23.09.2019, 20:54
Оқылды: 407

Орал қаласының маңынан индустриалды аймақ салынады

ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына 100 күн толуына орай өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық газеттердің бас редакторларының сұрақтарына жауап берді.

KPO bv

– Ғали Нәжімеденұлы, өнеркәсіп саласын, өндіріс ошақтарын дамытуға қатысты ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Өңір экономикасын дамыту әрдайым облыс әкімдігінің басты міндеті болды әрі солай болып қала бермек. Мұнай-газ саласы өңірлік өнеркәсіптік өндіріс құрылымының 90%-ға жуығын және жергілікті салықтардың 50%-ын құрайды. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі мұнай-газ компанияларының үлесі де жоғары, ол шамамен 70%-ға жетіп отыр. Мұндай көрсеткішке өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлемдік компанияларды біздің өңірге тартуға қажетті жағдай жасаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жетіп отырмыз. Енді біздің қазіргі міндетіміз – мұнай-газ сервисі мен өндірістік құрал-жабдықтарды құрастыру өндірісін (локализация) барынша меңгеру. Соңғы жылдары біздің компанияларымыздың «ҚПО б.в.»-дан сатып алатын үлесін 47-ден 60%-ға дейін, оның ішінде тауарларды 12%-ға дейін арттырып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Қазан айының екінші жартысында мұнай-газ компаниялары мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жергілікті қамтуды дамыту бойынша аймақтық кеңес өтеді. Онда біз алдағы 2 жылға арналған локализация жоспарын егжей-тегжейлі талқылаймыз.

Қараша айында Орал қаласынан 20 шақырым жердегі аумағы 281 гектарды құрайтын индустриалды аймақтың инфрақұрылым құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаймыз. Ал келесі жылы оның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде шетелдік компаниялардың кейбірі кәсіпорындарды басқаруға және салуға ықылас танытып отыр.

Бүгінгі таңда майлы қышқыл газдың газ химиясы экономикалық жағынан өте үлкен тиімділікке ие. Қазіргі уақытта оны өнім қабатына айдау жүргізілуде.

Техникалық мамандардың болуы жаңа кәсіпорындар құруда маңызды фактор болып табылады. Бұл мәселеде Оралдың өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені біздің облыстың орталығында КСРО кезінде бай тарихы мен білікті мамандары бар қорғаныс бағытындағы ірі зауыттар жұмыс істеді. Бірақ бүгіндері әлгі өндіріс ошақтарында қазіргі заманғы дамудың технологиялық талаптарына жауап беретін жас мамандар көп емес. Соған орай әкімдік IV санаттағы (183 адам) және III санаттағы (шамамен 120 адам) шетелдік мамандарды тартуға квота беруді едәуір қысқарту туралы шешім қабылдады. Мәселен, шетелдік компаниялардың бірінде Үндістаннан келген 68 электр дәнекерлеушісі жұмыс істейді. Иә, олар агрессивті орта және жоғары қысым бар қиын жерлерде жұмыс жасайды. Мүмкін, бүгінде бізде технологиялық регламенттер (Welding Procedure Specification) бойынша ондай мамандар жоқ шығар, бірақ оларды дайындауға болатынына сенемін. Бұл табысы жоғары жұмыс жергілікті 68 отбасының ырыс-ырыздығын құрар еді.

Біз «ҚПО б.в.» компаниясына оқу бағдарламасын әзірлеуді және қазіргі заманғы бірлескен оқу орталығын құруды ұсындық. Егер осы жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда оның түлектері бүкіл әлем бойынша жұмыс істей алар еді және болашақта олар Батыс Қазақстан облысында жаңа өндіріс ошақтарын жасақтауға қатысатын орта және жоғары инженерлік менеджментті қалыптастырарына сенім мол. Консорциум – біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз және жергілікті білікті кадрлар отрядын қалыптастыру да аталмыш ұйымның міндет-мақсатына кіреді.

Кейбір колледждерімізде кадрлар дайындау сапасына қатысты мәселелер бар. Колледждерді нақты және тиімді өндіріспен айналысатын жекеменшік кәсіпорындарға сатып алу құқығынсыз конкурс арқылы сенімгерлік басқаруға берілуі керек деп санаймын. Сөйтіп, өз кәсіпорнына немесе басқа компанияларға жұмысқа орналасуға кәсіби білім-білігі жететін мамандарды даярласын. Меніңше, мұндай мәселелерде мемлекеттікке қарағанда жеке менеджер әрдайым тиімдірек болады.

Сұхбаттасқан Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале