18.03.2020, 18:27
Оқылды: 369

Орал қаласының әкімі базардағы бағамен танысты

Дүниежүзі тұрғындарын табанынан тік тұрғызған коронавирус дерті біздің елге де жетіп, халықтың көкейіне үрей ұялатқаны белгілі. Ресми мәлімдемелерден бөлек, әлеуметтік желілерде оңды-солды таралған жел сөздердің әсерінен болар, тұрғындар өз бетінше дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Базар, дүкен, супермаркеттерден жаппай азық-түлік сатып алуда. Соның салдарынан соңғы бір аптада азық-түлік бағасы күрт қымбаттаған еді. Алайда Мемлекет басшысының 16 наурыз күні жүк тасымалына тиым салынбайтындығы туралы Үндеуі жариялаған соң, баға байырғы қалыпқа түсті. Соған орай Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков базардағы бүгінгі бағаның жайымен танысқан болатын.

bazar (1)

Орал қаласында 80 сауда үйі, 22 базар,  26 филиалы бар 11 әмбебап-дүкен мен 653 азық-түлік дүкеніболса, жергілікті тұрғындардың дені «Мирлан» орталық базарынан сауда жасайтыны жасырын емес.

-Біз көкөністер мен жемістерді көтерме бағамен сататын кәсіпкерлерден алып, тұрғындарға сатамыз.  Қыс бойы картоптың келісі 90-100 теңгеден сатылса, аяқ астынан 150-160 теңгеге көтеріліп кетті. Қымбаттаған кезде өзіміз де көтерме бағамен 120-130 теңгегесатып алып, үстіне азын-аулақ қана ақша қосқан едік. Жалпы «Мирлан» базарында азық-түлік бағасы дүкендерге қарағанда едәуір арзан. Базарда картоптың келісін қымбаттаған кезде 150 теңгеден сатсақ, үйімнің маңындағы азық-түлік дүкенінде 180 теңгеден, мында алманы 450 теңгеден саудаласақ, дүкенде 480 теңгеден сатылды. Көкөністер мен жеміс-жидектерді қымбат бағамен мол қылып сатып алып едік. Сол күні картоптың  тең жартысы өтпей қалды. Ал екінші күні тауарлардың көтерме бағасыкүрт арзандап кетті. Кортоптың келісін 130 теңгеден алып, бір күннен соң 120 теңгеден  сатып тұрған жәйіміз бар. Басқа шара жоқ. Сатылмаса,  көкөністер мен жемістер тез шіріп кетеді, - дейді жеке кәсіпкер Регина Ихласова.

bazar (4)

Облыстық  кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы  Ернар Бекетовтің айтуынша,  облыста азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар тауардың қоры жеткілікті. Облыс аумағындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында басқарма мамандары күн сайын мониторинг жүргізіп отыр.

- Таңғы сағат 06:00-де орталық базарға келіп, азық-түліктердің көтерме бағаларын қадағалап жүрміз. Картоптың келісі көтерме баға бойынша 90-100 теңгеден, қанттың келісі 200 теңгеден сатылуда. Қант облысымызда өндірілмейді, импортталады. Облысымызға тауар тасыған жүк көліктерінің шекарада кешігуі тауар бағасын қымбаттауына әкеліп соққан еді. Қазір кедендік бекеттерде тауар тасымалына жағдай жасалды. Сәуір айының басында облысымызға қосымша 723 тонна қанттың қоры келеді. Өткен айларда 200 тонна қант алдырып жүрген едік.Азық-түлікке қатысты дүрбелеңді тұрғындардың өзі туғызып отыр. Сұраныс көп болса, тауар бағасы да қымбаттайтыны белгілі ғой. Сондықтан азық-түлікті қапшық-қапшық алуға негіз жоқ. Өйткені әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлығы дерлік өңірімізде өндіріледі,- деді ол.

bazar (2)

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің мәлімдеуінше, сауданы жүзеге асыратын барлық мекемелерге арнайы ескерту хат жіберілген. Соған сәйкес, егер бағаның негізсіз өсуі анықталатын болса, нақты шаралар қабылданатын болады. Бағаны межеден арттырғандарға 100 АЕК көлемінде  айыппұл салынады. Қазір облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің балансы жасақталды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға тапшылық жоқ. Десе де тұрғындар екі күн ішінде базарлар мен сауда үйлерінен бір айлық қорды сатып алған.

bazar (3)

                                                                      Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале