30.12.2017, 12:25
Оқылды: 41

Облыс əкімі Алтай Көлгінов батысқазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлігіміздің арқасында өтіп бара жатқан 2017 жыл өңіріміз үшін жемісті жыл болды. Әсіресе, өңірімізде мемлекеттік «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, облысымызда 500 шақырымға жуық жолға асфальт төселіп, 12 ауданының 60-тан астам елді мекеніне таза ауыз су, алты ауданның 35 ауылына көгілдір отын жетті.

Кез келген отбасы үшін ең маңыздысы – өз баспанасы екені анық. Бұл орайда облыс көлемінде 380 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 1500 отбасы Жаңа жылды өз шаңырақтарында қарсы алуда.
Биылдың өзінде бірнеше білім беру және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Ондаған әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асты. Бизнеске қолайлы жағдай жасалып, инвестициялық жобалар қолға алынды. Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Өз өнімдерін экспортқа бағыттаған бірнеше кәсіпорын ашылғанын да ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ биылғы жылы цифрландыру бағытындағы жұмыстар ерекше серпін алды. Облыс орталығы – Орал қаласын «Смарт сити» тұжырымдамасы бойынша дамытудамыз. Ал Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өздеріңіз ерекше қолдау көрсеттіңіздер. Үш батысқазақстандық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар облыс орталығында «Рухани жаңғыру» музейінің ашылуы да айтулы оқиға. Оған өлкеміздің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды. Бұл орайда жергілікті жанашыр кәсіпкерлердің қолдауы ерекше.

Атқарылған істің барлығы өңір халқының ынтымағы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесі екені сөзсіз.

Жаңа жылда барша адамзат жақсылыққа үміт артады. Енді бірер күнде табалдырықтан аттап, төрге шығар 2018 жыл бүкіл қазақстандықтармен бірге қасиетті Жайық елі үшін де ерекше жыл боларына сенім зор.

Халқымызда «Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын!» деген таным-түсінік бар. Олай болса, 2018 жыл жасампаз істердің, жарқын жетістіктердің жылы болғай!
Жаңа жыл елімізге береке, әр шаңыраққа ырыс-құт әкелсін!
Әрқайсыңыздың деніңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен арман-тілектеріңіздің орындалуын тілеймін!
ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ізгі тілекпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале