11.10.2017, 18:41
Оқылды: 37

Облыста белгілі тұрағы жоқ 300-ден астам адам тіркеуге алынған

IMG-20171011-WA0060Бұл жайында белгілі тұрағы жоқ адамдардың әлеуметтік бейімделуін шешу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық директорының орынбасары Ақтоты Сарина айтты.

Оның сөзінше, орталық 2001 жылдан бері қызмет етеді. Орталық жанында тұрағы және құжаты жоқ адамдарды түнетуге қабылдайтын орын бар. Жазғы маусымда келушілер іңір түсе сағат 21:00-ден бастап жарты тәулікке, қыс кезінде 18:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін қабылданады. Биылғы 9 ай ішінде түнеу орнына 204 адам келген. Сонымен қатар, орталықтың ұйымдастыруымен ұтқыр топтар көшелер бойында тұрақтаған жандарға арнаулы әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін 299 адамға сантиарлық тазалау шарасы, алғашқы медициналық жәрдем және дәрігерге дейінгі көмек ұсынылған.

– Ең алдымен, оларды жұмыспен қамту және баспана беру мәселесі өзекті екені мәлім. Құжаттарын қайта жасатуға кейбір мекемелердің қосымша анықтама талап етуімен 6 айдан астам уақыт кетеді. Өзіндік өмір сүру салтына еті үйренген және ішкілікке салынған кейбірін соншалықты мерзім күттіру оңай емес. Бұрын құжат мәселесімен айналысатын АХАТ органдары бұған қатысты шаруаны Орал қалалық ІІБ көші-қон полициясы бөліміне сырғытады. Сондай-ақ, белгілі себеппен үсік шалған және күйік жарақатын алғандарға мүгедектік белгілету үшін емдеу нысандары ақылы түрде диагностикадан өтуді талап етеді. Бұған қала бюджетінен қаражат қарастырылмаған. Және емдеу нысандарында кезек мәселесі шешілмеген. Себебі емделушілердің көбі олармен бірге кезекте тұрғанды жақтыра бермейтіні рас, – деген орталық басшысы орынбасары тағы басқа күрмеулі түйіндерді ортаға салды.

Дөңгелек үстелде Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Данияр Қарекенов биыл әлеуметтік салаға қатысты шаһар бойынша 321 миллион теңгеден астам қаражатқа 14 жоба жүзеге асып жатқанын айтты. Оның ішінде «Аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» РҚБ 1 миллион 785 мың теңге қаражатқа мамыр-қазан айларында белгілі тұрағы жоқ 396 адамға 5 мың 320 бір реттік тамақ беруді ұйымдастырған. Тамақ беру нүктелері қаладағы темір жол бекеті, шіркеу ғимараты, «Лидер» дүкені, Орал дүкені аялдамасы аумақтарында таңғы сағат 7:30-да ашылады. Қайырымдылық шарасына сала қызметкерлері мен еріктілер көптеп тартылған. Бірлестік қолдауымен панасыз жандарға бірнеше мәрте киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды жинау шаралары қолға алынған. Және қалалық №4 емханада флюграфиялық тексеруден өткізу ұйымдастырылған. Аймақтық әйелдерді қолдау орталығы ұйымдастырған басқосуда салалық мекеме, құқық қорғау және денсаулық сақтау органдарының өкілдері ортақ мәселеге қатысты басқа да жайттарды талқылады.

Нұртай Текебаев

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале