23.05.2017, 18:47
Оқылды: 87

Өңір өлкетанушылары бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырыпты қолға алды

IMG_4786Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивтегі тіркеу кітаптарының көшірмелері оралдық өлкетанушылардың қолына тиді. Тарихи мәні зор құжатты Ескендір Төремұратов атты азамат әкелген. 1865 жылы Бөкейлікте мешіт имамы жүргізген метірке құжаттарын аударумен Сайфулла Моллақанғатұлы айналысуда. Метірке кітабын аудару, оны зерттеудің маңыздылығы, атқарылар жұмыстардың бағыты «Жайық Пресс» ЖШС өткен дөңгелек үстелде талқыланды.


IMG_4820Мешіт имамы жүргізген тіркеу кітабы 4 журналдан тұрады. Мысалы, туу фактілерін тіркеу журналында нәрестенің аты, жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы, мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған. Қайтыс болуды тіркеу журналында марқұмның дүниеден өткен уақыты, жан тапсыру себебі, жерленген жері, тіркеген имамның аты-жөні туралы деректер енгізілген. Неке қию журналында некелесушілердің аты-жөні, жасы, руы, екі жақтың туыстарының аты-жөндері, руы, куәгерлердің аты-жөндері, руы, берілген қалың малдың мөлшері, ру таңбалары, неке қиған имамның аты-жөні, ру таңбасы тіркелген. Талақ тастау (ажырасу) журналында ажырасушылардың аты-жөні, руы, талақ ету себептері, куәлардың аты-жөні, руы, тіркеген молданың аты-жөні, ру таңбасы көрсетілген.

- Бұл жазбалардан біз тіркеу кітабының қазіргі замандағы АХАЖ (ЗАГС), сот, нотариус, халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) қызметін бір өзі атқарғанын көреміз. Тіркеу кітабы сол кезеңдегі қазақтардың арасындағы туыстық және мүліктік қарым-қатынастарды реттеп отырған. Яғни осы кезге дейін әр жерде айтылып жүрген «қазақтар надан болған, жазу-сызу болмаған» деген пікірді теріске шығарып отыр.

1 tuu2 nekeМетіркелік кітаптар – өлке тарихында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырып. Бұл кітаптардың біздің қолымызға тиюіне жергілікті өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың үлесі зор болғандығын атап айтқанымыз абзал. Ендігі алдымызда тұрған басты міндет – метіркедегі мәліметтерді маңыздылығына, салмақтылығына қарай жүйелеп, тыңғылықты, тереңдетіп зерттеу, - деді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин. – Сонымен қатар біздің қолымызда батыс өңірдегі қазақ зиялыларының 1905 жылы Петербургке жазған хаттары да бар. Оларды облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің 100 жыл толуына дайындық барысында газет тігінділерін мұрағаттардан іздеп Алматыға барған сапарымызда тапқан болатынбыз. Сол хаттардың бірінде патша үкіметінен метіркені жүргізуді тоқтатпауларыңызды сұраймыз деген мәтіндегі өтініш бар. Соған қарағанда, менің ойымша, патша үкіметі қазақ ұлтының мықты жүйесі бар, халқы өзінің шығу тегін жақсы білетіндігін, оған осы құжаттың дәлел болатындығын көріп-білген соң, тіркеу жүргізуді күшпен тоқтатқан болу керек.

3 talak4 kaitysМедиахолдинг басшысының пайымдауынша, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы аясында өлке тарихын зерттеп-зерделеуге шақырған ұстанымдарына қолға алынып отырған осы жұмыс толық негіз болмақ. Өйткені сананы жаңғырту мәселесінде, ең алдымен, мәлімет-дерек керек. Тарихымыз түгенделмей, рухани тұрғыда жаңғыру мүмкін емес. Тіркеу кітабы сонымен қатар әр адамның ата тегін, шежіресін білуге септігін тигізеді.

Тарихшы ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, метіркелік кітаптар - қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі. Тіркеу кітабы нақты мәліметтер береді. Рулық-тайпалық шежірені анықтауда, өлке тарихын зерттеуде маңызы зор болмақ. Метіркені зерттеу қолға алынатын болса, архивті зерттеуді де бірге жүргізу қажет. Бұл бағыт Ресейде жолға жақсы қойылған.

БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыздықовтың пікірінше, метірке кітабындағы жазбалар сол өңірдегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, жеріміздің байырғы атауларын білуге мүмкіндік береді.

Белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова метіркелерді зерттеуді Алашорда тарихын және баспасөз тарихын зерттеуден бөліп қарауға болмайтынын, осы бағыттағы жұмыстардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жүргізу қажеттігін айтты.

Өлке тарихының жанашырлары бас қосқан шараға қатысушылар  болашаққа жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы облыс басшысына ұсыныс хат жолдауға шешім қабылдады. Олардың айтуынша, аталған орталық өңір тарихын зерттеу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге ықпал етеді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале