21.06.2019, 19:26
Оқылды: 328

Облыс әкімі ардагерлермен кездесті

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір ардагерлерімен кездесті. Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, облыстық ақсақалдар және аналар кеңестерінің мүшелері, еңбек ардагерлері бас қосқан жиында Ғали Нәжімеденұлы:

- Осыдан бір апта бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен сенім білдіріп, Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындады. «Баталы ұл – арымас» демекші, осы жауапты қызметті атқару барысында маған жастардың, әріптестердің, ең бастысы қазыналы қариялардың қолдауы керек. Сіздер түрлі салада ұзақ жыл қажырлы, абыройлы еңбек етіп, өңірдің дамуына айрықша үлес қостыңыздар. Сондықтан да сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз кейінгі буынға үлгі-өнеге. Өздеріңізбен дидарласып пікір алмасу үшін, тапсырмаларыңызды тыңдау мен үшін үлкен мәртебе,- деп атап өтті.

Кездесуде белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай алғашқы болып сөз алып, «қарты бар үйдің қазынасы бар» екендігіне тоқталды. Қоғам өміріндегі ардагерлер атқарып отырған ауқымды жұмыстар жөнінде айтып, елдің бірлігі, тұрақтылық, ұрпақтар сабақтастығы туралы ойларын ортаға салды.

IMG_9898

-Біздің тынысымыз – елдің тынысымен үндес,сабақтас. Жасымыз егде тартса да, зейнет демалысына шыққанымызға көп уақыт өтсе де елдің тіршілігінен еш уақытта бөлініп кеткеніміз жоқ. Әрине, тәуелсіздіктің аясында жеткен жетістігіміз көп, дейтұрғанмен, алаңдататын да жағдайлар бар. Ең алдымен, ауылдың жайы, екінші жастардың жағдайы. Жұмыс жоқ болғасын ауылдағы жастар жаппай қалаға көшіп жатыр. Ауылда тұрақтап қалу үшін жастарды жұмыспен, баспанамен қамту керек,-дей келе ақсақал қойнауына тарих тұнған Бөкей ордасы ауданына сапалы жол жеткізу, Күнбатыс Алашорданың астанасы болған Жымпиты ауылында Сырым орталығын ашу, облыста Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының филиалын ашу туралы ұсыныстарымен бөлісті.

IMG_9941

-Біз түрлі дәуірді өткерген аға ұрпақтың өкіліміз. Соғысты да, қайта құруды да бастан өткердік. Қазір ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Атқарылған іс көп, алда тұрған міндеттер одан да көп. Біздің облыс – республикадағы алдыңғы қатарлы облыстардың бірі. Осы екпінді бәсеңдетпей, халықпен бірлесе, пікірлесе отырып еңбек ету қажет деген Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин облыс басшысының қызметіне толағай табыс тіледі.

IMG_9860

Оймақты ойлар мен салмақты сөздер айтылған кездесу соңында Ғали Нәжімеденұлы шақыртуын қабыл алғаны үшін ардагерлерге алғыс айтып, аға ұрпақ өкілдерімен жиі жүздесіп тұратынын жеткізді.

Динара Жұмабекқызы,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале