21.02.2018, 14:06
Оқылды: 84

Оқушылар жазушымен жүздесті

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Коммуникация мәселелері» онкүндігі аясында белгілі жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Мира Шүйіншәлиевамен кездесу өтті.

Жазушы алдымен бесжылдық тарихы бар мектебімізді аралап, мектеп музейін, оқушылардың қолөнер бұйымдарын тамашалады, зияткерлік мектептегі оқытудың ерекшеліктерімен танысты.

Кейін «Қаламынан өмірдің сыры тамған» атауымен кездесу басталды. Бұл күнді оқушылар асыға күтті, себебі олар бұған дейін қазақ әдебиеті сабақтарында жазушының өміршең шығармаларымен етене танысқан еді. Алдымен сөз алған мектеп директоры Тимур Нұркешов жазушының уақыт бөліп, оқушылармен кездесуге келгені үшін алғыс білдірді, қаламгерге шығармашылық шабыт пен табыс тіледі.

Әрі қарай сұрақ-жауаппен жалғасқан кездесу барысында оқушылар Мира Хамзақызының өмірі, жазушылыққа келуі, шығармашылығына әсер еткен тұлғалар, жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер туралы қызықты ақпараттарға қанықты. Шығармаларынан өмірдің ащы шындығы, қарапайым адамдардың тағдыры айқын көрініс табатын жазушы оқушыларды кітап оқуға, сол арқылы өмірдің әрбір сәтінен сабақ алуға шақырды. Сонымен қатар Мира Хамзақызы жас ұрпаққа әрқашан өз ұлтының әдебиетін сүйіп және әдебиетті жасаушы қаламгерлерді құрметтеу қажеттігін баса айтты. Кездесу барысында ұйымдастырылған әдеби ойын алаңына шыққан Мира Шүйіншәлиева суреттерге қарап шағын ой толғады. «Әдебиетке алдымен өлең жазу арқылы келдім» деген жазушы сөзінің дәлелі ретінде өзінің бірнеше лирикалық өлеңдерін оқумен қонақкәдесін берді.

Жылы лебізге толы жүздесуді «Ғажайып» би ансамблі көркем биімен, мектебіміздің жас әншісі Айжан Төлеушова әдемі әнімен көркемдеді. Сондай-ақ бірқатар оқушылар жазушы шығармаларынан үзінділерді нақышына келтіріп оқыды.

Кеш соңында 7-сынып оқушысы Мерей Есенгелдина қаламгерге кездесу барысында салған портретін сыйлады. Мектеп ұжымы мен оқушыларға ізгі ниетін жеткізген Мира Хамзақызы мектеп кітапханасына өзінің кітаптарын табыстады.

Ақмоншақ Жұмаева,

Орал НЗМ баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале