11.12.2019, 17:03
Оқылды: 217

Облыстық бюджет жобасы мақұлданды

Бүгін облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихаттың шешімінің жобасы қаралды.

Күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың баяндамасына сүйенсек, 2020 жылға облыстық бюджет көлемі республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен несиелердің есебінен 192,7 млрд. теңгені, бюджет шығыстары 192,7 млрд. теңгені құрамақ. Облыстық бюджеттің негізгі бағыты - әлеуметтік саланы дамыту. Алдағы жылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен барлық әлеуметтік салаға 51,4 млрд. теңге бағыттау көзделген. Бұл барлық бюджет қаражатының 27%-ын құрамақ. Әлеуметтік қолдауға денсаулық сақтау, білім беру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға 45,3 млрд. теңге қарастырылған.

Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге және балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 2,4 млрд. теңге, мүгедектердің және қарттардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға 3,3 млрд. теңге, білім беру және әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға 16,1 млрд. теңге, вакциналарды сатып алуға 1 млрд. теңге, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға 40 млн. теңге, Орал қаласындағы 900 орындық №51 мектеп және Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылындағы 100 орынға арналған интернаты бар мектеп құрылысын аяқтауға 1 млрд. теңге, Қазталов ауданы Қазталов ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысын, Оралдағы 300 орындық №33 және 900 орындық №52 мектеп құрылысын бастауға және жалғастыруға 923 млн. теңге, Қазталов ауданындағы Талдыапан ауылдық округіндегі Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысына 367,8 млн. теңге және басқа да шаруаларға бағыттау жоспарланған.

Баяндамашының айтуынша, 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің жергілікті атқарушы құрылымының резерві 797 млн. теңге шамасында. Бюджеттің қалыптасуы Елбасының тапсырмасына және бағдарламалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылмақ. Жәнібек аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев өңірде республика бойынша соғыс өрті шарпыған Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары барын, алдағы жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлануына орай республикалық бюджеттен БҚО-ға бөлінетін 7 млн. 700 мың теңге қаражатты аз деп есептейтінін айтып, қоғамдық кеңестен бұл мақсатқа бөлінетін қаржыны көбейтуді сұрады. Бұл сұраққа Т.Каюпов жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінетінін айтты.

Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық, аудандық бюджеттер арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін белгілеу туралы облыстық мәслихаттың шешімінің жобасын қарап, мақұлдады. Қоғамдық кеңес отырысында қаралған мәселелер алдағы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына шығарылмақ.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале