30.04.2019, 18:51
Оқылды: 24

Онкологиялық дерті бар науқастар Нұр-Сұлтан қаласында тегін ем ала алады

Өңірдегі онкологиялық дерті бар науқастар ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына барып, тегін ем ала алатын болды.

20190430_214742

Бұл туралы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ның басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжиннің облысымыздағы медицина саласы қызметкерлерімен кездесуі барысында айтылды. Көпбейінді қалалық ауруханада өткен жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

IMG-20190430-WA0066

- Қазіргі таңда онкологиялық аурулар медицина саласының өзекті бір мәселесіне айналып отыр. «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» төрағасы ретінде өзім бас болып осы бір дертпен күресудің тиімді тәсілдерін іздестіре жүріп, елімізге жаңа технологияларды жеткіздік. Бүгінде біздің орталықта томотерапия деп аталатын бөлім бар. Ол жуырда ғана ашылды. Оның ашылуына еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан болатын. Биыл қаңтардан бастап науқастарды жаңа әдіспен емдей бастадық. Нәтижелері өте жақсы. Өйткені бұл томотерапия деген технология 2011 жылы АҚШ-та пайда болған. Басты ерекшелігі – науқасты фотон сәулелері арқылы емдейді. Бұл технология ісік қай органда болса да емдей алады. Бір сеанста ұзындығы 135, ені 40 см болатын аумақта жатқан ісіктердің бәрін жояды. Осы технологияның арқасында дүние жүзі бойынша мыңдаған науқастар жаман аурудан емделіп шығып жатыр. Біз осы технологияны Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығымызға» әкелдік. Бүгінгі сапарымыздың негізгі міндеті - Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын осы технологиямен таныстыру болып отыр. Біздің Денсаулық сақтау минисртлігіміз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емнің осы түрін ел тұрғындарына тегін жасаудың мүмкіндігін жасап отыр. Сондықтан жалпы қазақстандық азаматтарға біздің орталықтағы томотерапия емі тегін болады. Айта кететін тағы бір жеңілдік - облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың жол қаражатын өтейді. Статистика бойынша БҚО-да онкологиялық дертке шалдыққан 7 мыңнан аса науқас бар екен. Біз осы орайда БҚО-дағы онкология орталығымен және денсаулық сақтау басқармасымен шарт жасастық.

Бүгінгі кездесуге облыс әкімі Алтай Көлгіновтің шақыртуымен келіп отырмыз. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының азаматтарына томотерапия емін алуға қолайлы мүмкіндік туғызылады, - деді Абай Байгенжин.

Нұртас Сафуллин,

zhaikpress.kz

IMG-20190430-WA0068

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале