9.07.2018, 11:32
Оқылды: 24

Орал қаласының тұрғыны 430 шақырымды велосипедпен жүріп өтті

Ол бұл сапарын Астананың 20 жылдығына арнадым дейді. Орал қаласының тұрғыны Амантай Есенғалиев облыс орталығынан 430 шақырым жердегі туған ауылы Күйгенкөлге велосипедпен барды. 55 жастағы азамат осынша жолды үш күнде жүріп өтті.

Сапарын бастаған күні түнде Қабыршақты (Первомай) ауылына қарасты шаруа қожалығына қонған. Келесі күні Жалпақталға жетіп, ауыл маңында салынып жатқан дәмханаға аялдап, жұмысшылардың қасында болады. Ал, үшінші күні Қазталов ауылындағы тумасына түнейді. Жәнібек ауданындағы Күйгенкөлге 8 шілде күні түс қайта, сағат 16:00 шамасында жеткен. Велосаяхатшыны туған ауылына кірер тұста мектеп шәкірттері мен бүгінде зейнет жасындағы сынып жетекшісі және ауыл әкімі алдынан ақ ұсынып, зор құрметпен қарсы алыпты.

«Амантай мектепте оқып жүрген кезінен елгезек, айналасына үнемі қамқор болып жүретін шәкіртіміз еді. Міне, есейіп, егде тартқан шағында туған ауылына жасаған тартуы назар аударуға тұрарлық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастардың бойында туған жерге құрмет сезімін қалыптастыру туралы айтылған ғой. Амантайдың бұл қадамы да кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болады деп сенеміз» дейді Амантайдың сынып жетекшісі, педагогика саласының ардагері Жеміс Бисенова.

Төрт жүз отыз шақырым қашықтықты велосипедпен еңсерген Амантай БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде аула сыпырушы болып қызмет жасайды. Бір ұлы мен екі қызы бүгінде өсіп-өніп, түрлі салада еңбек етіп жүр. «Біздің Жәнібек ауданы облыс орталығынан ең шалғай жерде. Асфальт болмағандықтан, көзімізді ашқалы бері жол азабын тартып келе жатқанымыз рас. Дегенмен, жуырда өңірімізге келген Президентіміз Жәнібекке дейін жол салу туралы тапсырма беріп қуантып кетті. Туған жер деген кім-кімге де ыстық қой. Сол кіндік кескен мекенге велосипедпен баруды көптен армандап жүр едім. Міне, елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ол мақсатым орындалды. Өте қуаныштымын, туған ауылға қарай жүргенде тіпті шаршамайды да екенсің, құстай ұшып, тез жетіп келгендеймін,»- дейді Амантай.

Талғат СЕРІКҚАЛИҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале