16.06.2017, 15:25
Оқылды: 45

Облысымызда болашақ дәрігерлерді бюджет есебінен оқыту қолға алынбақ

Medicina akim    Облысында жергілікті бюджет есебінен медицина кадрларын жүйелі түрде оқыту қолға алынбақ. Бұл туралы облыстық қазақ драма театрында Медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыста облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті. Өңір басшысының айтуынша, осыған дейін кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жыл сайын Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларындағы медицина университеттеріне барып, түлектерімен келісіп, оларды өңірге жұмыс жасауға шақыратын.


         Ендігі жерде батысқазақстандық мектеп түлектерін өзге аймақтардағы ЖОО-ларда қажетті мамандықтар бойынша бюджет қаржысына оқытуға мүмкіндік бар. Олар 5-7 жылдан кейін оқуларын бітіріп келіп, осында тағылымдамадан өтіп, жұмысқа тұра алады. Оралда медколледж болғандықтан, орта буын кадрларына тапшылық жоқ, ал жоғары білімді дәрігерлер, әсіресе, ауылдық жерлерде қажет.

         Күні бүгін облыста 1500-ден астам дәрігер, 5500-ден астам орта буын медицина қызметкері 640 мыңдай тұрғынға қызмет көрсетуде. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, сондай-ақ 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында сала алдында тұрған міндеттер нақты көрсетіліп, осы заманғы озық технологиялар негізінде қызмет сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, міндетті әлеуметтік медициалық сақтандыруды енгізуге айрықша көңіл бөлінген.

   Салтанатты жиында сала үздіктері «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің алғысхаттарымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, құрмет грамоталарымен марапатталды.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале