23.10.2018, 12:51
Оқылды: 96

Орал қаласында Хамза Есенжановтың мүсіні ашылды

«Ақ Жайық» трилогиясының авторы, жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай кеше Орал қаласындағы «Жеңіс» саябағында қаламгердің мүсіні салтанатты түрде ашылды.

hamza

Шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев, Хамза Есенжановтың немере інісі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Айтқожа Биғалиев пен жазушының келіні, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Дина Есенжан, ақын Ақұштап Бақтыгереева және қала тұрғындары қатысты.

Бюстің ашылу рәсімінде Мұрат Мұқаев жазушының өмірі қысқа болса да артына өшпес із қалдырып кеткенін, еліне адал қызмет атқарған бабаларымыз ел есінде мәңгі қалатынын айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта аталмыш саябаққа Хам

за Есенжановтың есімі берілетінін жеткізді.

Мұнан соң Айтқожа Биғалиев пен Дина Есенжан ұлы тұлға жайында естеліктерімен бөлісті.

– Хамза Есенжановтың кеуде мүсінінің ашылуына арнайы шақырылып, сіздердей дегдар қауымның алдында сөз сөйлеу біз үшін үлкен мәртебе. Хамза атамыздың жазып кеткен әрбір туындысы қазақтың өшпес қазынасы деп білеміз. Атамыздың жақсы бір қасиеті – таңғы сағат алтыда тұратын. Содан жұмыс үстеліне жайғасады. Сол отырғаннан жұмысы бітпейінше тұрмайтын. Атамыз не жазса да, алдымен арабша жазатын еді. Сосын сол жазғандарын  қазақшаға аударатын. Ол кісінің мәдениеттілігі соншалық, адаммен сөйлескенде мұқият тыңдап барып, жауап беретін. Барынша ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. «Елі бақытты болса, жазушы одан екі есе бақытты» демекші, атамызға арнап бюст қойып жатқандарыңызға мың алғыс,  – десті олар.

Шара соңында жұртшылық Ақ Жайығының жағасына оралғандай әсер қалдырған жазушы мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале