27.03.2017, 18:23
Оқылды: 84

Облыстық қазақ драма театрында жаңа қойылым сахналанды

Облыстық қазақ драма театрында Флорид Буляковтың «Қысқа ғұмыр» трагикомедиясының қазақ тіліндегі алғашқы қойылымы  өтті.


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Мақашева аударған қойылымның режиссері - Самал Абуов, суретшісі Мұрат Мамбетов.

«Қысқа ғұмыр» трагикомедиясы – қарт әжей мен атайдың өзара махаббаты мен адалдығы туралы қойылым. Басты кейіпкерлер бір-бірінің қадірін өмірлерінің соңғы сәті таяғанда ғана ұғады. Пьеса алғашында жеңіл  комедиямен басталады.

Бір аптадан бері төсек тартып жатып қалған Григорий атай түс көреді. Түсінде ажалдың өзімен тілдеседі. Ажал оны бұл өмірге белгілі бір шартпен жіберген екен. «Мұрныңан қан кеткенше, кеудеңнен жан шыққанша» сауапты іс қыл деп үш сағатқа ғана қайтарған. Егер берілген уақыттың ішінде бір сауапты іс қылса, он жылға, екі сауапты іс қылса, жиырма жылға босатып, ал үш сауапты іс қылса, мәңгілік өмір сыйлайтынын айтады. Қария ояна салысымен, барлығын кемпіріне айтып береді. Сол сәттен бастап екеуі қандай жақсы іс істеуге болатындығын ойластыра бастайды.

Сауапты істерді тізе бастағанда екеуінің жастық шақтары естеріне түседі. Алғашқы неке түні...  Жас келіншек жан жарынан махаббат сөздерін күтеді. Бәйбіше ауыр тұрмыстың  салдарынан түсік тастайды.  Барған сайын жастық шақтағы көріністер ауырлай бастайды. Комедия ретінде басталған қойылым нағыз трагедияға айналады. Шарықтау шегінде өмір бойы сәби сүйе алмайтынын білген  жас Василиса Құдайдың әділетсіздігіне налып, зар еңіреп жылайды.

Ал Григорийді айыптаудың жөні бар. Себебі жастығында әйелінің құрсағындағы сәбидің өміріне қауіп төніп тұрса да, оны ауруханаға жібермейді. Ал  өзі қыдырып, бойдақ әйелдермен көңіл көтереді.  Василиса болса, күйеуіне деген адалдығынан таймайды, оның бірауыз «сүйем» деген сөзін өмір бойы күтумен өтеді. Григорий бір рет болса да,  әйелінің қайғысына үңіліп көрмепті. Алайда ол да әйелін өз түсінігінше жақсы көрді. Ал «ұсақ-түйекпен» айналысуға отағасының көбіне уақыты болмады.

Григорий атайдың жолы болды. Өйткені өмірінің соңғы сәттерінде өзінің бәйбішесін қалай қатты сүйетіндігін ұғады. Тіпті ол «кемпір» емес Василиса екені есіне түсіп,  оның бетіндегі  әжімдердің көбейгенін  байқайды. Бастысы,  көптен күткен «кешір», «сүйемін» сөздерін әйеліне айтып үлгереді.

Қойылымдағы езу тартқызар көріністер мен көзге жас үйірер сәттер көрерменін ойға шомдырады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тіл табысып жүргеннен асқан тірлік жоқ шығар...

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале