25.10.2018, 15:15
Оқылды: 24

Өнегелі азамат

Қылшылдаған бозбала шағынан зейнет жасына жеткенше ветеринария саласында аянбай еңбек еткен Серікқали Жұбанышевтың есімі Жәнібек өңірі тұрғындарының көбіне таныс. Кейіпкеріміздің жалпақ жұртқа белгілі қыры – кеңпейіл қонақшылдығы. Сәкең мекен еткен Құрсай елді мекені – кішісі үлкенін сыйлап, алдынан кесе көлденең өтпейтін, үлкеннің сөзін кішісі тұрып тыңдайтын өнегелі ауыл. Соның ішінде Сәкеңнің шаңырағы –алыстан келген адамның ат байлайтын үйі.

fd46967d-72cd-4af2-9200-a99fa0ee4b7d

Серікқали Жәрдемұлы – Бисен ауылының тумасы. Кіндік қаны тамған ауылдағы орта мектептен соң Орал ауыл шаруашылығы техникумының ветеринария бөлімін тә-
мамдаған. Еңбек жолын Құрсай ауылында ветеринар болып бастаған ол 1976-1980 жылдар аралығында Аралсорда еңбек етті. 1980 жылы «Күйгенкөл» кеңшарындағы
комсомол-жастар бригадасына жетекші болып қызметке кірісті. Жалынды жастардың басын қосып, кеңшар басшылығымен партия тапсырған жұмыстарды атқаруға аянбай араласты. 1984-1993 жылдары Құрсай бөлімшесінде ферма меңгерушісі болды.

– Сәкеңнің өз ісінің нағыз маманы, шебер ұйымдастырушы, үлкен-кішімен тез тіл табысатын дипломат әрі ініге қамқор, үлкенге жанашыр жолдас бола білетін азамат ретіндегі тұлғасы осы жылдарда жарқырай көрінді. Өзінің еңбегімен көтерілген адал азамат екенін замандастарының бәрі де мойындайтыны шындық. Ол –
жалғыз өскен жігіт. Анасы ғана бар. Бірақ жалғыздан жетілсе де, ол кісі табиғат берген мінез, бойындағы қарым-қабілетпен іскерлік дарынын көпшілікке мойындатты. Ауылдас, қызметтес болған үлкен-кішімен тең дәрежеде сөйлесті. Кейінгі буынға арқасүйер аға болса, өзінен үлкендер үшін інілікке жарар тыныс болғаны
рас. Талай игі жақсы мен жайсаң оның берекелі дастарқанынан дәм татты, қонақжай пейілдерін сезінді, – дейді Тайыр Жароков атындағы кеңшарда 1979-1984 жылдары
партия комитетінің хатшысы болған Кілем Халелов.

Құрсай Тайыр Жароков атындағы кеңшардың (қазіргі Күйгенкөл) ең маңызды бөлімшесі болатын. Өйткені бұл фермада негізінен ұсақ мал, отар-отар қой, ірі қара мен егін шаруашылықтары орналасты. Сондықтан болар, жаңадан тағайындалған басшылар шаруашылықтармен танысуды әдетте осы фермадан бастайтын. Бәрі де Сәкеңе сенім артты, иық тіресе еңбек етті. Ол 1993 жылдан мамандығы бойынша веттехник болып қызмет атқарып, 2011 жылы зейнет жасына шықты. «Әлі есімде, мектепті енді ғана бітірген кезім. Өзімде дәнекерлеу құрылғысы болған соң тәжірибемді ұштау мақсатында шаруашылыққа араласуға бел будым. Бірде Құрсайдағы қырман басында теміртерсектерді дәнекерлеп жаттым. Ферма меңгерушісі Серікқали аға мені сырттай бақылап тұр екен. Сол жерде ол кісі маған күтпеген ұсыныс айтты: «Қырман ауласының қақпасы дұрыс жабылмайды. Түнде мал кіріп кетеді. Тіпті ұрлық оқиғалары да болып тұрады. Ал мына тау болып үйілген дән бұл жерге еңбек майданында жүрген ағаларыңның маңдай терімен жеткен. Сондықтан оны шашау шығармай, тездетіп құт-қамбаға құюымыз керек. Сен осы қақпаны жасап көр, қолыңнан келеріне сенемін», – деді.

6617db39-b2c7-4e6a-be21-9bed6d5096b2

Ағамыздың сенімінен шығу үшін барымды салдым. Екі күннің ішінде қақпа дайын болды. Келіп көргендер есіктің сапалы жасалғанын айтып жатты. Ал Сәкең өзінің ризашылығын қабағымен-ақ білдірді. Риза кейіпте рақметін айтып, қолымды қысты. Әрине, еңбегімді де елеусіз қалдырған жоқ. Әңгіме материалдық тұрғыдан марапаттауда емес, мені қанаттандырғаны сол кезде ағамыздың маған артқан зор сенімі еді. Ал дүниеде артылған сенімді ақтаудан артық не бар?! Өмір де кейбір жеткен жетістіктерім болса, біреулердің сенім үдесінен шығып, еңбегім еленіп жатса, сол оқиғаны, ағамыздың қамқорлығын есіме аламын», – дейді бүгінде Астана қаласында тұратын кәсіпкер Сатыбалды Алдияров.

Серікқали Жұбанышев – мінезі өте жайдары, қуақы, керек сөзді тауып айтатын шешендігі де бар азамат. Бала кезімізде ветеринар маман ретінде отардағы қойды сырғалау, қозыларды қадағалау үшін шаруашылыққа жиі келетін. Сондай кездерде біз секілді ойын балаларының жұмысқа деген ынтасын ояту оңай болмайтын. Бірақ тумысынан тапқыр әрі өзі де еңбекқор маман әйтеуір істің орайын келтіретін. Сәкеңнің қасында жарысып жүріп талай шаруаны тындырып тастағанымызды өзіміз де байқамай қалушы едік. Ағамыздың саятшылық өнері өз алдына бөлек әңгіме. Жасынан мылтықтың түзуін ұстап, жылқының жақсысын мінгені жұртшылыққа аян. Аңшылыққа әуестігінен болар, Сәкең қол мергендігімен көпшілікті талай таңғалдырған.
– Мінген атының өзінен ол кісінің тегін адам еместігін байқайтынбыз. Жастайынан аттың тәуірін ғана мінгенін көре қалдық. Атының сыны өз алдына, ер-тұрманы, жүген-шылбыры мен өмілдірік-құйысқаны, бір сөзбен айтқанда, барлық әбзелі де ешкімге ұқсамайтын. Естіп-білуімізше, мұндай ерекше әбзелдерді қайда болса да іздеп барып, тауып алып қайтатын болған. Қос ат, тіпті «тройка» жегуге арналған барлық құрал-жабдық ауылда тек Сәкеңде болғаны рас, – дейді бірнеше жыл кейіпкеріміздің жүргізушісі болған Қадырболат Арықов. Серікқали Жәрдемұлы өмірлік қосағы Асылғаным апай екеуі бес ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Тағдыр тәлкегімен әке тәрбиесін көрмесе де, өз перзенттеріне шама-шарқынша ұлағатты тәрбие беруге тырысты. Ұл-қыздары біреуден кейін, біреуден ілгері әр салада еңбек етіп жүр.

Айбек БИСЕНҒАЛИЕВ,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале