1.12.2018, 15:23
Оқылды: 45

Орал қаласында екі спорттық кешен ашылды

ҚР Тұңғыш Президенті күні Орал қаласында «Naryn» спорт кешені ашылды. Кешеннің ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов және Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева қатысты.

Темирболат Токмамбетов4(1)

– Елбасы Жолдауларында тұрғындардың денсаулығын нығайту басты назарда екенін айтты. «Naryn» спорт кешені жеке инвестиция есебінен салынды. Өңірімізде спорттық нысандар көптеп салынуда. Бөрлі ауылында 400 миллион теңгеге жуық қаражатқа 320 орындық спорт кешені тұрғызылды. Орал қаласында келесі жылы спортпен айналысатын мектеп-интернат пайдалануға беріледі. Аудандарда спорт кешендерін салуды бастаймыз. Қазіргі уақытта Жаңақала мен Жәнібек аудандарында тұрғызылатын спорттық нынсандардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Елбасымыз бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау керектігін айтты. «Нұр Отан» партиясы өңірімізге 100 спорт алаңын тарту етеді. Бұл бағытта бірлесе жұмыстанып жатырмыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Спорттық ғимараттың кіре берісіне тартылған лентаны Жұбанышқали Жәрдемов пен «Рио Рио» ЖШС-ның басшысы Эльмира Таспихова қиды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Naryn» спорт кешені – «Рио Рио» ЖШС-ның меншігінде. Облыстық мәслихат депутаты, жеке инвестор Амангелді Таспиховтың айтуынша, жобаны Орал қаласының әкімдігі ұсынған. Ғимарат Егізбаев көшесінде бұзылған екі ескі үйдің орнына тұрғызылды. Кешен құрылысы қыркүйек-қазан айларында жүргізілді. Инвестор оған 150 млн теңге көлемінде қаржы жұмсады. Кешен ауданы – 453,7 шаршы метр. Ғимарат ішінде волейбол, баскетбол, бадминтон және би залы бар.
«Naryn» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш президенті күніне орай үстел теннисінен сайыс өтіп жатыр. Оған қалада тұратын мүгедектер, ардагерлер және мемлекеттік қызметшілер қатысуда. Айта кетейік, тұңғыш президенті күні Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде тағы бір спорттық кешен ашылды.

Темирболат Токмамбетов6

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале