27.06.2017, 18:15
Оқылды: 21

Облыстағы полиция қосындарын жөндеуден өткізу үшін 127,5 млн. теңге қажет

20170627_103451Орал қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі мен Зашаған полиция бөлімі ғимараттарында орналасқан №8 және 21 полиция қосынына арнайы ғимарат беру мәселесі жыл соңына дейін шешімін таппақ. Айта кетейік, облыс бойынша 185 учаскелік полиция қосыны болса, соның 24-і облыс орталығында орналасқан.


Облыстағы 75 учаскелік полиция қосынының қызметтік орнын жөндеуден өткізу үшін 127,5 млн. теңге көлемінде қаражат қажет болса, Орал қаласындағы 2 полицей қосынын бөлек шығару және 9 қосынды күрделі жөндеу немесе орнын ауыстыру үшін қосымша сондай мөлшердегі қаржы керек. БҚО ішкі істер департаменті ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев шаһардағы учаскелік полиция қосындарын барған облыстық мәслихаттың депутаттарына сол жайында мәлімдеді.20170627_103457

Мәселен, «Зенит» шағынауданында орналасқан №4 учаскелік полиция қосыны 1998 жылы салынған ғимараттың екі бөлмесіне орналасқан. Жиһаздары ескі, бөлмелеріне кәріз құбыры тартылмаған. «№4 қосында 5 учаскелік полицей, 1 полиция көмекшісі, сонымен қатар, кәмелетке толмағандармен қызмет ететін 2, шартты  сотталғандармен жұмыстанатын 1 учаскелік инспектор бар. Бір бөлмеде бақылау камералары орналасса, екіншісінде күдіктілерден жауап алынып, саусақ таңбасы құжатқа тіркеледі. Полиция қызметіне жүгінетін тұрғындармен сөйлесуге жағдай жасалмаған», - деді Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жәрдем Мүсілімов. Х. Чурин көшесінде орналасқан №5 учаскелік полиция қосыны орналасқан жатақхананың кіреберіс баспалдағы опырылған. Дәлізден 1-қабат тұрғындары ортақ баратын әжетхананың иісі «аңқиды».

20170627_102456Кенжебек Құспаев мәліметінше, облыста 269 учаскелік полиция мен 111 полиция көмекшісі бар. Бірақ облыс орталығына қосымша 50, аудандарға  17 учаскелік полицей қажет. Қаладағы бір учаскелік полицей өзі бақылайтын аудандағы 2350 тұрғынмен жұмыстануы керек болса, қазіргі уақытта 1 полицей қызмет ететін тұрғын саны 4-5 мыңға жуықтайды. 2016-2017 жылдары өңірдегі учаскелік полиция инспекторларына жергілікті бюджет есебінен 100-ге жуық «Нива» автокөлігі алынса, қосымша 47 қызметтік автокөлік алу қажет. Облыс бойынша 188 учаскелік полиция қосыны компьютермен қамтамасыз  етілмеген.

– Жергілікті полиция қызметінің басшылары жергілікті мәслихат алдында жылына 2 мәрте есеп береді. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен учаскелік полиция инспекторларының қызметтік жағдайын бақылауға алу – біздің міндетіміз. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен шұғылдануды күшейтуді  жергілікті атқарушы органдардан талап ететін боламыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Льяна Тұрсынова.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале