағама рахметімді айтып, кете бардым.

Көшеден шөлмек жинадым

Шәмші ағайдан кеткен соң, шыны ыдыс жинап өткізе бастадым. 1999 жылдың желтоқсаны еді. Өзіміз жинап, адамдардан қабылдап, зауыттарға өткіздік. Қосымша анау-мынауымды сатып жүрдім. Содан 2000 жылы әкеміз көмектесіп, қаладан бір үй сатып алдық. 2003 тағы бір үй салдық. 2003-2004 жылдары үйде мал басы 15-16-ға жетіп қалды. Ол кезде елдің бәрі жаппай қалаға көшті. Ал мен олардың малдарын сатып алдым. Сөйтіп мал басын көбейте бердік. 2006 жылы несиеге камаз алдым. Оны жалға беріп қойдым. Ай сайын 156 мың теңге төледім. Жыл жарымда несиені төлеп бітірдік. Мал да көбейе бастады. Сол кезде бағымда 60 шақты мал басы болды. Бар малды тиеп, Ақтауға өткіздік. Бос орынға Оралдан орамжапырақ тиеп, сатып жүрдік. Сол сәттен малдан жақсы пайда бар екенін ұқтым. Ендігі бар мақсатым – артылған ақшаға мал басын көбейту еді.

2007 жылы қаладан ауылға көштім

Халық жаппай қалаға қоныс аударып жатқанда, ауылға көштік. Үкімет мал шаруашылығына жақсы көңіл бөліп жатқан кез еді. Сол жылы 70-80 бас малмен «Дархан» шаруа қожалығын аштық. Бәрі бірден үйлесіп кетпейтіні анық. Қарыздандық, қауғаландық. Сізге өтірік, маған шын, жұртқа 8 миллион теңге берешек едім. Аллаға шүкір, үкімет берген демеуқаржыларды пайдаланып, ісім ілгерілей бастады. Қазір қожалықта өзімізді қосқанда 17-18 адам бар. Науқан уақытына байланысты өзгеріп отырады. 4-5 жылқы сауып отырмыз. Той-томалақтарға қымызды көптеп алады. 2012-2013 жылдары еттің бағасы түсіп кетті. Содан 2015 жылы өз өнімімізді айналымға түсіру үшін «Шаһизада» асханасын аштық. Асханада тұрақты 10-11 адам жұмыс істейді. Жолаушылар риза сияқты. Қазір «Дархан» ШҚ 1000 бас ірі қара, 500 жылқы, 1000-ға тарта қой малы бар. Мал басының тұқымдық сапасын жақсартудамыз. Биыл 120 бастай асыл тұқымды аналық сатып алғымыз келеді.

 Мектеп оқушыларын шаруашылыққа араластыру керек

Әсіресе, 9-10 сыныптарда оқушыларды қожалықтарға апару керек. Бәрі бірдей мұғалім не есепші болып кетпейді. Ой салу керек. Егер қолынан келетін бала болса, бағыт ала беруі керек. Сосын жоқ нәрсемен айналысу керек. Мәселен, Талдыпанда су бар, алайда, ешкім қаз өсірмейді. Әр оқушы мектеп кезінен өз-өзіне сұрақ қоюы керек. Ер басына іс түссе – етігімен су кешер дейді. Мысалы, мен 16 өрімге дейін қамшы жасаймын. Шаш қиямын. Үй саламын. Осы кезге дейін 13-14 үй салған екенмін. Жігітке жеті өнер де аз дейді. Өлең шығарамын. Жалпы өзім қолөнерге жақынмын. Сол 1994 жылдары қыз жиһазын жасап, тайөгізге сатып жүрдік. Адам жан-жақты болуы керек.

Халқыма пайдамды тигізу - өмір бойғы арманым

Сарықұдықтың қазіргі келбетіне көңілім толыңқырамайды. Бірақ 50 жылда – ел жаңа демей ме? 1976 жылы құрылған ауылымызда 48-дей үй қалған сияқты. Су келеді, газ жетеді деседі. Сондықтан болашағымыз жарқын болады деп үміттенемін. 2016 жылы ауылға медпункт салып бердік. Бұл – менің өмір бойғы арманым еді. 2002 жылдары шөлмек жинап жүрген кезімде, ауылдағы ардагерлерге тәтті сыйлық жасап едім. Анам – аяз ата, апам – ақшақар болды. Сол кездегі қариялардың маған, яғни, 25 жасар жігітке алғысы ерекше әсер етті. Ішімнен мен қоғамға қажет екенмін дедім. Содан көңіл түкпірінде халыққа пайдам тисе деген арман ұялады. Жағдайым түзелгесін, медпункт салып беремін деп шештім. Ауылдағы медпункттің қабырғасы құлап қалған. Контор ғой. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына сый жасап, халықтың игілігіне ұсындым. Мойнымнан жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Ауыл азаматтары да көмегін тигізді. Сөйтіп, көптің арқасында халыққа, өзімізге қажетті нысан салынып қалды. Арманы жоқ адам – өзіне есеп бермейді деп ойлаймын. Әрине, дұрыс, қолымнан келеді-ау деген нәрсені мақсат ету керек. Мен бір медпункт салып тоқтап қалмаймын. Алла амандығын берсе, жоғымызды түгендегім келеді.

 Сарықұдыққа Мәдениет үйін салмақпыз

Мәйіт басындағы тасаттық кезінде сөйлеген сөзімде, ауылға Мәдениет үйі қажет дедім. Мәдени шараларда мектептің спортзалына жиналамыз. Неге Мәдениет үйі? Халықты ыдырату үшін оны тілінен, дінінен және мәдениетінен айыру керек екен. Және менің назар аударып отырған мәселем – бұл іске жалпы халықтың жұмылуы қажет. Мен намыстансам, құдайдың көзі түзу болса, нысанды өзім-ақ салып беремін. Ал мен ауылдастарымды осы іске тартқым келеді. Өзім алғашқы жарна ретінде 1 миллион теңге салдым. Түсінген адамдар азын-шағын қаржы салып жатыр. Біреуі зейнетақымнан берем десе, келесісі балшығыңды езейін дейді. Оның өзі жақсылық. Бізбен ниеттес екенін білдіреді. Өздерінің бір үлесі болған соң, ол нәрсе оларға ыстық болады. Балаларына үлгі бола алады. Қазір Мәдениет үйінің орыны таңдалынды. Бұйырса, күзде іргетасын қалаймыз.

Біздің қазіргі уайымымыз – ошақ қасы

 Менің өмірдегі ұстанымым – қарапайым болу. Қызылды-жасылға қызықпаймын. Үйім жарқырып тұрған жоқ. Әйел-бала-шағам қымбат киініп, шалқып жүрген жоқ. Мен осылай жұбайымды, балаларымды тәрбиелеймін. Олардың бойында мақтаншылық, мансапқорлық сезімі болмауы керек. Бір ұлым, екі қызым бар. Олардың тәрбиесі алаңдатады. Әке-шешеміз бізге өтірік айтпа деп өсірді. Өзіміз ес кіргесін іздене бастадық. Қаншама батыр бабаларымыз ел жолында жанын қиды? Ал біздің қазіргі бар уайымымыз – әйеліміз сөйлемесе, балам ренжімесе екен деумен шектеледі. Қазір менің жасым – жігіттің іс қылатын жасы деп ойлаймын. Ер адам 40 жасқа дейін өзіне мақсат қойып, соған жетуі қажет. Бұл қасиет менің бойыма әкенің қанымен, ананың сүтімен, сондай-ақ, терме, рухани шығармалар арқылы сіңді. Әр ер-азамат алпыс үйлік маңайға көзін салып жүрсе, еліміз өркендейтініне сенімдімін!

Жазып алған Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале