28.09.2018, 17:30
Оқылды: 25

Орал шекара жасағы шекара тәртібін бұзған 381 азаматты ұстады

Орал шекара жасағы қызметкерлері биыл шекара тәртібін бұзған 381 адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

shekara

         ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты 2029-әскери бөлім командирі, подполковник Бауыржан Рысбековтің айтуынша, олардың бәрі де - Орталық Азия республикаларының азаматтары.

         Солардың ішінде 111-і ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 510-бабына, 31-і 514-бабына және 249-ы 517-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

         Сонымен қатар заңсыз шекара асырудың төрт бірдей тұрақты тобының (арнасының) жолы кесіліп, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды.

         ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес шекарадан заңсыз өту орта дәрежелі қылмыс болып есептеледі, сондықтан оған барғандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Соған қарамастан, заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар әр өткен адам үшін қызметтерін 500-ден 1500-ге дейін шартты бірлікке бағалап, өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып келеді. Негізінен олар шағын топтармен (3-5 адам) шекарадан асырады. Бұл жерде айта кететін жайт, мұндай жолдарды діни экстремизм, халықаралық террористік ұйымдарының өкілдері пайдаланып кетуі мүмкін.

         Ресей Федерациясы, Еуроодақ елдеріне табыс табу мақсатында ағылатындар немесе одан қайтатындар, әсіресе, көктем, күз мезгілдерінде көбейеді. Ресейдің көші-қон заңдылығы қатаңдала түскендіктен, шекараны заңсыз кесу жолдарын іздейтіндер аз емес.    Оған қоса шекарадан өте алмағандар кейде сол маңдағы шаруа қожалықтарына, басқа да орындарға жұмысқа орналасады. Жұмыс беруші арзан жұмыс күші ретінде қабылдағанымен, кейін олардың заңсыз шекара асуына септесуі мүмкін.

         Айта кетейік, Орал шекара жасағының құрамына Зеленов, Тасқала, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарындағы шекаралық аумақ кіреді. Ал облыстың оңтүстігіндегі Ресеймен шектесетін Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын 2036-әскери бөлім шекарашылары қадағалайды.

Елжан ЕРАЛЫ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале