24.03.2017, 16:50
Оқылды: 61

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында - жаңа басшы

\Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов  облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұжымына  конкурстық негізде және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен аталған басқармасының басшысы болып тағайындалған жаңа басшы Қанат Төсекбаевты таныстырды.


 

Сонымен қатар өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Қамидолла Ирменовке ұзақ жылдар бойғы қызметіне алғысын білдірді.

Төсекбаев Қанат Дүйсенбайұлы 35 жаста, білімі жоғары.

Қазақ мемлекеттік медициналық университетін (2005 ж), Ганновер жоғары медицина мектебін (2008 ж) бітірген. АҚШ-та «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша іс-тәжірибеден өткен. Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі.

Төсекбаев Қанат Дүйсенбайұлы еңбек жолын жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып бастаған.

2008-2009 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма басшысының кеңесшісі;

2009-2010 жылдары «Астана медициналық университеті» АҚ бас маман;

2010-2013 жылдары Астана қалалық жедел жәрдем станциясында Бас дәрігер;

2013-2015 жылдары «Санаторий Алматы» АҚ басшысы.

2015 жылдан бері Алматы қаласының балалар инфекциялық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет істеді.

Төсекбаев Қанат Дүйсенбайұлының емдеу ісінде, денсаулық сақтау саласында, басқарушылық жұмыста іс-тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті бар.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов жаңа басшыға сәттілік тілеп, алда тұрған міндеттерді нақтылады.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың денсаулық сақтау, салауатты ұлт қалыптастыру туралы нақты тапсырмалары бар. Былтыр облыста 215 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтсе, соның дені - денсаулық сақтау нысандары. Былтыр аудандарда ауруханалар мен медициналық пункттерді жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Қалалық аурухана ашылды. Жедел жәрдем станцияларына, алыс елді мекендерге арнайы көліктер алынды. Биыл да бірнеше ауданда және облыс орталығында бұл жұмыстар жалғасады. Елбасының шешімімен жақында Денсаулық сақтау министрлігі қайта құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Сондықтан өңірімізде осы саланың жұмысын ұйымдастыра білу қажет, - деді А.Көлгінов.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале