29.03.2019, 15:54
Оқылды: 20

Облыстың 20 елді мекенін су басу қаупі сақталуда

Биыл облыста соңғы отыз жылда болмаған қар жауғаны белгілі. Қардың өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-3 есеге дейін қалың түсуі салдарынан кейбір елді мекендерге жол жабылып, жолаушылар тасымалы мен мал азығын жеткізуде қиындықтар туындады. Облыста жедел штаб құрылып, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

IMG_0670

Ауа райының қолайсыздығынан облыстағы автокөлік жолдары 129 рет жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіпте тәулік бойы жұмыс істеп, 900 бірлік техника мен 1700-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылды. Жалпы, қараша-наурыз айлары аралығында облыста барлығы 1,5 млн текше метр қар шығарылған. Мәселен, өткен 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 325 мың текше метрді құраған.

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының кешенді атқарылғанына қарамастан, облыстың 20 елді мекенін су басу қаупі әлі де сақталып отыр. Әсіресе, Орал қаласы мен Бәйтерек және Тасқала аудандарында көктемгі су тасқынынан қауіп сейілмей тұр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлімдеді.

- Бүгінгі таңда Жайық өзенінен басқа өзен-көлдерде әлі де болса мұз қабаты қозғалған жоқ. Шаған және Деркөл өзендерінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің күшімен 29 шаршы метрге жуық мұз бұрғыланып, 215 мың шаршы метр мұз қабаты кесілді. Оған қоса, 40 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, шығарылды. Синоптиктердің болжауынша, облыста алдағы аптада жауын-шашынның мол қоры түспек. Сондықтан, жұмысты босаңсытуға болмайды,-деді Бағдат Оразалдыұлы.

Динара Жұмабекқызы,

Cурет: Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0685

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале