8.02.2017, 11:56
Оқылды: 56

БҚО-да құрылыс қарқыны артпақ

????????????????????????????????????

  Облыстағы құрылыс саласының мамандары ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

  Бұған облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев және қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашев қатысты. Жиында құрылыс саласы бойынша өңірімізде өткен жылы атқарылған және алдағы жылы жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндалды.

  -Өткен жылы «Өңірлерді дамыту-2020» және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін көп пәтерлі 16 үйге және бір пәтерлік 25 тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ 39 нысанның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 16,7 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысына 11 883,8 млн. теңге, нысандардың инфрақұрылымы құрылысына 4 835,3 млн. теңге бөлінген. Жоспар бойынша өткен жылы 189,3 шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ 2016 жылы барлық қаражат көздерінен бөлінген қаражатқа 275,4 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұл жоспарланған жұмыстан 45 пайызға артық.

  Жоғарыда 39 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатқанын айттық, соның 20-сы немесе 335,5 шақырымдық (км) инженерлік желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 19 нысан 2017 жылға өтті. Инженерлік желілер 5 178 учаскеге тартылды. Биыл тұрғын үй құрылысына 3417 учаске (жер телімі) берілмек.

  Ал енді әлеуметтік нысандар құрылысына келер болсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында 290 орындық балабақша құрылысы жүргізіліп, ол аяқталды. Ұлттық Қордан бөлінген қаражатқа тұрғызылған бұл нысанның құны 531,235 млн. теңге. Биыл екі мектеп, атап айтсақ, Зашаған кентінде 900 орындық және Деркөл кентінде 600 орындық мектеп салынбақ. Бұл нысандардың құрылысына Ұлттық Қордан 293,2 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ Зеленов ауданына қарасты Озерный ауылында 48 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Құны 216,3 млн. теңгені құрайтын бұл мектеп жергілікті бюджет қаражатына салынған. Сонымен қатар Қазталов ауданы Қазталов ауылындағы 100 орындық мектеп-интернат құрылысы жүргізілуде. Құны 286,5 млн. теңгені құрайтын бұл нысанның құрылысы биыл аяқталмақ.

  Денсаулық саласы бойынша өткен жылы 300 орындық көп салалы қалалық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Жоба құны 8,2 млрд. теңгені құрайды.

  Ағымдағы жылы Сырым ауданындағы Өлеңті көлтабандық суармалау жүйесін қайта құру жұмысын бастауға жергілікті бюджеттен 18,0 млн. теңге қаражат бөлініп, ол толықтай игерілді. Нысан құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Бұдан басқа аудандық бюджет қаражатына Сырым ауданы Шолақаңқаты  өзенінің су жіберу құрылғысын қайта жаңарту басталды. Жоба құны -103,6 млн. теңге.

  Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілді.  Мысалы, былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша алты ауылдық елді мекенді сумен қамту үшін жергілікті бюджеттен 378,9 млн. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Қазталов ауданы Нұрсай ауылындағы сумен жабдықтау, Қазталов ауданының орталығындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта құру, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы су құбырын қайта құру, Бөкей Ордасы ауданы Сайхын ауылындағы су құбырын қайта құру, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылындағы су құбырын қайта құру, Жаңақала ауданы Пятимар ауылындағы су құбырын қайта құру жұмысы жүргізілді.

  Ал енді ағымдағы жылы жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарға тоқталар болсам, биыл әлеуметтік нысандар құрылысына барлығы 5 632,811 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған, соның ішінде Ұлттық қордан – 4 305,799 млн. теңге, республикалық бюджеттен – 401,403 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 925,609 млн. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа бір мәдениет нысаны және үш мектеп салынбақ.

  Атап айтсақ, Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілмек, бұған ағымдағы жылға 163,8 млн. теңге (ЖБ) бөлінді.  Және үш мектеп құрылысы, нақтырақ айтсақ, Деркөл кентінде 600 оқушыға арналған мектеп құрылысы (2-кезең), 2017 жылға бөлінген қаражат – 1 062,5 млн.теңге (ҰҚ). Орал қаласында №4 жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізілмек. 300 орындық бұл мектеп құрылысына 2017 жылы 605,0 (ҰҚ) бөлінді. Сондай-ақ Зеленов ауданы Дариян ауылындағы 100 оқушыға арналған интернаты бар мектеп құрылысына 401,4 млн.теңге (РБ) бөлінді. Мектеп құрылыстары 2018 жылға ауыспалы, -деген Әлібек Антазиев ағымдағы жылы «Өңірлердің дамуы-2020» бағдарламасы аясында «Ақ бұлақ» бағыты бойынша тағы 31 жобаның жүзеге асырылатынын айтты.

  Оның сөзінше, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 3,4 млрд.теңге бөлінген. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 2,8 млрд.теңге (25 сумен жабдықтау нысанының құрылысына) және  жергілікті бюджеттен – 0,6 млрд.теңге (6 сумен жабдықтау нысанының құрылысына) бөлінген.

  Жиын соңында журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған сала басшылары  нақты жауап қайтарды.

  Айша ӨТЕБӘЛІ

Орал өңірі

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале