5.05.2017, 18:10
Оқылды: 63

Облыс әкімі жеке кәсіпкерге мал бордақылауға ден қоюды ұсынды

Терек 008   Облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапар барысында Теректі ауданы, Новопавлов ауылына қарасты "Мəдиев" шаруа қожалығында болды. Қожалық 1998 жылы құрылған, егін және мал шаруашылығымен айналысады. Аудандағы 32 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған қожалық иелігінде 6 мың гектардан астам егістік жер бар. Несібесін жерден тапқан кәсіпкер күздік қара бидай, ақ бидай, арпа, күнбағыс егіп, жылда мол өнім алуда. Сонымен қатар қожалық асыл тұқымды ірі қара малы мен қой өсірумен шұғылданады.


   Облыс әкімі жеке кәсіпкерге күздік қара бидай дақылы егісінің көлемін арттырып, мал бордақылауға ден қоюды ұсынды.

   Сонымен қатар өңір басшысы Новопавлов ауылындағы ауыз су құбырын қайта құру жұмысы барысымен танысты. Өңіріміздегі "Ақбұлақ" бағдарламасымен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысы аяқталған соң, ауылдағы 190 үйді таза ауыз сумен қамтитын болады.

   Айта кетейік, аталған су құбыры 1976 жылы тартылып, осы кезге дейін жөндеу көрмеген. Құрылыс нысанында 20 шақты адам жұмыс жасауда. Барлығы 24 шақырым құбыр мен 4,8 шақырым электр желісі тартылатын болады.

   Облыс басшысы Ұзынкөл ауылындағы "Барбастау" су қоймасында да болды. 85-90 миллион текшеметр су қорын жинауға қауқарлы қойма 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Жөнделуіне 80 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған Барбастау су қоймасы бірнеше гектар суармалы егістіктер мен жайылымды алқапты суландырып қана қоймай, канал бойымен Шалқар көлін де сумен қамтуға арналған.

   Сондай-ақ Теректі ауданындағы "Тұлпар LTD" ЖШС-де болған облыс басшысы егістік алқабын өңдеу, ылғал жабу жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын басшысы Валерий Голоухов жаңа агротехника, соңғы жылдары алынған заманауи технологиялардың тиімділігі туралы айтып өтті.

   Аталмыш шаруашылық көп жылдан бері өңір диқандарын 1,2,3 сұрыпты, репродуктивті тұқыммен қамтамасыз етіп отыр.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале