22.11.2017, 10:01
Оқылды: 35

«Облыста мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп жатқанын көріп, риза болдым»

Мемлекеттік, соның ішінде президентік бағдарламалар Батыс Қазақстан облысында да өз жемісін беруде. Бұл туралы облысымызға жасаған сапары кезінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед БАҚ өкілдеріне сұхбат берген кезде мәлімдеді.

-Осыдан он күн бұрын «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген саяси кеңесі өтті. Онда Елбасы республикамызда жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», ҮИИДБ сынды президентік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту жөнінде маған нақты тапсырма берді. Соған байланысты кеше Маңғыстау облысында болсам, бүгін Ақ Жайық өңіріне келіп, бұл тапсырмалардың орындалуын қадағалаудамын.

Бір ғана «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында тек Батыс Қазақстан облысының өзіне 340 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұндай көлемдегі қаржы бұл өңірге ешқашан бөлінген жоқ. Бұл қаражат облыстың индустриалдық келбетін өзгертті. Яғни өңірде 30-дан астам жаңа кәсіпорын ашылып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Солардың бірі - жаңа ғана біз аралап көрген «Стекло-Сервис» ЖШС. Бүгінде өнімдерінің жартысын экспортқа шығарып отырған кәсіпорын кезінде өз жұмысын әйнек кесуден бастағанына сену қиын.

Батыс Қазақстанда 1 млн. бастан аса қой, 500 мыңнан жоғары ірі қара бар және олардың біразы етті бағыттағы асыл тұқымды малдар. Ал олардың өнімдерін өткізу бізге күні кешеге дейін күрделі мәселе болды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде «Кублей» ЖШС секілді кәсіпорындар аяғынан тік тұрып, ол өнімдерді тиісті стандартқа сай өңдеп, шетелге шығаруда. Бүгінде бәсекеге қабілетті болып табылатын осындай кәсіпорын елімізде аз емес. Елбасының экономиканы әртараптандыру дегенінің бір көрінісі осы.

Ал 90-жылдардағы Орал қандай енді? Жол сапасы сын көтермейтін. Ал қазір қалада да, аудандарға апарар жолдар да тақтайдай тегіс. Мектептер ескі, біразы апатты жағдайда болды әрі оқушылар сыймай, кейбірі үш ауысымда оқыды. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде апатты жағдайда тұрған бірде-бір мектеп жоқ. Олардың бәрі президенттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес толығымен шешілді. Жалпы Батыс Қазақстан облысында да мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп жатқанын көріп, риза болдым,-деді Мұхтар Абрарұлы.

Мәртебелі мейманнның өңірімізге сапары ертең де жалғасатын болады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале