13.02.2017, 11:45
Оқылды: 19

Оқуға түсе алмаған жастар «Сәтті қадам» жобасына қатыса алады

          Бұл жайлы ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.  Оған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев, «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ Атқарушы директорының ресми өкілі Әлішер Тұрсын пен Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы  Мержан Әбілхас қатысты.


 Брифингте Д.Сүндетбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде тиісті жұмыстардың жасалып жатқанын,  «Жас Отанның» аймақтық филиалдарының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» алаңы мен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында 48 кездесу өткізілгенін атап өтті. Сонымен бірге ол еліміздің 14 облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базарларда мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарының қатысуымен 36 қабылдау шарасы болғанын, 124 кездесу өткізіліп, оған жалпы саны 18 мыңнан астам адам қатысқанын айтты.

 Кездесуде  «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы жастар үшін тағы бір маңызды мәселені атап өтті. Ол оқуға түсе алмаған талапкерлерді қолдауға арналған шаралар туралы айтты.

–Қазіргі кезде біз «Сәтті қадам» жобасын жасап жатырмыз. Бұл жобаға оқуға түсе алмаған жастардың 50 пайызы қатыса алады, – деді Д.Сүндетбаев.

Сол сияқты ол алдағы кезде қала мен ауыл жастарына білім беру айырмашылығын азайту жұмыстарының да жасалатынын жеткізді.  Ал Әлішер Тұрсын өз сөзінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы «Мәңгілік ел» бірыңғай ұлттық идеясындағы орасан зор жетістік екендігін атап өтті. Ол қазіргі күн сайын өзгеріп жатқан жер-жүзінде технологияның қарқынды дамып жатқанын, дегенмен  еліміздің алдында жаңа сын-қатерлердің тұрғандығын атап көрсетті.

Кездесуде Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы  Мержан Әбілхас да Жолдаудағы бағыттарды толықтай қолдайтындарын, себебі еліміз тәуелсіздік алған кезден бері студент жастар әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» және басқа да бағдарламалармен  шет елде  білім алуға мүмкіндік алғанын мәлімдеді.

–Бұл тек Елбасымыздың қолдауымен іске асқан бағдарламалардың азғантай ғана бөлігі. Қазір олар өз жемісін беріп келеді, – деді Мержан Әбілхас.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале