20.09.2019, 18:58
Оқылды: 125

Өлкетанушылар дөңгелек үстелде бас қосты

Батыс Қазақстан облысы жұртшылығына Жұмағазы хазірет есімі кеңінен таныс. Қазақстандағы 100 киелі нысандар тізіміне Дәдем ата кесенесі енді. ХІХ ғасырда өмір сүрген әулие кереметін әлі күнге аңыз қылып айтушылар көп. Жұмағазы хазіретке зиярат ететіндердің қарасы үзілген емес. Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейінде «Облыстағы қасиетті орындар мен кешендер. Дін ғұламасы – Дәдем ата» атты дөңгелек үстел отырысына қатысқан өлкетанушылар, музей қызметкерлері және облыстық дін істері басқармасының мамандары хазірет туралы әңгімеледі.

muzei (1)

–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында елімізде киелі жерлер ұлықталып, тарихи тұлғаларымызға назар аударылып жатыр. Қазақстанның жері байтақ, қойнауында қазынасы мол. Мемлекет экономикасы нығайса, халықтың тұрмыс жағдайы түзеледі. Ал руханиятымызды көтеруге үлес қосқандарды қадірлей білуіміз қажет. Жұмағазы хазірет тақуа, діндар, ғұлама адам болған. Көпшілік «Дәдем ата» деп атап кеткен. Келешек ұрпақ әулие туралы кеңінен білгені жөн. Жыл сайын белсенді азаматтар Жұмағазы хазірет кесенесі орналасқан кешенде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандар күніне арнап ас береді. Алашорда үкіметі қайраткерлері туралы баяндамалар оқылып, тал-терек отығызу дәстүрге айналған. «Көрісу» күнінде де бас қосамыз. Салт-дәтүріміз ұлықталып, ұлттық спорт ойындар ұйымдастырылып отырады. Сауапты іске зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер қауымы белсенді қатысады. «Дәдем ата» атындағы қоғамдық қордың төрағасы Ғарифолла Жанбозовпен тығыз қарым-қатынастамыз, – деді шарада «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір.

muzei (5)

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің маманы Мұхтар Өтесов ислам дінін насихаттауда Жұмағазы хазіреттің орны ерекше болғанын, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескенін баяндады. Тәжиден Батырұлы мешітінің наиб имамы, Орал медресесінің ұстазы Ерлан Кенжин әулие-әнбиені құрметтеу дәстүрімізде бар екенін, олардың рухына Құран сауабын бағыштап, зиярат етуді шариғат мақұлдайтынын жеткізді. Дөңгелек үстелде облыстағы киелі нысандарды ұрпаққа таныту, сол үшін ішкі туризмді дамыту мәселесіне қатысты ұсыныстар айтылды.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале