28.08.2017, 17:35
Оқылды: 22

Өңірде 46 нысан жаңартылуда

Облыстық мәслихат сессиясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды.


Облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық емес ұйым өкілдері, сала басшылары мен аудан әкімдерінің қатысуымен өткен сессияда өңір басшысы ағымдағы жылғы жеті айда атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы жан-жақты баяндама жасады.

–  Жақында Бурабайда өткен жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды одан әрі модернизациялау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша, «Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» президенттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет аясында әлеуметтік инфрақұрылымдарда кешенді құрылыс жұмыстары жүруде. Биыл білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы барлығы 46 нысан жаңартылуда. Бұл әлеуметтік нысандардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Денсаулық сақтау саласының 19 нысаны күрделі жөнделуде.

Сонымен қатар 10 білім беру ошағының құрылысы жүріп жатыр. Деркөл, Зашаған, Дариян, Казталовка, Шабдаржап елді мекендерімен қатар Ақсай және Орал қалаларындағы орта мектептер бой көтеруде. Биыл үш мектеп пен бір мектеп интернатын пайдалануға беру жоспарланған болса, Ақсай қаласындағы балабақша бүлдіршіндер игілігіне берілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 1 210 орынды қамтитын 4 балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Олардың екеуі Орал қаласында (360 және 290 бүлдіршінге арналған) қалған екеуі (280 орындық) Жымпиты мен Чапаев ауылдарында салынатын болады. Біздегі балабақшалардың тек алты пайызы ғана жекеменшік. Бұл дегеніміз 474 балабақшаның 28-і ғана деген сөз. Осы ретті пайдалана отырып, депутаттық корпусты мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында бизнесті ортақ іске жұмылдыруға атсалысуға шақырамын.

Мектептерді кеңжолақты интернетпен, «Қауіпсіз мектеп» аясында бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 600-ден астам білім беру ошағына 5 мың бейне бақылау камералары алынды. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік шараларының артуына көмектеседі. Тағы 384 орта мектеп «BilimMedia» инновациялық білім беру жүйесіне қосылды, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале