21.06.2017, 19:11
Оқылды: 61

Облыс әкімі Ескендір Хасанғалиевті қабылдады

Kabildau 0123   Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жоғары дәрежелі «Отан» орденінің иегері Ескендір Хасанғалиевті қабылдады.


         –Өзіңізді көргенімізге қуаныштымыз, туған жеріңізге қош келдіңіз! Сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдайтын өз тыңдармандарыңыз, шығармашылығыңызды жақсы көретін үлкен қауым бар. Оралға келуіңізбен солардың барлығын тағы да қуантып тастадыңыз. Сіздің әндеріңізді орындайтын дәстүрге айналған «Атамекен» фестивалі енді жыл сайын өтетін болды. Аталған байқау арқылы талай дарындылардың жолын аштыңыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы рухани жаңғыру туралы айтты. Соның ішінде «Туған елге тағзым» сияқты игі шаралар патриотизмнің нағыз өзегіне айналуы тиіс екендігін баса айтты. Ал сіз Оралға келіп, фестиваль ұйымдастырып, концерт беріп, туған елдің мәдениетінің дамуына үлкен үлесіңізді қосып жүрсіз. Сіз Орал өңірінің ғана емес, жалпы қазақтыңң Ескендір ағасысыз ғой,-деді Алтай Сейдірұлы.

         Әкім қабылдауында болған композитор журналистермен кездесуден алған әсерімен бөлісті.

         –Облыс әкімі Алтай ініміздің қабылдауында болдық. Ол бізді өте жылы қарсы алды. Дәстүрге айналған халықаралық «Атамекен» фестивалі биыл тоғызыншы рет өтуде. Аталған шара екі жылда бір рет ұйымдастырылушы еді, алайда Алтай інім жыл сайын ұйымдастыруға ұсыныс жасады. Фестивальдің мақсаты – жастарды, өнер адамдарын мәдениетке тәрбиелеп, халық арасына шығару. Байқауға жастар Ресейден, тіпті Қытайдан келіп өнер көрсетуде. Сонымен қатар көп дауыспен айтатын трио, квартеттер ансамбльдық аспаптарымен менің халық арасында әлі таныла қоймаған әндерімді орындап қуантып жатыр. Биыл 77 жасқа келдім. Аман-есен жүрсем, Астана, Алматы қалаларында және өзге де облыстарда есеп беру концертімді өткізгім келеді. Туған елге оралған сайын әркез балалық шағым көз алдыма оралады. Сол себепті де репертуарымда туған елге арналған әндер көбірек,-дейді Ескендір аға.

   Атақты композитор облыс әкімінің қабылдауынан соң қазақ драма театрында жеке шығармашылық кешін өткізді. Кеште Ескендір Хасанғалиевтің ұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші композитор Біржан Хасанғалиев те өнер көрсетті.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале