27.01.2017, 18:35
Оқылды: 132

«Орал – балалар үйі жоқ қала»

Saken Bala kykigi     Дәл осындай атаулы жоба қолға алынуда. Бұл жайлы облыстық прокуратурада бала құқығын қорғау тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.


  Жиынды ашқан облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Наймановтың айтуынша, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокурорлық қадағалаудың басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта түрлі шаралар қолға алынуда. Қазіргі таңда «Орал – балалар үйі жоқ қала» деген жоба қолға алынуда. Жалпы балалар құқығының аяқасты болмауы үшін мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар тарапынан да біраз жұмыс атқарылғанын да айта кеткен жөн.

  Өз кезегінде сөз алған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Надежда Лебедева биылғы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыста 954 тұл жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тіркелгенін айтты. «Соңғы үш жылда тұл жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерден 66 тәрбиеленуші өздерінің биологиялық әке-шешелеріне қайтарылды,-деді Надежда Николаевна.-Бұл жылдық бюджет қаржысын 113487 мың теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді. Бірақ осы жерде айта кетер тағы бір жайт бар, 14 бала екінші мәрте әлеуметтік жетім ретінде тіркелді».

  Орал қалалық ІІБ ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Арсен Абрыевтың сөзіне қарағанда, жыл өткен сайын ішкі істер органдарына қолайсыз отбасы ретінде тіркеуге алынғандар саны артып келеді. Өткен жыл ішінде Орал қаласы бойынша ондай жанұялардың қатары 119-ға жеткен. Мұндай шаңырақтарда 194 бала тәрбие алуда. Есепті кезең ішінде өз міндетін дұрыс орындамаған 51 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

  Жиын барысында сондай-ақ, қолайсыз отбасыларда туындайтын мәселелер, оларды шешу жолдары, өмірде қиын жағдайға тап болған жанұяларға психолог кеңесі сынды әлеуметтік көмектерді көрсету мәселелері талқыланды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале