2.03.2017, 12:55
Оқылды: 33

Өнім сапасы қатаң бақылауда

Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Жанахын Тығынбаевтың қатысуымен кезекті баспасөз мәслихаты өтті.


Айта кетейік, аталмыш департамент техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімше болып табылады. Сонымен қатар ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес іріктелген тексеру жүргізу, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру және берілу тәртібін қадағалау, Кеден одағы тауарының және шетелдік тауардың мәртебесін айқындау да осы департаменттің құзіретінде. Сондай-ақ аталмыш орган Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыруды да қадағалайды.

Жанахын Тығынбаевтың айтуынша, 2016 жылы метрологиялық бақылау саласында барлығы 56 іріктелген тексеру жүргізіліп, оның ішінде 21-інде заң бұзушылық табылған. Оларға ҚР ӘК 419-бабы бойынша 4 125 345 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

- Осы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап ҚР «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңының 13-бабына сәйкес зергерлік және басқа да бұйымдарды сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз ел аумағына өткізуге жол берілмейді. Қабылданған норма бойынша тауарды алдын ала сараптамадан өткізбей сатуға тыйым салынады. Аталған норма орындалмаған жағдайда жеке тұлғаларға - 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 80 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - деді Жанахын Рахымұлы.

Оның айтуынша, департамент БҚО ішкі саясат басқармасымен бірлесіп облыстың 101 мемлекеттік мекемесінде ҚР мемлекеттік рәміздерін ҚР ұлттық стандарт талаптарына сәйкес пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын және мониторинг жүргізген.

Сонымен қатар денсаулық сақтау және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде метрологиялық нормалар мен ережелерді сақтау мәселелері бойынша тексеріс өткізілді. Қазақстандық өнімнің каталогын қалыптастыру және оны тұтынушыларға қолжетімді ету мақсатында департамент өнімнің каталогтық парақтарын жүргізуді қолға алған.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале