5.11.2018, 10:50
Оқылды: 59

Нұржан ҚАЛИШАНОВ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының басшысы: «Кәсіпкерге көмек көп»

Дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесіне ішкі жалпы өнімнің 70-80%-ы тиесілі, ал бізде бұл көрсеткіш әзірге 27%-дың айналасында. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мақсатында нарықтағыдан әлдеқайда төмен пайызбен несиелейтін мемлекеттік бағдарламалар жасақталып, іске қосылған. Алайда кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау-көмекке қол жеткізудің, құжат жинаудың қиындығын айтады. Біз кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай көмек-қолдау ала алатыны жайында әңгімелемекпіз.

калишанов

– Нұржан Бауыржанұлы, кәсіпкерлер қандай мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмек-қолдау ала алады?

         – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлерге арналған өнімдер мен қызметтердің ауқымды спектрін ұсынады. Соның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы несие беру бағдарламаларын іске асырады, лизингтік мәмілелерді қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру, консультациялық қолдау, ақпараттық-аналитикалық материалдарды тарату жұмыстарымен айналысады.

«Даму» қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерден алынатын несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендірудің қаржылық агенті болып табылады, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы кеңес беру бағдарламаларының операторы қызметін атқарады.

         – Шағын және орта бизнесті қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы бойынша қаржыландыру бағдарламасы қалай жүруде?

         – Батыс Қазақстан облысы аумағында тіркелген және жобаларын жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер «Даму Ақжайық» өңірлік бағдарламасы бойынша 8,5%-дан аспайтын, 50 000 000 теңгеге дейін, мерзімі 84 айға дейінгі несиені пайдалана алады. Облысымыздың моноқалаларында, шағын қалаларында, елді мекендерінде өз ісін бастаған  жас кәсіпкерлерге несиені салалық шектеусіз алуына болады. Басқа жағдайларда кәсіпкерлердің жобалары басым салаларға сәйкес болуы қажет. Бағдарлама бойынша «Халық банкі», «Банк ЦентрКредит» жұмыстанады.

         – Қазіргі уақытта қайта өңдеу саласының кәсіпорындарына қаншалықты қолдау көрсетілуде?

         – Қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың «Даму-Өндіріс» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпорындарға 6%-бен ЕДБ арқылы несие алуға мүмкіндік береді. Нақты мысал келтірсек, өңірде шиналарды қайта өңдеу саласындағы өндірісті қолға алған компаниялардың бірі – «Кама-Центрге» мемлекеттік қолдау көрсетілді. Аталмыш компания кең ауқымды резеңке жабындарын өндіру мақсатында ескі аутокөлік шиналарын және басқа да резеңке өнімдерін қайта өңдеу жобасын биылғы ақпан айында Оралда іске қосты. Жобаның шамасы 200 млн. теңгені құрады.

         – Нұржан Бауыржанұлы, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арнайы бағдарлама бар ма? «Еңбек» бағдарламасы бойынша қанша адам несие алды?

         – Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Даму» қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын» жүзеге асыруда. «Даму» қоры осы бағдарламаның қалаларда жүзеге асырылуына жауап береді. «Еңбек» бағдарламасы  жүзеге асырылатын қалалар тізіміне Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал және Ақсай қалалары енгізілді. «Даму» қорының филиалы осы екі қаладағы кәсіпкерлерге «Еңбек» бағдарламасы аясында қолдау-көмек көрсетеді. Ал ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-лар арқылы несие серіктестіктері тарапынан қаржыландырылады. Бағдарламаға жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Қатысушылар міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өтуі тиіс. Сондай курстан өткені туралы сертификаты болған жағдайда ғана несие беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін несие жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен кем де-генде екі  адамға жаңа тұрақты жұмыс орнын құрғанда беріледі. Бағдарламаның ерекшелігі сонда – несиені төмен 6%-бен алуға болады. Берілетін несие шамасы 6,5 мың АЕК-қа дейін. Несиелендірудің ұзақ мерзіміне келсек, инвестициялауға бес жылға дейін, айналым құралдарын толықтыруға үш жылға дейін ұсынылады.

         Азаматтар, негізінен, өздері жақсы білетін салаларды таңдайды. Біреуге қызмет етіп жүрген азаматтар несие алып, өздері бизнес ашып жатыр. Мәселен, жақында шаштаразда жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген маман несие алып, жеке шаштараз ашты. Нақты мысалдарға келсек, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер Малика Абдулова балаларды түзету және дамыту «Радуга» Монтессори орталығын ашу үшін біздің қор арқылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алды. Бұл қаржыға ғимарат сатып алып, жеке дүкенін де ашты. Ал «Гармония Сервис» ЖШС-ның негізін қалаушы, жас кәсіпкер Абзал Өтегенов Орал қаласынан кілемдерді тазалайтын кәсіпорынды ашуға несие алып, керек жабдықтарды сатып алды. Кәсіпкерге несие алу үшін «Даму» қоры тарапынан 85% көлемінде кепілдеме берілді. Қаламыздың тағы бір тұрғыны Ақұштап Құспан «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алып, бұл қаржыға ғимарат сатып алды және жеке сұлулық салонын ашты. Мұндай мысалдар жеткілікті.

         – «Даму» тарапынан сауда саласындағыларға қолдау-көмек бар ма?

         – Сауда саласындағы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер «Еңбек» бағдарламасына қатыса алады. Ал моноқалалар, шағын қалаларда және елді мекендерде жобаларын жүзеге асырушылар салалық шектеусіз «БЖК-2020» бағдарламасына қатыса алады.

         – Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары нарықтағы өзге бағдарламаларға қарағанда қаншалықты тартымды?

         – Мемлекеттік бағдарламалардың ең басты мақсаты – кәсіпкерлердің несиелері бойынша ауыртпашылығын төмендету. Оның ішінде жеңілдетілген несиелер, пайыздық мөлшерлемені 40-50%-ға дейін субсидиялау арқылы төмендету және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін 85%-ға дейін кепілдендіру.

         – «Даму» арқылы мемлекеттік қолдау-көмек алу үшін құжат көп керек пе? Қандай кепілдік сұралады?

         – Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылай қолдауға ие болғысы келетін азаматтар «Даму» қорының филиалына келуіне болады. Бізде филиал жанында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Орталық мамандары келушілерге бағдарлама шарттары мен тетіктері бойынша толық ақпарат береді. Олардың жоспарын, идеяларын тыңдап, қызмет түріне, қажет қаражат көлеміне, кәсібінің орналасу жеріне байланысты ең тиімді бағдарламаны таңдайды. Мемлекеттік бағдарламалардың ішінен кәсіпкер үшін ең тиімдісін таңдап, құжатын жинауға көмектесеміз. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін кәсіпкерлерге банктердің ішкі талаптарына сай және банктің кепілдік саясатына сәйкес құжаттарды толық тапсыру қажет. Соңында толық дайын болған құжаттарды екінші деңгейлі банктердің қарауына жібереміз. Одан әрі банктер өздерінің ішкі талаптарына сай жобаларды қарап, қаржыландырады.

         – Нұржан Бауыржанұлы, соңғы сұрақ: несиесі бар кәсіпкерлер мембағдарламалар бойынша көмек ала алады ма? Қандай банктермен жұмыс істейсіздер? «Дамудағылар» бизнес-жоспар жасауға көмектеседі ме?

         – Егер кірісіңіз жеткілікті болып, ай сайынғы төлемді жаба алсаңыз, несие алуға еш кедергі жоқ. «Даму» қоры барлық банкпен жұмыс істейді. Банктер арасында кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша «Сбербанк» және «Халық банк» белсенді жұмыс істеуде. «АТФ», «Банк ЦентрКредит» банктерінің де көрсеткіші жаман емес.

         Бизнес-жоспар бойынша кеңес алу және тегін әзірлеуге «Атамекен» ҰКП-дағы мамандар қолдау көрсетеді.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале