21.06.2017, 18:41
Оқылды: 36

Он жылдан кейін өңірде тұщы су қоры азаяды

Screenshot_2017-06-21-16-50-22-1Бұл жайында профессор-ғалым Мақсұт Мырзағалиев «Жайық бұлағына дем бер!» облыстық акциясы аясында өткен семинарда мәлімдеді. Орал қаласындағы оқушылар және жастар сарайында «Жас эколог» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған семинар-тренингке студенттер, табиғат жанашырлары мен  үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.


Бірлестік қолға алған «Жайық бұлағына дем бер!» жобасын еліміз «Жасыл экономикаға» көшуге мүдделі болғандықтан әлеуметтік әріптестік аясында АҚШ елшілігі шағын грант негізінде қаржыландыруда.

Семинар кезінде жоба менеджері Манарбек Ажкенов былтыр тамыз айында басталған облыстық акция аясында бірқатар ауданда тоғандарды абаттандыру, бұлақтардың көзін ашу мақсатында қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар қолдауымен экологиялық шаралар ұйымдастырылғанын айтты. Нәтижесінде Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылы аумағындағы бұлақ маңы абаттандырылып, шағын саябақ пен көпір орнатылған. Тасқала ауданындағы Ешкітау басына экологияны қорғауға көпшілікті үндеу мақсатында мемориальды тақта қойылған. Бірлестік мүшелері акцияға қатысуға оқушылар мен студенттерді, ауыл жастарын тартып, тұрғындармен кездесуде суды үнемді пайдаланудың  маңызы жөнінде айтқан. Манарбек Ажкеновтың мәліметінше, облыс аумағында 196 өзен мен бұлақ бар. Оның ішінде 80-ге жуығы қар мен жаңбыр суы және бұлақ көздері арқылы толығады.d0224444-152f-4eec-b339-e7a50a25152d

ҚР ғылым академиясы география қоғамының толық мүшесі, профессор, жоба авторы Мақсұт Мырзағалиев өңірде су қорының экологиясына қатысты аухал алаңдарлық жағдайда екенін  әңгімеледі. Ғалымның түсіндіруінше,  1957 жылы Ресейдің Орынбор облысында салынған Ириклинск су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін Жайықтың төменгі бетіндегі су азайып, өзен жағасындағы орман алқабы, өсімдіктің алуан түрі сиреген. Бағзы заманда Каспий теңізінің жағасы қазіргі шаһар орналасқан аумаққа дейін жеткен. Миллиондаған жыл бұрын осы аймақта динозаврлар, ихтозаврлар секілді алып жануарлар өмір сүрген. Көпшіліктің жеңсік асы болып есептелетін қызыл балықтар сол дәуірден бермен Жайық өзенін мекендеп келеді.

Screenshot_2017-06-21-16-50-02-1«Ириклинск су қоймасын салғалы Жайық суы жыл сайын азаюмен келеді. Облыс орталығындағы кәсіпорындар мен автокөлік жуатын орындар, құрылыс нысандары, жағалаудан орналасқан елді мекен тұрғындары Жайық суын есепсіз пайдалануда. Сондықтан жер асты су қорын сақтауға мұқият көңіл бөлуіміз қажет. Өңірдегі бұлақ көздерінің қасына тал-терек егілсе, ағаштар ылғалды бойына сіңіріп, тұщы су қорын сақтауда айрықша рөл атқарар еді. Соңғы жылдары тұрғындардың денсаулығы нашарлап, бауыр мен өт жолдарына тас байлануда. Жақында Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылында мал ауруы шыққанын білеміз. Мұның бәрі табиғи су көздерінің ластануынан орын алуда. Өңірдегі елді мекендерге жақын жерасты су қорлары болса да, су құбыры желісін шалғай орналасқан ауданнан тартып, ірі қаражаттарды шығындаудамыз. Мұндай ахуалмен  2030 жылға қарай облыс жұртшылығы ауыз су тапшылығын сезе бастайды», – деді профессор. Семинарға қатысқан АҚШ елшілігінің бас маманы Әсем Бекешева туған өлке табиғатын қорғауға жастарды белсенді тарту, экологиялық шаралардың маңызын насихаттау үшін акцияны ұйымдастырушыларға әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалануға кеңес берді.

Семинарға қатысқандар ертең ғылыми-тәжірибелік экспедиция ұйымдастырып, Теректі ауданында бұлақтар орналасқан аумаққа барып, зерделеу жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар Жайық өзені бассейні жағалауына барып, облыстағы табиғи қорықтарға саяхат жасамақ.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале