28.07.2017, 15:59
Оқылды: 93

Облыстық газеттердің ғасырлық тойы

Дәл бүгін облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына тура бір ғасыр толды. Ғасырлық мерейтойға «Жайық Пресс» медиахолдингі әзірлікті ертеректен бастап кеткен еді.


Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-ында салтанатты жиын өтіп, медиахолдингтің бас директоры Жантас Сафуллин қос газеттің ардагерлері мен ұжымын құттықтады.

100 жылдыққа әзірлік кезінде баспасөз тарихы зерттеліп, тың деректер анықталды. Бұрын өңірлік газеттер 1918 жылғы 17 қарашада Ордада жарық көрген «Хабар-Известия» газетінен басталады делініп келді. Бірақ осы «Хабардың» алғашқы нөмірінде «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» деген №12 хаттаманың жариялануы «Ұран» газетін іздестіруге түрткі болды. «Ұран» газетінің тоғыз нөмірінің түпнұсқасын Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайынан» белгілі ғалым, журналист Мақсат Тәжімұрат тауып берді. «Ұран» газетінің кей нөмірлерінің көшірмелері Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде де сақталған екен. Қолда бар газет көшірмелерінен белгілі болғанындай, «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Әзірге тоғыз нөмірі табылды. Осылайша, облыстық қос газеттің ізашары «Ұранның» 1917 жылы 28 шілдеде Ордада алғашқы саны шыққаны белгілі болды. 2014 жылы бар тапқан нөмірлер кириллицаға аударылып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектер, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалалары және «Ұран» туралы жазылған материалдар топтастырылып, «Ұран» газеті 1917-1918» кітабы шығарылды

«Ұраннан» бөлек «Известия-Хабар», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. «Жайық Пресс» ғимаратында баспасөз музейі жасақталып, жүз жылдық тігінді қойылды.

Сондай-ақ Орал қаласынан Елеусін Бұйрин мен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің атына көше беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатылғанын да айтпай кетпеске болмайды.

Қос газеттің ғасырлық мерейтойына газет ардагерлері Ғилаж Наурзин, Мәжит Қайырғалиев, Құбаш Қажымов, Амантай Боранқұл, Амангелді Ақмурзин, Энгельс Шыңғалиевтер тілектерін арнады. Басылымдардың тарихына арналған деректі фильм көрсетілді. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықоваға, баспасөз тарихын зерттеу орталығы басшысы Қазыбек Құттымұратұлына алғыс хаттар табысталды.

Әлеуметтік желілерде газеттердің тарихына қатысты танымдық байқау өткізілген болатын. Бүгінгі салтанатты шарада сол байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Облыстық басылымдардың 100 жылдығына арналған негізгі шаралар қыркүйек айында өтпек.

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале